«Мұндай ақша шығаруға үлкен қаражат кетеді. Дүниежүзі бойынша банк секторы ең қатты дамыған Англияда төрт-ақ банкнот бар. Тіпті Американың доллары да өзгермей келеді. Ал енді біздің теңгенің дизайны есепсіз өзгереді де жатады. Ұлттық банк ақшаны қандай бір жиын болса соған арнап шығарып жатыр. Ақша шығару бізде коррупцияға айналып кетті. Кезінде Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуге арнап бір банкнот шығарды. Теңгенің 15 жылдығына банкнот шықты. Теңге күніне арнап «Сақ стилі» атты жаңа банкнот шығарылды. Санасақ, есеп жоқ, 30-ға жуық банкнот бар. Енді ол аз болғандай, Жеңістің 80 жылдығына арнап ақша шығарғалы жатыр. Шындап келгенде мұның барлығының не қажеті бар?! Банкнот деген бұл идеологиялық құрал болуы керек. Біз теңгені ең алғаш қолданысқа енгізгенде оған не үшін Абылай ханды, әл-Фарабиді, Абайды, Сүйінбайды, қазақтың үш биін енгіздік? Сол арқылы халықтың рухын көтеруді, еңсесін тіктеуді ойлап, біртуар тұлғалардың бейнесін ұлттық валютамызға бейнеледік. Артынан оның барлығын алып тастады. Енді келіп әрбір той-жиынға арнап банкнот шығару, оны айналымға енгізу – масқара жағдай. Қосымша шығын. Қазір үкімет бюджет тапшылығын жаба алмай халыққа салынатын түрлі айыппұлдарды көбейтіп, салықты өсіріп әлек болып жатқан тұста Ұлттық банктің мұнысы қисынсыз.
Кезінде Ұлттық банкті Григорий Марченко басқарып тұрғанда Қазақстан территориясынан өткені үшін Атиллаға арнап монета шығарған. Біздің аймағымыздан кім өтпеді?! Соның барлығына арнап монета, банкнот шығара берсек, ұлттық валютамыздың не қадірі қалады?! Мұны маған халықаралық сарапшылар айтып, кезінде мен осы жайында арнайы сұхбат бердім. Одан кейін де Ұлттық банкті басқарғандар жетістірген жоқ. Банкнота, монета шығару үшін қаншама қаражат кететінін ескеріп, орынсыз шығынға жол бермеу үшін әлем цифрлы ақшаға көшіп жатыр. Бізде де жұрттың дені қолма-қол ақша ұстап жүрген жоқ қой. Барлығы аударымдар арқылы төлем жасайды. Банкнотты ауыстыра беру – бұл таза ақшаны жымқырудың, жеудің амалы.
Осы арада айтарым, Ұлттық банк президентке ғана бағынады, басқа ешкімге есеп бермейді. Бұл банкті 30 жылдан аса ешкім тексерген жоқ. Егер осы банкті арнайы тексеріп, аудит жасаса, түрлі заңбұзушылықтар анықталар еді».
Хайролла Ғабжалелов,
Қазақстанның төл теңгесінің авторы.
(«Жас Алаш» газетіне берген пікірінен)
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!