Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаланың сырты күл-қоқыс

07.10.2021, 10:00 346

Өзекті мәселені шешу үшін қаладағы тиісті мекеме қызметкерлерінің өзі жауапсыздық таныт­ты. Қызылорда облысы бойынша экология департаменті «Қызылорда тазалығы» ЖШС-імен бірге қаладағы заңсыз қоқыс аумағы­на БАҚ өкілдерінің қатысуымен пресс-тур өткізуі керек еді. Алайда, ұйымдастыру­шының бірі «Қызылорда тазалығы» маман­дары өз міндетін орындау үшін келуге жарамады. «Табиғатты аялайық, қаланы күл-қоқыстан арылтайық» деп ұрандатып жүрген серіктестік қызметкерлерінің өз функциясына немқұрайды  қарайтыны  байқалады.

Хош. Қызылорда облысы бойынша эко­логия департаменті бірнеше рет рейдтік жұмыс­тар жүргізгенмен, тұрғындардың санасына сіңіре алмапты. Әрине, «қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» демекші қатаң талап енгізілсе, халық та қоршаған ортаны таза ұстауға бет бұрары анық. Бірақ, өзінің шақыр­ған жеріне аяқ баспаған мекемеден не үміт, не қайыр? Дегенмен жауапты азаматтардың жаса­ған еңбе­гін айта кеткен жөн болар. Қызыл­орда облысы бойынша экология департаменті «Біз тазалап кетеміз, алайда қайтадан «қоқыс алаңына» айналуда» деп қала тұрғындарының  тірлігіне  налыды.

– ҚР Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ арасында қалдықтар орналасқан жерлерді қашықтан зондтаудың ғарыштық түсірілім қызметін көрсету бойынша келісімшарт жасалған. Негізгі мақсаты иесіз қалдық­тарды анықтау болып табылады. 2021 жылы Қызылорда қаласының 50 шақырымдық радиусы аумағында 105 рұқсатсыз қалдық орын­дары анықталған. Оның ішінде Қызылорда қаласы аумағында – 67, Сырдария ауданында – 31, Жала­ғаш ауданында 7 заңсыз қалдық орналасқан орындары айқындалған. Нәтижесінде департаментпен тиісті әкімдіктерге қалдықтардан тазар­ту, бүлінген  жерлерді  қайта қалпына келтіру бойынша тиісті шараларды атқару жөнінде нұсқама хаттар жолданды, – деді мемлекеттік экология инспекторы, Қызылорда облыс­ының экология департаментінің бас мама­ны  Әлішер  Шамкенов.

Қала  тұрғындары да табиғатқа залал тигі­зіп жатқанын аңғармай ма? Түсінік­теме жұмыс­тары біршама рет жүргізілгенмен, нәти­же жоқ. Қазір өңірде бейберекет қоқыс үйінділері  азаймай тұр. Жыл сайын өткізіле­тін  шараларға  қарамастан, тиісті бақылау­дың әлсіздігі мен қалдықты реттеу жолға қойыл­маған  соң  елді мекендер  маңында заңсыз қоқыс орындары қаптай береді. Заңсыз қоқыс орындарын азайту үшін қандай шара қолданылғаны тиімді? Тікесінен тік тұрып тірлік етсе, бәлкім бұл тақырып қозғалмас еді. Десе  де, қойылған талапқа  сәйкес жұмыс­тар  атқарылуда.

– Қазіргі таңда рұқсатсыз қоқыс төккендерді анықтау бойынша 19 рейдтік іс-шара жүргізілді. Нәтижесінде 3 тұрғынға әкімшілік құқықбұзушылыққа жол бергені үшін айыппұл салынып, 4 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аталған рейдтік шаралар 1 ай бойы жүргізілетінін тұрғындардың назарына саламыз,  –  деді  Әлішер  Шамкенов.

Ең бастысы, нәзік жаратылысты таза ұстау­ға  қызмет ету керек. Олардың жүргізген біршама жұмысы қала тұрғындарының кесірінен бос әурешілік болуда. Қазіргі таңда күл-қоқыс мәселесі тұтас облыс аумағында да аса  күрделі жағдайға айналған. Мұндай бағытпен мәселе шешілмек түгілі мүлдем асқынған жараға айналуы кәдік. Қызылорда облысының тұрғындарына қандай талап қойылуы керек? Мәселе қалай шешілмек? Ол енді Сыр елінің әрбір азаматының адами қасиеті мен тиісті меке­мелердің өз міндетіне салғырт қарамауына  байланысты.

Азамат  АБИМОЛДА.

Суретті  түсірген  автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: