Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КІРІСТІЛІК СЫЗЫҒЫНЫҢ ИНВЕРСИЯСЫ: АҚШ-тағы банктер банкроттығы және біз

21.03.2023, 11:40 156

22 наурыз – біз үшін мейрам, Ұлыстың ұлы күні. Бірақ әлемдік қаржы нарығы бұл күні тойлаудың орнына АҚШ Федералды резерв жүйесінің ставка бойынша шешіміне құлақ түретін болады.

Неге  ФРС  ставкасы  соншалықты  маңызды болып  қалды?

ФРС инфляциямен күрес жолында базалық ставканы үздіксіз көтеріп келеді. Яғни кредиттеу қымбаттады, бірақ облигациялардың кірістілігі көтерілді. Қазір ФРС  ставкасы – 4,75%. ФРС басшысы Джером Пауэлл ставканың өсуі жалғасады деген сигнал берген болатын. Әңгіме тек 25 (0,25%) немесе 50 (0,5%) базистік пунктің қайсысына  өседі  дегенге  тіреліп тұр.

Облигациялар,  Трежерис  Пен  Пруднорма

АҚШ-тағы екі банк (Silicon Valley Bank пен Signature Bank)  неге  құлап қалды деген сұраққа  жауап  беру  үшін  алдымен біраз нәрсені  түсіндіре кету  керек.

Облигация – құнды қағаз болып табыла­ды  және  инвестициялық құралдың бірі. Бір сөзбен айтқанда, кірістілігі алдын ала бекітілген қарыз қағазы. Мысалы, Қазақ­стан Қаржы министрлігі 17% пайыз кірістілікпен 100 миллион теңгеге мерзімі 1 жылдық облигация шығарса, оны сатып алған инвестор тура бір  жылдан  кейін 117 миллион  теңге  алатын  болады. Яғни,  17%  табыс  табады.

АҚШ Қаржы министрлігі шығаратын обли­гациялар «трежерис» деп аталады. АҚШ-тың кредит­тік рейтингі ААА болғандықтан (мысалы, Қазақстанда ВВВ) оның мемлекеттік облигациясы әлемде ең қауіпсіз деп саналады. Трежериске ие инвест­ордың ақшасы қайтарына АҚШ мемлекеті 100% кепілдік береді. Сондықтан консервативті инвестициялық қорлар, банктер, мемлекеттердің суверенді ұлттық қорлары осы трежеристерді ұстап отырады. Оның кірістілігі ФРС ставкасының маңайында болады. Мысалы, қазір бір жылдық трежерис­тердің  кірістілігі  – 4,49%.

Банктер  неге құлады?  Пруденциалды  норма  деген  ұғым бар. Ол – банк капиталының жеткі­ліктігін  қадағалап отыратын мемлекеттік  ұйым­ның бекіткен ережесі. Пруднормада, банктер жина­ған ақшалай депозиттің, есепшоттың қанша пайы­зы резервте ақша күйінде жатуы керек, сол бекітіледі. Ол провизия деп аталады. АҚШ пруднормасы бойын­ша банк халық пен фирмалардан 100 доллар жинаса,  соның  кем  дегенде 10 доллары ақша күйін­де  банктің  өзінде  жатуы тиіс. Қалған 90 долларын  банк өз қалауынша облигацияларға сала алады. Аталған банктер консервативті ұстанымда болып, ең сенімді болуы үшін жиналған ақшаның 90 пайызын трежеристерде ұстап келді. Трежеристерді жай ұстап отыра бермейді, ол биржада алып-сату  құралы, немесе оны кепілге (залог) қойып, үстінен  ақша  алуға  болады.

ФРС ставкасы өскенде, АҚШ Қаржы министр­лігі шығаратын жаңа трежерис­тердің кірістілігі ескілеріне қарағанда жоғары болады. Инвесторлардың ескі трежерис­терге қызығушылығы күрт тө­мендейді, биржада оларды ешкім алмайды. Бәрі жаппай ескі облигацияларды сата бастайды. Сол кезде  облигациялар  құнсызда­нады.

Керісінше, ФРС ставкасы құлап кетсе, ескі  трежерис­тердің  нарықтағы  бағасы  аспан­дар  еді.

Алайда, ФРС ақпан айында ставканы өсірді де, аталған екі банк ұстап отыр­ған трежеристер күрт құнсызданып кетті. Оны естіген банк салым­шылары бірден өз депозит­терін шеше бастады. Ол депозиттерді иесіне қайтарып беру үшін банкке ақша керек. Ақша алу үшін қолдағы треже­ристерін сатуы тиіс. Ал олардың құны биржада төмен. Егер клиенттер ақшаларын шешпей күткенде, әрине, трежерис­тер бойынша мерзімі келгенде банк АҚШ Қаржы министрлігінен тиісті ақшасын алып,  бәріне еш қиындықсыз үлестіріп берер еді. Алайда клиент­тер өз  депозиттерін дереу  талап  етті. Сол себепті, сатып  алған облигациялары  құнсызданған банк  үлкен  шығынға ұшырап, банкрот  болды.

Бізге  қатысы  бар  ма?

Біздің Ұлттық Қор да трежеристер ұстап отыр. Бірақ шығынға ұшырамайды. Себе­бі Ұлттық Қор банк емес, онда ешкімнің депоз­иті жоқ. Дәл қазір одан ешкім ақша шешпейтіні де түсінікті. Уақыты келгенде  облигациялардан  өз  кірісін  алады.

Біздің банктер ше? Біздің банктер сырт­қы қазынашы­лық нарыққа көп араласа бермейді. Оларға 4-5% деген кірістілік мүлде қызық емес. Ішкі нарыққа (халыққа, бизнеске) кредит беруден анағұрлым  көп пайда  табады.

Сондықтан, нақты біздің қаржы жүйе­мізге ешқандай қауіп жоқ. Керісінше, ФРС ставкасы өсіп, Ұлттық Қор жаңа трежерис­тер  сатып  алса, кірісіміз  артады.

Ал экономикаға глобалды қаупі бар. Мұндай жағдай (2 жылдық облигациялар кірістілігі 10 жылдық облигациялар кірістілігінен басым түскен құбылыс) «кірістілік қисығының инверсиясы» деп аталады. Демек, жаһандық рецессия жақындап қалды деген сөз. Осы кезде әлемдік инвесторлар тәуеке­лі  жоғары даму­шы  елдерден  кете  бастайды.

Біз сөзбен айтқанда, біздің «осыншама мил­лиард доллар тікелей инвестиция тартамыз, қырамыз, жоя­мыз» деген жоспарларымыз  орындалмай  қалуы  мүмкін.

Айбар  ОЛЖАЕВ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: