Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Гүлді есептеп, ақиқатты анықтады

08.06.2023, 11:20 205

Мемлекеттік сатып алудың жай-жапсарын кез келген адам біле бермейді. Бірақ білуі керек-ақ. Өйткені ай сайын берген салығыңыз біреудің қағанағын қарық, сағанағын сарық қылып жатқан жоқ па? Жалпы, қазақ қонақжай деген сайын тек беруді ғана біледі. Бергенін де ізденіп әуре болмайды. Бұқара жақсылығының жалынына күйіп жүре береді. Солайша байыған байып, жұтаған жұтай бермек. Дегенмен, үкімет берген қаржысын сұрағандай, халық та ізденуге көшіпті. Талдықорғандық Сандуғаш Дүйсенова өз қаласында шынымен де   350  мың  шырайгүл  мен барқытшөп отырғызылғанын тексеруге шешім қабылдаған. Ол бекер есептемеген екен. Уәдені алған мердігер тарапынан  350  мың  гүл емес, бар-жоғы 51 180  шырайгүл  мен барқытшөптің  егілгенін  анықтаған. Әлқисса…

Қоғам белсендісі Талдықорғандағы гүлзарларға ондаған миллион теңге бөлінгенін естіген. Осы сомаға 350 мың гүл егілуі керек болған. Көшеде серуендеген Сандуғаш  350 мың гүлдің жайқалып тұрғанын көрмеген. Сол себепті ақша ауаға кетті ме деп ойлаған. Ең алдымен, мемлекеттік сатып алу сайтынан құжаттарды іздейді. Мердігер құжат бойынша бір шаршы метрге 40 шырайгүл отырғызу керек болған. Осы ақпараттың желеуімен қаладағы бірнеше гүлзарды аралап шығады. Алайда 40 тамырдың орнына 18-25 тамырдың барын анықтайды. Нәтижесінде тікелей мердігердің өзіне хабарласады. «Гүл қайда?» деген сұраққа «барып, есепте!» деген жауап алады. Мердігер қаншама гүлді санау физикалық-моральдық тұрғыда мүмкін емес деп ойлаған сыңайлы. Дей тұрғанымен, Сандуғаш Дүйсенова «гүлді зерттеу» операциясын тоқтатпай, уәде етілген гүлдердің санын есептеген. Алғашында өзі бастаса, артынша  қоғам  белсенділері  мен  қарапайым тұрғындар  да  көмектесуге  кіріскен.

– Біз бірнеше күн қатарынан гүлдерді санадық. Азаннан кешке дейін үздіксіз тоқтатпадық. Күннің ыстығына қарамастан әрбір гүлді қалт жібермедік. Тіпті санаудың системасын мектептегі эстафета сияқты құрдық. Есептеп болғаннан кейін неге Талдықорғанның жаздың басында гүлденбегені белгілі болды. Біздің есептеуіміз бойынша небәрі 51 180  гүл  егілген. Бұл – 7 есе аз, – деді ол.

Есептеуге ақыл айтып, жол ашқан мердігер гүлдердің толық емес  екендігі  анықталғаннан кейін  «тілі  жоқ»  жәндіктерді  кінәлады. Оның  айтуынша, тойымсыз  жәндіктер  жүз мыңдаған  гүлдің  тамырын  жеген, жегісі  келмегенін  күн  күйдіріпті.  Сандуғаштың  зерттеу  құжаттарын көрген  әкімдіктің  бірге  есептеуден  басқа  амалы қалмаған. Сөйтіп 298  мың  көшет  тапшылығын  анықтаған. Мердігер  мекеме  жазықты ма, жазықсыз ба, оны  енді  сот  шешеді.

«Салыққа төлеген халықтың ақшасы қаланы көркейтуге кете ме, әлде тек белгілі бір топты асырап отыр ма?» деген сауалдың түйінін Сандуғаш Дүйсенова көрсетті. Мұнымен тоқтап қалмай, кейіпкер плафонды, туды, санауға болатынның бәрін санамақ. Қызылордада да жаңалық аз емес. Қаланы жасыл шаһарға айналдыруды билік көздеп отыр. Бірақ тал тамырынан қиылып қалған жоқ па? Аптап ыстықтың да әсері бар ма? Санау керек екен…

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: