Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Креативті индустрия – келешек игілігі

30.11.2023, 13:00 285

Бүгінде АҚШ пен Еуропа елдерінде креативті индустрия қарқынды дамып, экономиканың өзге секторларын ынталандырып келеді. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ел экономикасын жетілдіруге ерекше мән берді. Бұл ретте креативті индустрияны мейлінше дамытуды тапсырды. Бүгінгі таңда елімізде осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып отыр?

ХХІ ғасырдың басында америкалық «BusinessWeek» іскерлік журналы алғаш рет «Creator economy» сөзін қолданды. Содан бері бұл терминді тұрақты пайдаланып, бизнестің жаңа саласы ретінде дами бастады. 2021 жылды БҰҰ «Халықаралық креативті экономика және тұрақты даму жылы» деп жариялап, адамның шығармашылық потенциалын қажет ететін салаға ерекше мән берді.

Бүгінде АҚШ пен Еуропа елдерінде креативті индустрия қарқынды дамып, экономиканың өзге секторларын ынталандырып келеді. Жапонияда еңбекке жарамды халықтың 12 пайызы жаңа бизнес-модель бағытында еңбек етсе, Ұлыбританияда – 5,5 пайыз, АҚШ пен Қытайда – 4,2 пайыз, Италияда –  3,8 пайыз, Германияда 3,1 пайыз құрайды.

Ұлыбритания креативті индустрияны ілгерілету үшін арнайы стратегия қабылдап, әлемде осы сала бойынша көшбасшы болуға ниетті. Лондонда 386 мыңнан астам креативті кәсіпкер қызмет етіп, қала бюджетінің 16 пайызын қамтамасыз етеді. Креативті индустрияны дамытуда мегаполистер маңызды рөлге ие. Мәселен, креативті орталық ретінде Нью-Йорк қаласы бағаланады. Екінші, үшінші орынды Лондон мен Париж өзара бөліседі. Әлемдегі жетекші технологиялық хаб Сан-Франциско төртінші, Сингапур бесінші орында тұр. Үздік ондыққа Сидней, Лос-Анжелес, Берлин, Токио және Барселона кіреді. Креативті орталықтардың негізгі ерекшелігі – талант иелерін көптеп тартып, саланың кластерленуіне мән береді. Бір ғана киноиндустрия немесе анимация саласын алсақ, өте ауқымды жұмысты талап етеді. Яғни фильмге сценарий жазу және түсірілім алаңын табу, артистерді таңдау және дайындау, түсіру және өңдеу, кинопрокаттарды жарнамалау және сату – мұның бәрі кластерлік жүйе жан-жақты жетілуіне жағдай істейді. ComScore агенттігінің дерегінше, 2022 жылы Голливудтың кассалық кірісі 7,4 миллиард доллардан асса, Disney студиясының таза табысы 3,19 миллиард долларды құрады. Мода, музыка, дизайн саласындағы табыс та аз емес.

Жалпы, креативті бизнесті бірнеше салаға бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – жарнама және маркетинг. Екінші бағыты – сәулет пен қолөнер. Үшінші бағыты – IT, дизайн, графикалық дизайн және сән. Төртіншісіне кино, теледидар, бейне, радиохабар және фотосурет, бесіншісіне ақпараттық технологиялар, бағдарламалық қамтамасыз ету және компьютерлік ойындар, алтыншысына баспалар, музейлер, галереялар және кітапханалар қызметі жатады. Соңғысына музыка, орындаушылық және бейнелеу өнерін қосуға болады. Бұл салада 15-29 жас аралығындағы креативті азаматтар  көптеп қызмет ететіндіктен  перспективалы  саналады.

Ғаламдық инновация индексі­нің (GII) рейтингісінде Аус­тра­лия, АҚШ, Жаңа Зеландия, Канада көш бастайды. Үздік ондыққа Дания, Финляндия, Швеция, Ислан­дия, Сингапур, Нидерланды енді. Бұл елдер­де инновациялық экономикада­ғы адами капиталдың үлесі жоғары. 2020 жылы GII бо­йынша Қазақ­стан 77-орында болса, 2021 жылы – 79-шы, 2022 жылы 83-орыннан көрінді. Әрине, бұл көрсеткіш саланың кенжелеп қалғанын көрсетпейді, дұрысы, әлем елдерінің арасында бәсеке күшейгенінен хабар береді. Болмаса, соңғы жылдары Қазақ­станда креативті бизнес саласының  табысы  3  есеге  дейін  артты.

ДАМЫТУДЫҢ  ЖОЛЫ  ҚАНДАЙ?

1998 жылы Ұлыбритания шығармашылық саланың экономикаға әсерін талдап, креативті индустрия­ның 13 секторын анықтады. Осы классификация халықаралық экономикаға оң әсер етіп, әлем елдері креа­тивтілікке басымдық бере бастады. 2000 жылы Қытай «Шығармашылық индустрия» концепциясын қабылдап, Шанхай, Пекин, Шеньчжен, Гуанчжоу, Чунцин, Циндао, Тяньцзинь қаласында бизнестің жаңа моделін ілгерілетуге кірісті. 2013 жылы Оңтүстік Корея «Креативті экономика қаласы» онлайн-жобасын іске қосып, креативті экономика мен инновация орталықтарының тығыз ынтымақтасуына жағдай қалыптас­тырып, медиа және ойын-сауық нарығы бойынша жаһанда жетекші елге айналды. 2021 жылы Ресей «2030 жылға дейінгі креативті индус­трияны дамыту және ірі қалаларда агломерациясын қалыптастыру схемасы» туралы құжат қабылдады. Сол жылы біздің Үкімет «2025 жылға де­йінгі Креативті индустрияны дамыту» концепциясын бекітті. Ұлттық экономика министрлігі негізгі оператор болса, қала және облыс деңгейінде кәсіпкерлік басқармалары жауапты.

Біз Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына  хабарластық.

– Креативті кластер, бизнес-инку­батор мен акселератор «Астана Хаб» алаңында құрылып, жұмыс істеуде. Одан бөлек, «Forte Bank Art Space» галереясында көрме ұйым­дастырумен қатар, тренинг пен конференциялар, питчинг пен ворк­шоп­тар  өткізуге  мүмкіндік  бар. 2022 жылы Астана қаласы бойынша креативті индустрия саласындағы 7002 шағын және орта бизнес субъектісінде 11399 адам жұмыс істеді. Бұл саладан салыққа 28 миллиард теңге түсті, – деді басқарма басшысының орынбасары  Қуаныш  Сапаров.

Президент Қасым-Жомарт То­қаев айтқандай, креативті бизнесті ғылым мен мәдениет саласымен бірге ілгерілетіп, талантты да талапты жастарды жан-жақты қолдау тетігін шешу маңызды. Бұл бағытта Ұлттық білім хабы, «Таланттар фабрикасы» сынды орталықтар құрып, өңірлер­дегі дарын иелерін ынталандыру керек. Бірақ креативті индустриялардағы кәсіпкерлік субъектісінің қызметін жетілдіретін заң нормалары қарастырылмады. Соның салдарынан лицензия шартын жасауда, зияткерлік меншік құқығын қорғауда және қаржыландыру көздерін қарастыруда проблема туындайды. Осы себепті банктер креативті индустрия­ны инвестициялауға ынталы емес.

Америка экономисі, әлеуметтанушы, креативті класс теориясының авторы Ричард Флориданың сөзінше, интеллектуалды, креативті тұлғалар – экономиканың басты көрсеткіші. Иә, креативтілік адамның шығармашылық әлеуетіне тікелей  тәуелді.

Креативтілікті дамытуға байланысты Парламент Мәжілісінің депу­таты Данабек Исабековтің тұжырымды ойы бар.

– Біріншіден, халыққа креатив­ті бизнестің мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіру керек. Екіншіден, бұл салаға жататын бизнес түрлерін қайта қарап, ауқымын кеңейту тиіс. Мәселен, Таиланд креативті салаға ұлттық тағамдар мен медицинаны қосады. Үшіншіден, креативке тікелей жауапты ведомоства құру маңызды. Мысалы үшін, Оңтүстік Кореяда креативті контент агенттігі (KOCCA) саланы жетілдіруде жүйелі жоспар құрып, жұмыс ұйымдастырады. Осындай тәжірибені ескеріп, біздің елде де арнайы агенттік құрып, Алма­ты қаласының Креативті индус­трия басқармасының тәжірибесін зерделеп, өзге облыстарда құруды тездетейік. Төртіншіден, елде креативті индустрияны қолдау қорын ашу мүмкіндігін қарастырайық. Болмаса «Қазақстан халқына» қоры арқылы қаржыландыру жағын жүйелейік. Бесіншіден, креативті индустрияны жетілдіруде заңды тұрғыда қолдайтын нормативті актілерді жетілдіру орынды болады, – деді халық қалаулысы.

Креативті экономиканың сарапшысы Данат Жуминнің сөзінше, саланы дамытуда инфрақұрылым маңызды рөл атқарады және орталық құрудан бөлек оны дұрыс басқаратын концепция керек. Сарапшының сөзі орынды. Өйткені дұрыс бағыт-бағдар болмағандықтан, жауапты мамандар дөңгелек үстел, форум мен тренингтен ары аса алмай жатады.

Президент Қасым-Жомарт То­қаев Алматы, Астана және Шымкент қаласынан бөлек, өзге облыс орталықтары мен қалаларда креатив­ті бизнестің дамуына мән беруді тап­сырды. Бұл тапсырманы орындау үшін креативті индустрияның клас­терленуіне басымдық беріп, талант иелеріне жан-жақты жағдай қалыптастыру маңызды. Онсыз креативті бизнес саласына қан жүгіруі қиын.

БІР  САЛАДАҒЫ  САН  ҰСЫНЫС

Танымал продюсер Есен Елеукен креативті индустрияда табысты болу жеке адамның қарым-қабілетімен байланысты  екенін  атады.

– Креативті индустрияның ауқымы кең. Бізге белгілісі – мәдени-руха­ни бағыттағысы. Сатира, әзіл саласында өздерін ТМД кеңістігінде мойындатып жүрген әзілкештер бар. Жақсы жобаларымен ерекшеленетін сықақшылар да аз емес. Дегенмен, олар өз өнімін табысқа айналдыруда маркетинг, басқаруда менеджменттік қабілеті жетісе бермейді. Негізінен, креативті индустрияның «тауа­ры» – ақыл-ой. Сондықтан елде креативті индустрияны жетілдіретін идеялар кеңесін құру керек сынды, – дейді Есен Елеукен.

Өнер адамдарының қызметіне сұраныс жоғары. Жақында сүндет тойда болдық.  Асабаның  қыз­меті  1 миллион теңге екен. Естіп таңғалдық. Сөзсіз, қазақтың креативті бизнесі – той бизнесінің айналасында дамуда. Қазір неше түрлі той ұйымдастыру орталықтары бар. Асабаның гонорарына қарай түр-түрін таңдайсыз. Оған әнші, биші қызметін қосыңыз. Талғамыңызға қарай артистер де қызмет етуге дайын. Қазақ бар тапған-таянғанын тойға шашуда. Соған сай бизнестің осы саласы қарқынды дамуда. Бәлкім, Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков айтқандай, креативті бизнес саласының ауқымын кеңейтіп, той бизнесін де осы салаға қосу керек пе? Сонда көлеңкедегі қанша қаржы күнгейге шығар ма еді?!

Тойға шашқан қыруар қаржыны оқу-білімге, ғылымға, инновацияға қашан бағыттап, бет бұрамыз? Бұл да қызық сұрақ… Өйткені бұл істе халықтың  өзі ынталанбай серпін болуы қиын. Нарық заңдылығына сай сұраныс пен ұсыныс арақатынасы негізінде кез келген сала өркендейді.

Білім беру орталығын ашып, өз ісін дамытуға мән берген кәсіпкер Қуаныш  Есқабылов:

– Кез келген бизнес сұраныс негізінде дамиды. Астанадағы мектептер үш ауысым бойынша білім береді. Оқушы саны жылдан-жылға артып келеді. Осы себепті «Заңғар» интеллектуалды оқу орталығын аштық. Онда бастауыш сынып оқушыларына қосымша білім бере­міз. Одан бөлек, логопед-дефек­толог мамандар өз қызметін ұсынады. Қазір ғимаратты жалға алу, қосымша құралдармен қамтамасыз ету, мұғалімдердің жалақысын уақытылы беру, коммуналдық қызмет түрлерін төлеу және тағы басқа толып жатқан міндеттер бар. Әрине, бастаған бизнестің жауапкершілігін сезініп, қолдан келгенінше дамытып келеміз. Осындайда Үкімет қосымша қолдау шараларын қабылдаса дейміз ғой! Негізі жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жобасынан үміттенген едік. Алайда Артспорт бойынша қаржы ала алмай отырмыз. Президент креативті бизнеске ерекше мән беруді тапсырды. Бәлкім, шығармашылық экономиканы қолдайтын арнайы бағдарлама қабылданатын  шығар, – дейді.

Шыны керек, біздің қоғамда бизнес тойдың айналасында ғана қалыптасты. Оған мейрамханалар мен тойханалар көптеп бой көтеріп, той өткізетін орталықтар ашылуы дәлел. Шағын қалаларға да осы құбы­лыс тән. Енді мұның ауқымын кеңейтіп, уақыт талап етіп отырған IT және виртуалды шындық орталығын ашып, коворкинг, видеостудия, робот құрастыру сервизі мен маркетинг агенттіктері өз жұмысын жандандыруға жағдай жасау керек. Ол үшін шығармашылық қаланы қалыптастырудың принципі мен тәсілін анықтап, қадамдық нұсқаулар заң­мен айқындалғаны дұрыс. Сонда біздің Үкімет жоспарлағандай, 2025 жылға қарай креативті индустрияның ЖІӨ-де үлесі 5 пайызға жетеді.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: