Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киелі мекендегі ұлағатты іс

12.04.2024, 14:50 164

HALYQLINE.KZ

Жанқожа  Нұрымбетұлы  бабамызға  –  250  жыл

Көктем мезгілі тазалық пен жинақылықтың, рухани жаңарудың бастамасы десек жарасымды. Ел арасында «көктемнің әр күні – жылға азық» деген сөздің түп-төркіні осында жатқандай. Қазалы ауданы орталығы Әйтеке би кентінде әулие әрі батыр Жанқожа Нұрымбетұлы бабамыздың еңселі де айбынды кесенесі бар. Осынау киелі мекенде қай кезде барсаңыз да кісі қарасы арылмайды. Осы аптаның бейсенбісінде Жанқожа батырдың ұрпақтары бабамыздың кесенесінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Айта кетерлігі, осындай игі істер бұған дейін де атқарылып келген еді. Алдағы уақытта да жалғасын таппақшы.

Өзіміз тілдескен «Жанқожа батыр» қоғамдық қорының төрағасы Күнберген Ділімбетовтен қолға алынған іс-шаралар барысында кесене аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп, су жүретін арықтар тазаланып, күл-қоқыстар арнайы орынға шығарылып, қураған шөп-шалаң өртеліп, басқа да толымды тірліктер тындырылғанын, игілікті қадамның басы-қасында Қайырбек Айдарбекұлы, Жасұлан Қонысбаев, Мұхтар Ысқақов, Қуаныш Серікұлы, Дәурен Әбдіхалық, Мәлік Сәрсенғалиев өзге де азаматтардың белсенділік танытқанын естідік.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына». Дәл осы күні «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығы бойынша бейнетүсірілім түсіру тобын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаевпен бірген Жанқожа батыр кесенесінің басында жолықтырдық. Биылғы жылы әулие әрі батыр Жанқожа Нұрымбетұлы бабамыздың дүниеге келгеніне 250 жыл толып отыр. Соған орай түсіру тобының баба кесенесіндегі жұмыстары мен тазалық шараларының қабысуын жақсы жоралғыға баладық. Солай болғай!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: