Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЕРЛЕР ЖЫЛАМАЙДЫ һәм АЗ ӨМІР СҮРЕДІ

10.11.2022, 10:20 62

Өткен жылдың халық  санағы  бо­йынша елімізде 18 879 552 адам бар. Оның 814 588-і Қызылорда облысында тұрақтаған. Басым бөлігінің ұлты – қазақ. Дегенмен, Қазақстанда әйел заты көп екені белгілі. Жалпы, әлем бойынша да әйел көп және нәзік жандылар ұзақ өмір сүреді. Ал, ер-азаматтардың өмір сүру ұзақтығы әлдеқайда төмен. Алысқа бармай-ақ, Сыр бо­йын мысалға алсақ. Өткен жылғы статистиканың мәліметінше, ерлердің өмір ұзақтығының орташа жасы 67,20, ал әйел­дер 74,57-ні көрсетті. Қандай статистиканы көрсетіп, сандарды сөйлеткенмен еркектердің отбасында, тұрмыс-тіршілікте алдыңғы шепте тұрғанын айтуға болады. Онда да құр сөзбен ғана айта аламыз. Енді ерлердің өлу себептері жайында сөзімізді сабақтасақ. Қызылорда об­лысында ерлердің басым бөлігі жүйке аурулары мен  қатерлі  ісіктерден  көз  жұмады  екен.

Ерлер жыламайды һәм аз өмір сүреді. Ер-азамат­тардың өмір сүру ұзақтығының төмен болуы­на гендерлік стереотиптер негіз болуы мүмкін дейді ғалымдар. Өйткені бала кезден «сен еркексің» деген сөзді санаға сіңірту арқылы ер адам өзін ешқашан өзгелердің алдында әлсіз қылып көрсеткісі келмейді. Сол себепті ауырса дәрігерге, депрессияда жүрсе, психологке жүгінбейді. Соның әсерінен арты қайғылы оқиғаға тап болады. Мәселен, Саят Шынтемір есімді қызылордалық тұрғын әйелінің  арқасында  аман  қалғанын  жеткізді.

– Біз  қате принципті ұстанамыз. Дәрігерге көріну ұят тірлік  секілді көрінеді. Мен де солай ойлайтын едім. Жалпы, ерлер денсаулыққа немқұрайды қарайды. Бұлардың қатарында өзім де бармын. Бір күні қатты ауырдым. Бірақ сонда да жұмыс пен үйді көпір қылып жүрдім. Тек жан жарым дәрігерге жүр демегенде бармас едім. Бірақ, бәрінің әйелі менікіндей қолынан жетектеп апармайды ғой. Сондықтан  ерлер өзіне қарап, денсаулықты күтінуді қоғамдық  норма  деп  қарауы  керек, – деді  ол.

Әлем бойынша ауыр жылдар қатарына 2020 жыл кіреді. Пандемия уақытында ер-азаматтар әйелдерге қарағанда короновирус инфекциясын жиі жұқтырып қайтыс болған. Неліктен ерлер мұнда да көп екені түсініксіз, әлі зерттелу үстінде. Десе де, ғалымдардың айтуынша, мінез-құлық пен қалыптасқан дағдының әсері болуы мүмкін. Себебі бетперде тақпай, екпені салдырмаудың ықпалы екен. Тіпті Эксетер  университетінің  профессоры Лорна Харристің мына сөзі көпті  қорқытуы  әбден  мүмкін.

– Жүктілік  мерзімі  созылуына  байланысты  жарық дүние есігін ашпай  жатып ер балалардың  20-30%-ы көз жұмады. Ер балалардың  туылу барысында майып болып қалу ықтималдығы да  жоғары, – депті  өз  зерттеулерінде.

Міне, нәзік жандылар өздерінің қиындығы жайында айтуға қорықпайды және өзі үшін күресуге дайын. Ал, ерлер мұны ұят санайды. Оларға ұяттың суын ішіп жүру әлдеқайда ыңғайлы. Дей тұрғанымен, денсаулық өзіне және жақындарына қажет. Әкесіз жетім қалып, көзі боталаған ұрпағы «көкелеп» шешесінің етегіне оралған қандай қасірет десеңші. Сағаттың шықылы түбі тоқтайды, алайда «сақтансаң, сақтармын» деген бекер айтылмаса керек-ті. Әлеуметтанушылар 2032 жылға қарай ерлер мен әйелдер жасында айырмашылық  болмайтынын  айтады.  Бұл  жайында  газеттің  «Тұмар»  бетінде  тереңірек  тоқталатын  боламыз.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: