Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тірлігі тындырымды Төретам

24.08.2022, 10:00 426

HALYQLINE.KZ

Кезінде қиын-қыстау шақты тудырған нарықтық экономикаға көшу салдарын сезініп, бүгінде ынтымағы һәм тұрмысы жарасқан елді мекендердің қатарында Төретам кенті де бар. Ауданнан 74 шақырымды артқа тастап, осы жерге аяңдаған сәтіміз. Кіреберістен менмұндалайтын нысандар, түрлі сауда орындары кент ажарын айшықтап тұр. Иә, дамуы мен ынтымағын қатар ұстаған мекен қалың елдің бір пұшпағынан ойып тұрып орын алады.

ӨРІСІ  ӨРКЕНГЕ  БАСТАҒАН

115 жылдық тарихы бар мекен алғаш теміржол салынған соң Төретам стансасы болып құрылған. 1929 жылдары тұрғын үй құрылысы салына бастайды. Бертін келе ел тәуелсіздік алғалы Төретам да өзге өңір секілді өсіп-өркендеді. Тұрғындар саны артып, кент заман ағымына сай сәулеттене бастады. Түрлі бағытта шағын және орта кәсіпкерлік нысандар ашылып, қаланың тыныс-тіршілігіне сүбелі үлесін қосты. Бүгінде кент әкімі – Ғалымжан Елеусінов. Тындырымды тірлігі бар мекенде атқарылып жатқан жұмыстар легі аз емес. Мәселен, былтыр облыстық бюджет есебінен «Төретам мен Ақай елді мекендеріне тартылатын газ құбыры мен орамішілік газ тарату желілерін салу» жобалары әзірленіп, жобалар сараптамадан өткізілген. Қазіргі уақытта газдандыру жұмыстарын бастау үшін республикалық бюджеттен Төретам кентіне 300,0 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу қорытындысы шығып, мердігер мекемемен келісімшартқа отыру рәсімдері жүргізілуде. №85 орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 318,8 млн теңге қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны жаңа оқу жылы басталуына дейін аяқтау жоспарлануда.

Кентте көкжиегін кеңейтіп отырған кәсіпкерлер де жетерлік. Бүгінде 742 кәсіпкерлік орын тұрғындарға қызмет көрсетуде. Биыл Төретам кентінде «Светофор» сауда орталығы, «Гелиос» жанармай құю бекеті, сонымен қатар бірқатар сауда нысаны іске қосылды. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кент бойынша 11 жобаекінші деңгейдегі банк арқылы қолдау тауыпты.

Мұнда ауыл шаруашылық саласы бойынша атқарылған жұмыстар бар. Аудандағы елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында аяқ су ұңғымаларын орнату жобаларын жүзеге асыру үшін 24 су ұңғымасын қазу қажеттілігі туындап отыр. Оның ішінде 3 су ұңғымасын Төретам кентінен қазу жоспарланған. Қазіргі таңда әзірленетін жобаға су ұңғымасын орналастыратын жерлер заңдастырылуда. Ал мал шаруашылығы бойынша, 1474 бас мүйізді ірі қара, 1010 бас жылқы, 3424 бас уақ мал, 233 түйе тіркелген. Жайылымдық жерлердің аздығына байланысты мал шаруашылығы кенжелеп қалуда. Осыған орай, бұл мәселе елді мекен тұрғындары тарапынан кездесулер мен жиындарда жиі көтеріліп келеді. Аталған мәселені шешудің бір жолы ретінде Сырдария өзенінен өтетін қалқымалы көпір салу мәселесі қарастырылуда. Көршілес өңірлерде жаңадан көпір құрылысы жүргізілген жағдайда, сол өңірдегі қалқымалы көпірді Ақай ауылдық округінің тұсына әкеліп орнатуға тиісті жұмыстар жүргізіледі екен.

ӘЛЕУМЕТТІҢ  ӘЛЕУЕТІ  АРТПАҚ

Өткен жылдар еліміз үшін ғана емес, әлем үшін оңайға соқпады. Қалыпты өмірден айнып, қашықтан байланыс орнатуға мәжбүр болған отандастарымыз әлі күнге сол залалды ұмытпайды. Қалай дегенмен, тұрмысымыздың әр саласына өз ауыртпашылығын әкелген індеттің зардабын әлі тартып келеді. Мұндайда, шыны керек, көп нәрсе сынға түсті. Сынның бірі – бірлігімізді тұралатпаққа ұмтылды. Сан ұлтты бауырына басқан ұлан-ғайыр ұлы елдің әр тұрғыны бірлік пен ынтымақты ұмытқан жоқ. Оның бір сипаты Төретам кентінде де көрініс тапты. Тіршілігін түзеген жердің тұрғындары сол кезеңді бірге еңсеріп, қайырымдылықтан да құр қалған жоқ.

Төретамда көптің көңілінде жүрген күрделі мәселелер бар. Оны шешу үшін біршама іс кезең-кезеңімен атқарылады. Мәселен, биыл Төретам-Ақай айналма жолына күрделі жөндеу жұмыстарына (Бармин көшесі) жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін аудандық бюджеттен 8,9 млн теңге қаралып, сметалық құны анықталғаннан кейін қаржыландыруға ұсынылмақ. Кенттегі 5 көшені жарықтандыруға 4 деңгейлі бюджеттен 8,9 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Төретам кенті тұрғындарының сұрауы бойынша кентте орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді апатты деп танып, осы үйлердің тұрғындарын кезекке тіркеу жұмыстары қолға алыныпты. Мұндағы санитарлық тазалық мәселесі – тұрғындар тарапынан үнемі көтеріліп келген өзекті мәселелердің бірі. Осы мәселені шешу үшін биыл Төретам кенті әкімі аппаратының теңгеріміндегі трактор техникасын жөндеу жұмыстарына 2,0 млн теңге, кент көшелеріне орнататын қоқыс тастайтын контейнерлер сатып алуға 1,3 млн теңге, көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы септиктерді тазалауға және жөндеу жұмыстарына 1,2 млн теңге және кентішілік автомобиль жолдарына арнайы жолақ сызықтарын сызуға 1,4 млн теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу порталына ашық конкурс жарияланған. Сонымен бірге 9,0 млн теңге қаржы көлемінде көшелерді жарықтандыру жұмысына қаржы бөлініп, бүгінде мемлекеттік сатып алу порталына ашық конкурсы жарияланыпты.

Кенттегі үлкен проблемалардың бірі – Ғ.Мұратбаев көшесіндегі №84 бес қабатты тұрғын үй мәселесі. Аталған тұрғын үй 1984 жылы салынған. 1990 жылы кәріз және жылу жүйелері ажыратылған. Тұрғын үйдің 70 пәтерінің 12 пәтер иесі ғана тұратыны анықталыпты. «ҚР тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі №94 Заңына сәйкес тұрғын үйдің жалпы тұрғындарының үштен екісінің келісімі болған жағдайда тұрғын үй жөндеуге жатады. Алайда тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 4 пәтердің егесі табылмағандықтан, аталған пәтерлерді иесіз деп тану бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

БОЙ  ТҮЗЕГЕН  ЖАҢА  БЕКЕТ

Кентте кәсіпкерлік қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары толығып жатыр. Жақында мұнда «Гелиос» жанар-жағармай құю бекеті ашылған болатын. Халықаралық автобаннан бой көтерген нысанның құрылысы 2020 жылы басталған. Жүйткіген көліктер өтетін аумақта орналасқан бекет бір уақытта 10 автокөлікке қызмет көрсете алады. Жоба құны 434 млн теңгені құрайды. Иә,мұндай сервистік нысандардың ашылуы – экономикамызға тың серпін берудің бір тетігі.

Халықаралық дәліздің жол бойында күніге 5 мыңға жуық автокөлік өтеді. Сол үшін жол бойын табыс көзіне айналдырудың барлық мүмкіндігі бар екенін мамандар да жасырмайды. Бүгінде жаңадан халық игілігіне беріліп, есігін ашқан «Гелиос» бекеттер желісі Қазақстан нарығында 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстанның 61 елді мекенінен 270 жанар-жағармай құю бекетін ашқан. Оған қоса, 26 мұнай базасы бар.

Халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру жан-жақты іске асырылуда. Жаңа жанар-жағармай құю бекетінің ашылуы – көпке ортақ қуаныш. Бекет жаңадан бой көтерді. Соның нәтижесінде жолаушыларға ыңғайлы қызмет көрсетудің барлық түрін ұсынып отыр.

Жалпы аудан бойынша барлығы 11 май құю бекеті жұртшылыққа қызметін ұсынуда. Бүгінде сол нысандарда барлығы 113 адам екі қолға бір күрек тауып, нәпақасын көріп отыр. Жаңа жанар-жағармай бекетінде де жергілікті халықтан 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

«ДЖИП»  МІНГЕН  ЖОҚПЫЗ…»

Кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің алға қойылған маңызды міндеттерінің бірі. Кәсіпкерлік қаншалықты дамыса, экономика да соншалықты өркендеп өсе бермек. Осы ретте, алдына мақсат қойып, өзінің кәсібін ашып, көкжиегін одан әрі кеңейтіп отырған кәсіпкерлер хақында сөз етуді, өзгелерге үлгі ретінде насихаттауды жөн санадық. Бүгінгі заманның талабы да осы. «Кәсібіне қарай – нәсібі» демекші, бүгінде өз мүмкіндіктеріне қарай ісін дөңгелетіп отырғандар саны күннен-күнге артып келеді.

«Әйел – қырық шырақты» дейді халқымыз. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді. Әсіресе кәсіпкерлік жұмыстарында бағы мен іскерлігін ұштауда қыз-келіншектер тартынып жатқан жоқ. Оған дәлел бүгінгі біздің кейіпкеріміз.

Жүйткіген көлік кент орталығындағы нысандардың біріне тоқтады. Көпқабатты ғимараттың келбеті алыстан-ақ көз тартады. Ішке ене бергеніміз сол еді, «Нұрсұлу» сауда үйінің иесі Күлшарат Мадиярова бізді жадырай қарсы алды. Әңгімеден тартынған жанның көзі талай бейнет пен еңбекпен біте қайнасқанын көрсетіп-ақ тұр еді. Амандық-саулық сұрасқан соң сауда үйінің ішіне ендік. Көз тартар заттар, киімдер, бұйымдар қызылды-жасылды болып алыстан менмұндалайды. Одан әрі әңгімеміз жарасып кеткен жанға көп сұрақ та қоймадық. Сауда үйін бір шолып, мұндағы құж-құж қайнаған қызу тірлікке куә болдық. Сауда үйінде жалға алған 16 дүңгіршек сауданың көркін қыздырып тұр.

Қазір кәсіпті меңгеруде мүмкіндік көп. Бірі түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қанатқақты жобасымен кәсіп ашуға ниеттенсе, енді бірі – талай жыл кәсіптің жілігін шағып, осы жолда тұрақтап келе жатқандар. Кейіпкеріміз кәсібін 1998 жылы тамақ сатудан бастаған. Өмірдің түрлі сынағынан сүрінбей өтіп, саудада әбден піседі. Бертін келе азық-түлік сататын маркет ашып, тұрғындарға қалтқысыз қызмет етеді. Алдымен өз қаражатына, содан соң кәсіпкерлерді қолдауға арналған 6 пайыздық несие алып, кәсібін одан әрі дамытады. Ал осындай жолда әрқашан қорғаны болып, бірге еңбектің ащы дәмін татып, тәтті жемісін бірге көрген – жұбайы Ақылбек Байманов. Ағамыз әңгіме арасында «Джип» мінген жоқпыз…» деп әзілдеп қалатыны бар екен. Осыдан-ақ, «тиыннан теңге құралатынын» бағамдай беріңіз.

– Мұның барлығы алдымен Алланың, одан соң халықтың арқасы, адал еңбегіміз, маңдай теріміздің жеңісі. Кішкентайдан басталған отбасылық кәсібіміз өркендеп келеді. Несібе – еңбек еткенде. Бар күшімізді жиып, кәсібімізді одан әрі дамытқымыз келді. Арманымыз орындалып, қазір сауда үйіміз халыққа қызмет көрсетуде. Кәсібіміздің өркендеуіне бірге қанат қаққан жұбайымның рөлі тым бөлек. Кейін денсаулығы сыр беріп, кәсіпке беттемей қойды. Ендігі отбасылық кәсібіміздің кілтін ұлымыз Оңғарсын Мадияровқа табыстамақпыз, – дейді жеке кәсіпкер.

Күлшарат апайдың әңгімесінен түйгеніміз, жолдасы екеуі өмір бойы отбасының игілігі үшін жұмыс істеп келген. Екі қыз бен бір ұлды бірге тәрбиелеп өсірді. Балалардың барлығы лайықты білім алған. Қыздары медицина жолын таңдаса, ұлы кәсіпкерлікті қолға алыпты.

– Бизнесті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет, сонымен қатар үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылмаса барлығы бекер болады. Кәсіп жолын жастайымыздан көріп келе жатқандықтан, маған отбасылық кәсіпті одан әрі дамытуға ішкі мақсатым сеп болды. «Адамды көркейтетін – еңбек» дегенді алға тартамын. Сондықтан аянбай еңбек етіп келеміз, – деп сөзін аяқтады сауда үйінің иесі.

Иә, көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Әлем де еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады емес пе?

ТОҒЫЗ  ЖАСТАҒЫ  САУДАГЕР

Төретам кенті көшелерінің бірінде орналасқан «Нұр» дүкеніне кірген бетіміз сол еді, алдымыздан кішкентай дүкенші қызды жолықтырдық. «Ә» деместен бұрын ол:

– Фирмадан ба? – деді бізге.

– Жоқ, біз газеттен келдік. Анаң қайда? – дегеніміз сол еді, әлгі қыз:

– А-а-а, иә. Ол қазір шығады, күте тұрыңыздар, – деді жадырай.

Арғы жақта жүрген анасына «Сізді суретке түсіруге келді» деп ескертіп қойды арасында. Кенет екі жігіт сөмкесін асынып ішке енді. Кішкентай қыз амандаса сала:

– Фирмадан ба? – деді әлгілерге.

– Иә, мамаңды шақыр, – деп еді, қыз:

– Оның қолы бос емес, заттарды кіргізіңіз, – деді де жігіттің қолындағы қағазды алып, фирмадан келген заттарды түгендей бастады. Барлығын ұқыптылықпен санап шықты да, бағасын айтты. Калькуляторды сартылдата ақшаны есептеп, қалдығын кері қайтарды. Кішкентай болса да жылдам қызмет көрсетіп, мамасының жоқтығын білдірмей тұрған балақайға фирманың қызметкерлері тәнті болып, күліп қояды. «Рақмет, сау болыңыздар!» деп шығарып салған кішкентай қызға біз де сүйсініп қарап қалыппыз. Іштей «тфәй, тфәй» дейміз ауық-ауық.

– Кішкентай саудагерім қалай екен? – деген жарқын дауыс естілді.

Бұл 33 жастағы Алтынай Ордаманова еді. Ақтарыла әңгіменің тінін тарқатқан жанның жанарында көп жастарға бергісіз ұшқын бар. Сөйлегенінен-ақ талай істің басын қайыратын пысық келіншекті аңғардық. Айтса, айтқандай-ақ. Кейіпкеріміз 1999 жылы Түркістаннан кәсіп үшін отбасымен бірге осында көшіп келеді. Кішкентайынан «саудагер боламын» дегенді жиі айтқан екен. Ойыны да сол – «дүкенші» болған. Кәсіпкерлік оның бойына анасынан дарыған қасиет болса керек. Кәсіппен бірнеше жыл айналысқан отбасында анасы бала күнінен маңдай термен нәпақа табуды қызына үйретеді. Солай жастайынан кәсіптің жолында жүрген бойжеткен жоқтан бар жасап, берілмейді. Былтыр күзде оның арманы орындалып, қазіргі дүкені қызмет көрсете бастады. Алдымен өз қаражатын осы кәсіпке салса, қосымша мұрындық болған кәсіпкерлерді қолдауға арналған 6 пайыздық несиені айта кеткен жөн болар. Осылайша бүгінде жастайынан кәсіп ашуды армандаған жанның ісі берекелі. Талапты жас еңбек етіп, нәпақа тауып отыр.

– «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін» дейді. Бұл мақал әсіресе қазіргі заманда жалқауларға қамшы боп тисе игі. «Еңбек – ырыстың бұлағы» деген тәмсіл де бар. Жас болсаң, үнемі еңбек ет, кәсіп қыл, бизнестің көзін аш. Мүмкіндікті өзгеден емес, өзіңнен іздей білуің керек. Жалпы, кәсіп деген сөз бала күнімнен қаныма сіңіп, бойыма дарыған. Сауда-саттықпен жастайымнан айналысып келемін. Жақында міне, көптен күткен қуанышымыз «Нұр» дүкені халық игілігіне жарап тұр. Жұбайым Бақытжан әрдайым қолдау білдіруден танған емес. Ауыр жүкті бірге арқалап келеміз. 4 қыз, 1 ұлдың ата-анасымыз. Барлығы осы балаларымыз үшін жасалып жатқан дүние ғой. Сіздерді күтіп алған кішкентай саудагерім – 9 жаста. Есімі Арайлым. Кішкентайынан саудаға бейімдеп жатырмын. Балаларым – көмекшілеріміз. Еңбектің наны тәтті екенін, маңдай термен адал нәпақа табуды бала күнінен бойларына құйып келеміз, – деді кәсіпкер, көпбалалы ана.

Осы сәтте арғы жақтан кейіпкеріміздің балалары бірінен соң бірі шыға келді. Шаштары екі жаққа тас болып өрілген қыздар алма-кезек сәлемдесіп жатыр. Жұбайы да дүкеннің әр мүйішінен тетік тауып, балғасымен тарсылдатып жүр. Нағыз еңбекпен есейген отбасы дерсіз.

– Бұйырса ауланың ана-а-ау тұрған жері бар ғой? Сол жерге екі қабатты СТО мен цех салуда бастап жатырмыз. Қыздарымыз узист, фармацевт, стоматолог, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып, әрқайсысының өз саласына арналған кәсібі болады. Ал кенже ұл осы аумақтағы барлық кәсіптің иесі – президенті болады, – деді Алтынай әзіл-шыны аралас әңгімесін түйіндей.

Иә, «Жасыңда еңбек етсең, қартайғаныңда соның зейнетін көресің». Осы қағиданы ұстанған талай жас кәсібінен береке тауып отыр. Қазіргі кәсіпкерлердің дені – жастар. Жұмыссыздық өзекті мәселе десек, мемлекет кәсіпкерді өзектен теуіп отырған жоқ. Ал кәсіп ашуды қиынға балайтыны да аз емес. Себебі неден ашарын, неден бастарын білмей дал болған талай жасты көзіміз көріп жүр. Ашайын десе – қаражаты, қаражаты болса – жобасы жоқ. Дегенмен біз жазған кейіпкер саудамен көсегесін көгертіп, кәсібін иіріп әкетіп отыр емес пе? Бастысы – ниет пен талап. «Кәсіп болмай, нәсіп болмас». Ежелден солай. Бүгінгі таңда да бұл қағидалы сөз өз маңызын жойған жоқ. Қайта жаңа заманның көшінен қалмауды көздеген, жақсы өмір сүруге талпынған ел азаматтары кәсіп ашып, нәсібін ұлғайтып отырған жайы бар. Екі қолға бір күрек тапқандардың қатары артқанын Төретамдағы сапарда аңғардық. Еңбек еткен адамның ырысы мол болады. Табысын маңдай терімен тапқан қарапайым кәсіпкерлердің ісі берекелі, нәсібесі ризыққа толы болсын демекпіз.

ТҮЙІН. Жақында осынау мекендегі ахуалға бойлап, әлеуметтік-экономикалық жағдайын байыптап, рухани-мәдени тыныс-тіршілігімен танысып қайтуға мүмкіндік туған-ды. Төретам кентінің келбеті ажарлана түскен. Онысын кәсіпкерлікке құлаш сермеген сәнді нысандардан байқадық. Тұрғындардың әлеуметтік әлеуеті де артып келеді. Біз болған бір күнде аудан мен ауылдың айтарлықтай алшақтығын аңғармадық. Көптің көңілі шат. Тілшілер тобын көре сала базыналы назын жеткізетіндерді кездестірмедік. Есесіне, ісімізге сәттілік тілеп, ауылдағы ағайынның ау-жайын назардан шығармай, қазақтың қарашаңырағы аталатын жерлерге жиі барып тұруымыз туралы айтқандар көп болды. Қайтар жолда «Төретам тұрмысы тұрақты, тіршілігі түзу мекен екен» деген сөз ойымызға орала берді.

Айнұр  ӘЛИ,

журналист,

Қармақшы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: