Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Цифрландыру бағдарламасының қарқыны қалай?

11.08.2022, 11:45 186

ҚОСЫМШАНЫ  НЕГЕ ҚОЛДАНБАЙ  ЖҮРМІЗ?

Отандық ғаламтордың сапасы пандемия кезінде қашықтықтан оқу арқылы білініп қалды. Иә, интернеттің қажеттілігі дәл жарық, су, газ, жол секілді инфрақұрылымның маңызды бөлігі деуге саяды. Өйткені, қазір дамыған XXI ғасыр дейміз. Әлемнің кей елдері сияқты электрондық жүйе­ге қалыптасқан мемлекет болғымыз келетіні жасырын емес. Ал біздің ауыл-аймақ, елді мекендерімізді былай қойып, республика көлемінде цифрландыру бағытында кемшіліктер өте көп. Облысымыздың да жағдайы онша емес. Осы тұрғыда, Қызылорда өңірінің цифрлық бағыты мен Байқоңыр айлағына тексеру жұмыстарын жүргізіп, бірқатар мәселенің басын ашып, интернет құрылымын жақсарту үшін аймаққа ҚР Цифрлық даму, иннова­ция және аэроғарыш өнеркәсібінің  министрі Бағдат  Мусин  жұмыс  сапарымен   келді.

Ең алдымен, министр №3 қалалық емханасына барып, дәрігерлермен әңгімелесіп, ақпараттық жүйлерде қандай ақаулар тап болатыны жайлы сұрап білді. Медицина  мекемесін аралау  барысында министр маммография кабинетіндегі  маммография­лық аппараттың PACS жүйесіне қалай қосылатынын бақылады. Аталған жүйе пациенттің ауруының тарихын бірнеше дәрігердің бір жүйеден көруіне және уақытты барынша үнемдеуге көмек беретінін білді. Сондай-ақ, облыс­тық  денсаулық сақтау басқарма­сы медициналық ұйымдармен тығыз жұмыс істеп, цифрлан­дыру бағытында жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Емханадан кейін Цифрлық даму министрі Қызылорда қаласының халыққа қызмет көрсететін цифр­лық кеңсенің жұмысымен танысты. Аталған цифрлық кеңседе 2022 жылдың 6 айында азаматтарға 22 129 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Бұдан кейін Бағдат Батырбекұлы өңірімізге жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындармен «Достық» үйін­де кездесіп, атқарылған жұмыстар жайлы құлағдар  етті.

Кездесу барысында министрдің айтуынша, Қызылорда облысындағы емханалардың қолданып жүрген «Даму­Мед» қосымшасын тұрғын­дардың 8 пайызы ғана пайдалануда. Бұл  дегеніміз  аталған  қосымшасының   дәрігерлерге  тиімсіз, тұрғындарға ыңғайсыз екені белгілі. Сондықтан бұны республика көлемінде қайта қарап, ыңғайлы  форматқа ауыс­тырылу  жоспарлануда.

– Медициналық көмек көрсетуді есептеу процесін жаппай автоматтандыруды қойып, аурудың ертерек анықтау және асқынудың алдын алуға мән беру қажет. Денсаулық сақтау сала­сын цифрландыру тәсілдері қайта қаралады. Қазір дәрігер қабылдауына халықтың тек 8 пайызы ғана онлайн жазылады, дегенмен ыңғайлы сервис­терді енгізу арқылы бұл көрсеткішті көп ұзамай ұлғайтатын боламыз, – деді цифрлық  даму  министрі.

Мемлекет басшысының берген тапсырмасы аясында мемлекеттік қызметк­ерлердің басым бөлігін смарт­фондарға  бейімдеп, яғни «eGov mobile» қосымшасына  қолжетімділікті жеңілдетіп, азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттың барлығын осы қосымшаға енгізілді. Сондай-ақ, тек «eGov mobile» қосымшасында ғана емес «Каспий», «Халық банк» қосымшалары арқылы жеке құжат­тарыңызды иеленуге болады. Бұны Азаматтарға қызмет көрсету орталықт­арында  кезекте  тұмай-ақ, телефоныңыздағы «eGov mobile» қосым­шасы  арқылы алуға қол жетімді. Сонымен қатар, халыққа қажет, сұраныста өте көп жүретін анықтама­лардың санын қысқартып, тек электронды түрде пайдаланылатын болады. Одан бөлек, Цифрлық даму министрі Сыр өңірінің интернет желісі нашар екенін мойындап, 2024 жылға дейін 5G интернеті тартатылатынын хабардар етті. Ал қазіргі таңда еліміздің мегаполистерінде, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ғана 5G желісі орнатылғанын айтты. Жиын барысында министр, еліміз әлем бойынша цифрлық даму бағытында соңғы қатардан санағанда төртінші орында екенін жасырмай, республика көлемінде интернет желісінің  нашарлығын  мойындады.

– Қазіргі таңда, Біріккен ұлттар ұйымының рейтингіне сәйкес, біздің электронды үкіметіміз, цифрлық даму аясын­да 29-орында тұр. Ал мемлекеттік  қызметтерді  цифрландыру  үшін 194 ел арасында 11-ші сатыдамыз. Біз әрі   қарай жұмыс істейтін боламыз. Жыл сайын «eGov mobile» қосымшасын пайдаланатын тұрғындар саны артып,  халық жаймендеп үйреніп, қалып­таспып келеді. Жалпы, қоғамдағы азаматтарымыз бен ата-әжелеріміз электронды жүйені толық үйренем деген­ше  біздің  цифрлық дамуымыз арта береді  деп  ойлай­мын, – деді  Бағдат  Батыр­бекұлы.

250  ТҰРҒЫНЫ  БАР  АУЫЛДАРҒА  ИНТЕРНЕТ  СЫМЫ  ТАРТЫЛАДЫ

Жүздесу аясында тұрғындардың сауал­дарына жауап беріліп, онлайн қосы­лып, қатысып отқан  аудан  азамат­тарын  толғандырған  мәселе­лері көтерілді.   Айта кетейік,  облыстық  жедел жәрдем бөлімі қызметкерлерінің түйткілі 4 жыл бойы қолданылып келе жатқан 112 цифр­лық  байланыс құралы ыңғайсыз екені айтылып, жаңадан медициналық цифр­ландыру жүргізілуін сұрады. Сондай-ақ, қала тұрғындары арасынан «Қазтелеком» байланыс жүйесіне көңілі толмайтындығы айтылды. Бұдан бөлек, аудан, ауыл-аймақтарда мүлдем байланыс жоқ екені жеткізілді. Осы мәселелерді Бағдат Мусин тікелей құзырына алып, бір шара  қолданатынын  баяндады.

– Жолдарда  интернет  жүйесі  мүлде тартпайтыны белгілі. Бүгінде Батыс Еуропа мен Батыс Қытай тас жолдарына интернет сымдарын жүргізуге жоспар құрып, жақын арада жұмысы­мызды бастайтын боламыз. 2023 жылдың аяғына дейін ұзақ тас жолдарда интер­нет жүйесі жақсы іске қосылатын болады. Сонымен қатар, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлымен арнайы жиын  өткізіп, аймақтағы бас­ты цифр­лық  бағыттағы  мәселелерді қарас­тырамыз, – дейді   министр.

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «қазір жергілікті әкімдермен тіке­лей  байланыс  орнатып,  министр­лік тарапынан  өңірлеріңіздің цифрлық бағытын жетілдіру үшін бағыт-бағдар беріп отырамыз. Біз бен сіз ұсынған ұсыныстар бойынша әкім­шілік  тыңғылықты әрі сапалы жұмыс істейтін болады. Сондықтан, аймақ бойынша арыз-шағымдарыңызды әкімдікке айтып отырсаңыздар дейміз»   деп  атап  өтті. Сонымен қатар, 250 тұрғыны бар ауыл-аймақтарға интернет сымдары міндетті түрде тартылатынын айтып, жиынға қатысушылардың  көңілі бір көтерілді. Сондай-ақ, биыл елімізде IT маман­дығы  ең  алғы  қатардан  көрініп  келе­тінін баяндап, IT мектептерін  көбей­тіп, Президентіміз Қ.Тоқаевтың «100 мың IT маман дайындау қажет» деген тапсырмасы аясында құнтты қызмет барысына кіріскендерін жеткізді.

Облысымыздың цифрлық бағытын­да қомақты қаржы кететінін жа­сыр­маған министр алдағы уақытта облыс әкімінің қолдауы аса қажет екенін айтып өтті. Сондай-ақ, Қызылордада­ғы іссапары Байқоңыр қаласына жалғасып, ондағы біраз мәселелерді қарастыратынын  айтып, кездесуді  тамамдады.

Келесі күні Цифрлық даму ми­нистрі Бағдат Мусин «Байқоңыр» ғарыш айлағынан кеменің ұшырылуын бақылады. Ғарыш кемесінің ұшырылуын көру және министрмен кездесу мүмкіндігі он бір қазақстандық оқушыға  бұйырған. Олардың барлығы – техникалық ғылымдар бойынша республикалық олимпиадалардың жеңімпазы.

Белгілі болғандай, министрлікке техникалық дарынды балаларды аты аңызға айналған «Байқоңыр» ғарыш айлағына саяхаттауға ынталандыру туралы ұсынысты Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын білдірген. Бұл бастама қолдауға ие болып, балалар ғарыш кемесінің ұшырыл­ғанын көріп қана қоймай, министр Бағдат Мусин, ғарышкер Айдын Айым­бетов, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртаймен кездесіп,  әңгімелесті.

Балалар «Байқоңырға» жасалған танымдық бағдарламаның шарықтау шегіне айналған старттан алған тамаша  әсерлерімен  бөлісті.

– Бұл саяхат – біз үшін шын мәнінде зор сыйлық. Жаңа жеңістерге, білімге, қазақстандық ғарыштық технологияларды, ең алдымен «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамытуға ынталандыру, – деді Алматы қаласынан келген 11-сынып оқушысы, «Жер және Ғарыш туралы ғылым»  респуб­ликалық ғылыми жоба­лар байқауының  жеңімпазы  Ками­ля  Жұмабаева.

Сондай-ақ, Бағдат Мусин өз сөзінде ғарыш кешенін, одан бөлек Байқоңыр қаласын саяхаттауға ыңғайлы етіп, туризм саласын дамыту керектігін айтты. Айта кетейік, спутниктер тобы бар «Союз 2.1б» зымыран-тасы­ғышы әуеге ұшырылды. Барлық ғарыш аппарат­тары мақсатты орбитаға шығарылды.

Айтып өткендей, Цифрлық даму министрі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесіп, өңіріміздегі интернет ақаулары мен цифрландыру бағытындағы біршама мәселені талқылады. Елді мекендердегі байланыс жүйелері мен онлайн қызметтер алуға байла­нысты өзекті проблемалардың бар екенін айтып, жақсарту мақсатында бірлесіп жұмыс істеуді көздеді.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: