Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырқат «сынағы» ұлттық санаққа кедергі келтірмей ме?

01.05.2020, 9:30 899

HALYQLINE.KZ –| Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Тұп-тура бір айдан кейін, яғни маусым айының 1 мен 30-ы аралығында ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәлімдеуінше, халық санағы дайындық кезеңі жүргізілуі тиіс. Бұл кезде интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралайды. Ал, негізгі кезең – қазан айының 1 мен 30-ы аралығы. Қазан айының 1 мен 15 аралығында, яғни тікелей халық санағының алғашқы 15 күнінде интернет-сауалнама жүргізіледі.

Жалпы, халық санағын жүргізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері XX ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. Көптеген елдерде тұрақты 5 немесе 10 жыл сайын жүргізіледі. Бұл өз кезегінде әлемдік экономиканың жаһандану дәуірінде үлкен мәнге ие. Соңғы дереккөздерге сенсек, Қазақстан халқының саны бойынша 246 елдің ішінде 63-орынға тұрақтаған. Ал көрші Ресей – 9, Түркия – 19, Ауғанстан – 38, Өзбекстан 43-орында тұр.

2020 жылдың 1 наурызындағы мәлімет бүгінде елімізде 18 млн 671 мыңнан астам адамның барын көрсетіп тұр. Халық санағын жүргізудің ресми уақытына келер болсақ, 2019 жылдың қарашасында өту керек еді. Алайда бір жылға кері шегерілді. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің баспасөз қызметі «Қазақстан Республикасында халық санағының 2020 жылғы раундын өткізуге дайындық 2017 жылы басталды. Халықаралық әдіснамаға сәйкес халықтың ең аз қозғалатын жыл кезеңдері (күзгі-қысқы маусым) санақтарды жүргізудің ең оңтайлы мерзімдері болып табылады. Аталған кезең халықты қамту және жиналатын деректер сапасы тұрғысынан алғанда санақты анағұрлым сәтті өткізуге барынша мүмкіндік береді. Осыған байланысты 2020 жылы санақты өткізуге барынша қолайлы мерзім ақпан-наурыз болып табылады. Халықаралық ұсынымдарды ескере отырып (БҰҰ, ЕЭК), Қазақстан Республикасында халық санағы кемінде он жылда бір рет өткізіледі. Санақтардың арасындағы 10 жылдық кезеңді сақтау үшін 2019 жылғы қазан мен 2020 жылғы қазан аралығындағы мерзім санақ өткізу үшін қолайлы» деп хабарлады.

Алайда, күтпеген экономикалық дағдарыс пен пандемия салдары санақ жүргізуге кедергі келтірмей ме деген күмәнді ой қылаң береді. Жыл басында ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов биылғы өтетін санақ туралы:

 – 2009 жылғы Қазақстан халық санағының бюджеті 6,5 миллиард теңге болған. 2009 жылғы санақ жүргізу кезінде бір адамға жұмсалатын шығындар 2,9 доллар болды, ал 2020 жылы 1,2 доллар болады. Осы жылы-шамамен 4 миллиард теңге, шығынның негізгі сомасы интервьюерлерге еңбекақы төлеуге 3,7 миллиард теңге жұмсалады. Шамамен 900 миллион теңге ақпараттық санақ жүйесіне жұмсалады. 1 миллиард теңгеге жуық планшеттерге жұмсалып, сөмкелер мен шарфтар сатып алынды. Аудандарда алыс ауылдарға бару үшін көлік жалдаймыз. Биыл шамамен 4 миллиард теңге. Ал санақ процесі 2018 жылдан 2022 жылға дейін жалғасады. Бізде екі жыл дайындық болды, содан кейін санақтың өзі, содан кейін екі жыл бойы біз мәліметтерді беруге тиіспіз. Бұл жинақтар, түрлі материалдар, процесс екі жылға созылады, – деген еді бас санақшы Н.Айдапкелов.

Статистика комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық халық санағын дайындау және өткізу үшін 2018-2022 жылдар аралығында ведомство үшін 8 миллиард 211 миллион теңге сомасында шығыстар көзделген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: