Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өндіріс жұмысы оңтайланды

04.11.2024, 15:20 390

HALYQLINE.KZ

Өткен аптада Жаңақорған ауданына жол түсті. Дәлірек айтсақ, облыстық экология департаменті «СКЗ-U» ЖШС-де баспасөз турын ұйымдастырды. Яғни, күкірт қышқылы зауытында атқарылған көлемді жұмыстың бірімен таныстық. Қоршаған ортаға зиянды заттардың таралмауын қадағалау – бұрыннан қаузалған мәселе. Сондықтан,  мониторингтің автоматтандырылған жүйесін орнату – тиімді шешім. Қазір жұмысы қайнаған зауыт осы жүйеге иек артып отыр. Әрине, бұл –өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды қадам. Автоматтандырылған жүйе ластаушы заттардың деңгейін тұрақты түрде өлшеп, шекті нормадан асу жағдайларын жылдам анықтай алады. Нәтижесінде деректерді жинақтап, нақты уақыт режимінде талдау жасау мүмкіндігі туады.

Қауіп пен қатерге толы жұмыста сақтық шараларын ескеру керек. Мұндайда қызметкерлердің қажыр-қайратына қайран қаласың. Тәртіп те қатаң екенін аңғардық. Ал, мониторинг жүйесінің іске қосылуы жүкті жеңілдеткен тәрізді.

– Күкірт қышқылы зауыты өткен жылдың желтоқсан айында қоршаған ортаға автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатты. Биыл қазан айынан бастап орталық жүйеге және облыстық экология департаментіне ауаға шығатын ластағыш заттар туралы деректерді беріп отырмыз. Яғни, жүйе азот оксиді, азот диоксиді және күкірт диоксиді сынды 5 түрлі зиянды ластағыш заттарды анықтауда. Бұрын жүйе орнатылмай тұрғанда мердігер ұйымдармен тоқсанына бір рет өндірістік бақылау жүргізетінбіз. Ал, қазір әр 20 минут сайын үздіксіз режимде деректер берілуде. Негізгі артықшылығы да – осы. Қазіргі таңда зауытта 270-тен аса адам жұмыс істейді. Оның 80 пайызы – Жаңақорған ауданы мен оған қарасты елді мекеннің тұрғындары, – деді «СКЗ-U» ЖШС өндірістік қауіпсіздік саласының жетекшісі Өтепберген Ибраимов.

Иә, жинақталған деректерді талдау зауыт жұмысындағы үрдісті болжауға  да септігін тигізеді. Табиғи ресурстарды үнемдеп, қоршаған ортаға әсерді азайтуды жоспарлауда айрықша мәнге ие. Деректерді мүлтіксіз жинауда кедергі де жоқ екен. Тіпті, интернет істен шығып, жарық сөнгеннің өзінде дерек базаға тіркеліп, жинақтала береді.

– Мониторингтің автоматтандырылған жүйесі – өндіріс және өнеркәсіптік объектілердегі процестерді, оның ішінде қоршаған ортаға зиянды ластаушы заттардың шығарындыларын бақылауды автоматтандыруға арналған кешенді технологиялық шешім. Жүйе өнеркәсіптік нысандардың жұмысын бақылауға, деректерді үздіксіз жинауға, талдауға және сәйкес шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Облыста мониторингтің автоматтандырылған жүйесін орнатуға міндетті 3 кәсіпорын бар. Олар жүйені толығымен орнатты, – деді облыстық экология департаменті зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің бас маманы Әсем Тынарбай.

Қысқасы, талапты сақтау да, есеп беру де істі анағұрлым оңтайландырады. Бастысы, зауыттың тұрақты әрі қауіпсіз жұмысының кепілі болмақ.

З.ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: