HALYQLINE.KZ –| Мен Әли Кәусар қазыналы Қазалының Басықара деп аталатын бабалар мекен еткен құтты елде тұрамын. Осы жеңіс хатымды Ұлы Жеңістің жетпіс бесін көріп, жасы жүзге жеткен ардагер, өзімнің ғасыр атам – Мырзатаев Пірназарға жолдамақшымын. Талайларды қан қақсатып, Сталинградта жауынгер болған ержүрек атамының ерліктерін еліме паш етпекшімін. Атам 1920 жылы Қазалы ауданы, Аранды жерінде туған. Сұрапыл соғыстың нағыз қызған шағы 1942 жылы 21 жасында Қызыл армия қатарына алынды. 1942-1943 жылдары атқыштар сапында, 1943-1945 жылдары пулеметші болған. Жағадан алған жаудың бетін қайтармақ болып, қанша күш-жігерін жұмсады. Ер мінезді жауынгер атам Сталинградтан кейін де кескілескен ұрыстарға түсіп, Харьков, Минск, Кишинев пен Польшаның Варшава, Венгрияның Будапешт, Австрияның Вена қалаларын неміс басқыншыларынан азат етуге бастан-аяқ қатысты. Атамның күш-жігер, бітім-болмысы нағыз алып адамдай. Ол өте спортты сүйетін, денесі шымыр болған. Әлі де сол күшінің қарымы қайтпаған, ес мен жады сексен мен жетпістегі аталардың қуатымен бірдей. Шүкір деймін. «Соғыстың аты – соғыс» дейді атам. Біз 1945 жылы 9 мамырда да отқа оранып, зеңбірек астында шайқасып, жан алысып жатқанбыз дейді.
Ауылымызда дәл осындай тұлға бар,
Замандастар, салыңдаршы бір назар.
Жүзінде де тұғырынан түспеген,
Тұйғындайын ардагер қарт – Пірназар.
Намыс қайда бұғамыз деп қашанғы,
Бұғалыққа бас имеген асауды.
Көк ұшаққа қарсы ұмтылған таяқпен,
Асыл текті Арандының Асаны.
Кеуде толы жарқыраған ордені
Сол тарихтың куәгері төрдегі.
Ғасыр жасқа жетіп тұрған қартың бұл,
Ұлы Жеңістің жетпіс бес жылын көргені, – деп жырлаған Жеңіс Аққожаұлы ағамыздың шабытты өлеңін жазуды жөн көрдім.
Атам мына оқиғасын есімнен кетпестей, көзімнен жас ағызған ең сәтті, ең шуақты күн деп былайша баяндайды.
– 1945 жылы мамырда Сталинский 29 удардан неміске қарсы бір жарым сағат оқ атылады, сол бірінші эшелон кетіп, екінші эшелоннан бір топ адамдар мінгесіп, бізге қарай жылжып келеді екен, сонда біз осынша уақыт удардан оқ атқанда мына немістер қайдан шыққан деп уайымдадық. Шегінбеске амал болмай артқа шегіндік. Сөйтсек, жаңа мінгескендер біздің оқтан қырғынға ұшыраған немістер екен. Сөйтіп немістер жеңіліс тауып, артқа шегінді. Командир сол күні түнгі сағат он бірде барлық жауангерлерге ұрандап, «Жеңдік, немістер құлады! » деп хабар жеткізді. Сондағы жүрек, көңілдегі азар мұңнан бір сәтте алыстағандай қуаныштан аққан ыстық жасқа ерік беріп, бір-бірімізді қапсыра құшағымызға алдық. Отаныма, отбасыма, сағыныш пен оралар сәттің жақындағанына қатты қуандық. Бұл тоғызыншы мамыр болатын, – деп аяқтайды майдангер атам.
Шаң басқан архивтер мен тарих қойнауына үңілер болсам, елім деп еміреніп, жер үшін жанын берген қаһарман батыр бабаларымыздың төгілген маңдай тері мен қасіретті күндерін теңдесіз ерлік дер едім.
Кәусар ӘЛИ,
Қазалы ауданы,
Басықара ауылы,
№182 орта мектептің 7-сынып оқушысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!