Үкімет сағатында Арал теңізінің бүгінгі жай-күйін айтқан депутат Мұрат Әбенов өңір тұрғындарының алаңдап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Үкімет сағатында депутат Мұрат Әбенов су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен Арал теңізі бойынша жасалып жатқан жобалардың нәтижесін сұрады.
«Біздегі ең негізгі мәселе – Арал. Осы бойынша халық сізден жауап күтіп отыр. Аралдың маңайында 52 мың адам тұрады. Сол жерден балық аулап күнін көріп отыр. Бұрынғы министр жобалардың қате болғанын, бөгеттердің төмен салынғанын айтты. 2005-тен бері 44 млрд су бостан-босқа үлкен Аралға кетіп қалған. Осыған қатысты қазіргі жоба қандай болмақ? Ол жердегі адамдардың болашағы не болады? Министр ретінде өзіңізге қандай жауапкершілік алып отырсыз?», – деді депутат.
Сұраққа жауап берген министр жаңа жобаның тиімділігін айтты.
«Арал теңізі бойынша өңір тұрғындарымен, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, сарапшылардың да ұсыныстары мен пікірін тыңдап, талдау жүргіздік. 2000-2020 жылға дейін Сырдария өзені бойынша Шардара су қоймасына кем дегенде 17-18 млрд текшеметр су құйылатын. Ал 2020 жылдан бүгінгі күнге дейін бұл 13-14 млрд текшеметрге түскен. Көптеген сарапшылар 2040 жылға дейін Орталық Азияда су тапшылығы 12-15 млрд текшеметр болады деген еді. Біз соны көріп отырмыз. Сарапшылармен сөйлескеннен кейін бір шешімге келдік. Біріншісі, міндетті түрде «Аманөткел» гидроторабын саламыз. Екіншісі, «Үлкен Қызылорда каналын» жүргіземіз. Үшіншісі, «Көкарал» дамбасын тағы да екі метрге көтереміз. Осы жұмыстардың нәтижесінде біз тағы да қосымша 7 млрд текшеметр су жинауға мүмкіндік аламыз», – деді Нұржан Нұржігітов.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!