Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таза қаланы бірге жасайық

13.03.2020, 14:44 3369

«ТАЗА ҚАЛАНЫ БІРГЕ ЖАСАЙЫҚ!»

экологиялық акциясына

Ү Н Д Е У

Қадірлі қызылордалықтар!

Күн өткен сайын қаламыздың жаңарып, әрлене түсуі, қызылордалықтардың тұрмыс-тіршілігінің түзеліп, әл-ауқатының артуы мұның заңды айғағы.

Тұрмыс-тіршілігін табиғат – Анамен тығыз байланыстырған біздің халқымыз үшін Наурыз жаңару мен жасампаздықтың бастауы. Бұл – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтатын ұлы мереке. Сондай-ақ бұл мерекенің бір мақсаты – табиғатты аялау, жасыл-желекті сақтау. Дәстүр бойынша арықтар тазаланып, ағаштар отырғызылады. «Жаңа күн», «Жаңару» – алдағы барлық жақсылық осы күннен, жан тазалығымен қатар қоршаған орта тазалығын сақтаудан басталады. Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Соңғы жылдары шаһардың ауқымы кеңейіп, күн санап қарыштап даму үстінде. Сондықтан, тазалық мәселесі қала әкімдігінің басты назарында.

«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді дана халқымыз. Ауланы ретке келтіру, есік алдын көгалдандыру, оны ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей қала тұрғындары тазалық мәселесіне бір ауыздан ат салысса, шаһарымыз көркейіп, гүлденері анық.

Ежелден халқымыз тазалыққа ерекше мән беріп, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын назардан тыс қалдырмағанын тарихтан жақсы білесіздер. Бұл орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Әрбір қазақстандық өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы керек, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы қажет» – деген болатын. Мемлекет басшысы биылғы жылды жалынды жастармен «Волонтер жылы» деп, барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Қымбатты достар!

Егер туған жеріміз жасыл желек жамылған, таза да көрікті аймақ болсын десек, бұл тазалық жұмыстарына науқандық шара деп қарамай әр күн сайын ауламыз бен ауылымыздың тазалығына көңіл бөлгеніміз дұрыс деп есептейміз. «Таза қаланы бірге жасайық» атты экологиялық акциясына белсене қатысып, ауламызға тал егіп, таза ұстауға шақырамыз!

Құрметпен, Қызылорда қаласының әкімдігі

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: