Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасыл желекке айналдыруға жасалған қадам

10.04.2024, 9:05 157

HALYQLINE.KZ

2023 жылдың соңына таяу өткен қалалық мәслихаттың VIII сессиясында қаланың бұрынғы әкімі Асылбек Шәменов аяқ су мәселесіне назар салған еді.

Қалада аяқ су мәселесі өз шешімін табады. Бұл мақсатта облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Ол мекеме қаладағы жасыл желекті баптап, аяқ судың жүретін жолдарын аршып, қажетті шараларды жүзеге асырады. Аталған мекемеге қалалық бюджеттен гүлдер, талдар, тыңайтқыштар, құрал-жабдықтар сатып алуға және жұмысшылардың айлық жалақысына барлығы 579,9 млн теңге бөлінді, – деген еді Асылбек Шәменұлы.

Жалпы, су тапшылығы, аяқ су мәселесі ешқашан қызылордалықтарды бейжай қалдырған емес. Аталған мәселе мәслихат сессиясында біраз уақыттан бері көтеріліп, шешу амалдары қарастырылып жатыр. Есесіне, Сырдарияның да арнасы тартылып, жағдай ушыға түсті.

Аталған жоба негізінде «Жасыл Қызылорда» КММ арқылы қаланы көгалдандыру мақсатында каналдар мен арық жүйелерді тазалау, жер асты ұңғыма және насос арқылы аяқ су беру, орталық көшелердегі гүлзарларға гүл егу, қаланы күтіп-ұстау және қураған ағаштарды кесу жұмыстары ағымдағы жылдың басынан бері жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, қаладағы «Жібек жолы», «Сарқырама», «Табиғат» тағы басқа да қалалық каналдары ағымдағы жылдың наурыз айында толық тазаланды.

Қазіргі сәтте аяқ суға арналған «Жібек жолы» каналы бойында және «Сыр ана» монументі жанындағы су сорғыш қондырғыларының көмегімен қалаға аяқ су берілуде. Осы орайда апта басында қала әкімі Серік Қожаниязов аймақтағы аяқ су берілу жұмысымен танысып, БАҚ өкілдеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізген еді.

Жылдың басында уәде еткендей, сәуір айының басында аяқ су жібереміз деген едік. Міне, сәуірдің алғашқы күндері «Жібек жолы» каналына су жібердік. Онымен қоса, «Сыр ананың» монументі тұсындағы «Арай» мөлтек ауданына баратын каналды да қосып жатырмыз. Былтыр аяқ суды мамырдың соңында жіберген болатынбыз. Ал енді, бұл мәселені «Жасыл Қызылорда» мекемесі қолға алып, су жіберу жұмыстары ертерек қамдалды, – деді шаһар басшысы.

Серік Салауатұлы сапар басын «Жібек жолы» каналынан бастады. Бұл жердегі су сорғыш қондырғысы арқылы Назарбаев, Астана даңғылы және «Сырдария» мөлтек ауданы, 6 шақырым көлемінде каналдар мен арық жүйелері аяқ сумен қамтылу үстінде.

Одан кейін «Сыр ана» монументі жанындағы су сорғыш қондырғысына жол түсті. Қала әкімі бұл каналдың аумағында көшет өсіру жоспарланып жатқанын айтады. «Сыр ана» монументі жанындағы су сорғыш қондырғысы С.Бейбарыс көшесі мен «Береке» саяжайы, жалпы 1,5 шақырымды құрайтын каналдар мен арық жүйелері аяқ сумен қамтылмақ ниетте. Бүгінде қалада 10 ұңғыма аяқ су беруге толығымен дайын.

Қызылорда қаласы аумағында осы көктемде 8000-ға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жоспарлануда. Оның ішінде өңірімізде сирек кездесетін, сәнді катальпа, айлант, ясин секілді ағаштар С.Бейбарыс көшесіндегі облыс әкімшілігі мен Жахаев көшесіндегі қала әкімдігінің ғимараты, Өнер орталығы мен Мұратбаев көшесіндегі Орталық стадион жанына егілмек.

«Жасыл Қызылорда» бағдарламасы – өңіріміздің экологиялық әл-ауқатын ілгерілетуге бағытталған бастама. Олар күні бүгінге дейін қиындық тудырып келген аяқ су секілді мәселелерді қолға алып, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрақты түрде қаланың сырт келбетін жақсартуға, қаланы жасылдандыруға әрекет етіп отыр. Расында, осы және осы шамадағы игі бастамалар экологиялық қиындықтарды жеңу жолындағы ұжымдық іс-әрекеттің дәлелі іспеттес.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: