Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тазалық әркімнің өз ауласынан, табалдырығынан басталады

02.04.2024, 9:55 122

HALYQLINE.KZ

Кеше Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудандағы санитарлық тазалық жұмыстарына қатысты аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімі аппаратының қызметкерлері мен барлық дербес бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжілісте алдымен орындаушылық тәртіп мәселесі қаралды. Бұл бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Ринад Тілеп хабарлама жасап, хаттамалық тапсырмаларды өз деңгейінде орындамаған бөлімдер мен ауылдық округтерді атап көрсетті.

– Мен мәжіліс сайын тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы керектігін үнемі айтып келемін. Дегенмен, орындаушылық тәртіпке қатысты бірқатар мәселе бар. Кейбір әкімдер мен бөлім басшылары тарапынан немқұрайды қарау байқалады. Осыған сәйкес бөлім басшыларына, қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, аппарат басшысына әрбір берілген тапсырманың өз деңгейінде орындалуын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Мұнан соң аудан бойынша санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстары мәселесі қозғалды. Бұл бойынша аудан әкімі Әйтеке би кентінің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында бөлінген 7 аймақ бойынша әлі де қалпына келтірілмеген кемшіліктерге тоқталып, жауаптыларды қатаң сынға алды.

– Әйтеке би кенті – ауданымыздың айнасы, оның айналасын үнемі таза ұстап отыру – баршамызға ортақ іс. Тазалық әркімнің өз ауласынан, табалдырығынан басталады. Сондықтан әрбір тұрғын өз ауласынан бастап таза ұстауға, көркейтуге үлес қосуы керек. Біз көшелерді қанша сәндеп-жөндегенмен, көше бойындағы қоқыстар пен үйлердің қоршауы жөнделіп, сырланбаса, мұның бәрі бекер екені белгілі, – деген аудан басшысы барлық мекеме-кәсіпорын мен кәсіпкерлік нысандардың иелері сенбі күнін күтіп отырмай, тазалық жұмыстарын үнемі жүргізулері қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатовқа белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған тұрғындарға заңдылыққа сәйкес шара көріп, бұл бойынша учаскелік полиция инспекторларының жұмысын күшейтуді тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: