Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дала киесін қарашықтай қорғай аламыз ба?

03.06.2021, 13:00 416

Кең даланың киесі саналатын киіктің қауіпсіздігі, жайылымы, қырылуы, оны көбейту – табиғат жанашырл­арының көкейіндегі басты мәселе. Естеріңізде болса, 2015 жылы дала жануарларының жаппай қырылу оқиғасы болып, түз киелісінің саны едәуір азайған еді. Сол жылдан бастап ҚР Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комите­ті­нің бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағында киіктерді қорғау және олардың басын көбей­ту мақсатында оларды 2023 жылға дейін атуға тыйым салынды. Өкініштісі сол, дала киесін қару­мен аулау әлі де тыйылмай тұр. Бұл – киіктердің жойылып кетуіне әкеп соқтыратын антропогендік фактор.

Ресми дереккөздерге сүйенсек, әлемде киіктердің 5 популяциясы ғана бар. Бір популяциясы Ресей­д­ің  Калмыкия  елінде,  онда саны 4-5 мыңнан аспайды. 2020 жылы киік Ресей Федерациясының қызыл кітабына  енгізілді. Екінші  популяция  саналатын Моңғолияда да онша көп емес. Ал қалған 3 популяция – Орал, Бетпақдала, Үстірт аумағы. Дүниежүзілік жабайы жануарлар қоры соңғы 30 жылда бүкіл әлемнің  жабайы  жануарларының  қаншалықты  жойылғаны  жөнінде  талдау  жүргізген. Нәтижесінде 60 пайызға жуық жабайы жануарлар жойылып кеткен. Басты  себеп – біз  айтқандай, антропогендік  фактор.

КИІКТІҢ 95 ПАЙЫЗЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ МЕКЕНДЕЙДІ

1998-2005 жылдары елде және әлемде саны жағынан ең көп популяция бол­ғанын ғылыми дереккөздер растап отыр. Ал санының азаюының басты себебі – браконьерлік. Алайда ақбөкендерді қорғау бойынша күшейтілген шаралардың ар­қасында соңғы жылдары популя­цияның өсуі байқа­лады. Мәселен, 2018 жылы өсім 37%-ды, ал 2019 жылы 59,5%-ды құрады. 2020 жылғы экспедиция кезінде жаппай төлдеу орындарының табылуы жақсы нәтиже беретіндігін көрсетеді. Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы мамандарының SMART жүйесін, дрондардың көмегімен бақылау, спутниктік телеметрия­ны пайдалану сияқты инновациялық технологияларды қолдануы ақбөкендер туралы сенімді деректердің жиналуына ықпал етіп келеді. Сондай-ақ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоо­пром» ӨБ және мемлекеттік аумақтық инспекциялары Үстірт инспекциясын қоса алғанда, барлық популяцияларда жаппай төлдеу кезінде жиналуы орналасқан жерлерді қорғау іс-шараларын жүргізіп  келеді.

– Экология министрлігі қабылда­ған киіктердің популяциясын сақтау мен браконьерлікке қарсы іс-қимыл тиімділігінің көрсеткіші осы жануарлар санының 2 жыл ішінде 2 есе өсуі болып табылады. Яғни киіктер саны 334 мың­нан 842 мыңға дейін жеткен, – деп хабар­лайды ҚР Экология және геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспа­сөз  қызметі.

Киіктер санағы соңғы рет 2019 жылы тіркелген. 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты есеп жүргі­зілмеген. Дегенмен, бұл түз киесінің 90-95 пайызы Қазақстанда мекендейтіні анықталған.

ОН  ЖЫЛДА  МИЛЛИОННАН МЫҢҒА  АЗАЙҒАН

Қазіргі таңда жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктерді қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы іс-шараларды орындауды Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК жүзе­ге  асырады.

Елдегі киіктер саны әр жылдары өзге­ріске ұшырап отырған. Мәселен, ХХ ғасырың 70-жылдары киіктің ең көп саны 510 мыңнан 1 млн 200 мың дараққа дейін, ең аз саны 90-жылдары 148 мыңнан 976 мың дараққа дейін тіркелген. Содан кейінгі онжылдықта 1 миллионнан 21  мың  басқа  дейін     азаюы алаңдарлық мәселеге айналды. Өйткені осы жылдар аралығында жануарлар ауруы­мен қатар браконьерлік әрекеттер көбейген. Осыған орай алғаш рет 2005 жылы тұяқты жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлері мен киіктерді сақтау жөніндегі алғашқы бағдарлама қабылданды. Төлдеу, қыстау және көші-қон кезеңінде киіктер шоғырланатын негізгі жерлерде оларды қорғаудың тиімділігін арттыру үшін «Ырғыз-Торғай» (Ақтөбе облысы) және «Алтын дала» (Қостанай облысы) мемлекеттік табиғи резерваттары құрылғанын да айтқан жөн.

– Киіктерді заңсыз аулағаны үшін жауапкершілік шараларын күшейту мақсатында 2012 жылы Үкімет қаулысымен киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын Қазақстанның бүкіл аумағында 2020 жылға дейін пайдалануға тыйым салынды. Бұл мерзім кейінірек 2023 жылға дейін ұзартылды. 2019 жылы браконьерлік үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге дейінгі қатал жазаларды көздейтін заңнаманы қатаңдату бойынша шаралар қабылданды, – делінген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің сайтында.

Бұдан басқа елімізде жыл сайын кең ауқымды «Ақбөкен» табиғатты қорғау акциясы өткізіледі. Акция шеңберінде аталмыш министрлік пен құқық қорғау органдары төлдеу және лактация кезеңінде киіктерді қорғауды күшейту, сондай-ақ, ел аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтардың жолын кесу бойынша бірлескен іс-шара­ларды  жүзеге  асырады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ  ВИЗИТ  КАРТОЧКАСЫ

Киелі жануардың 90-95 пайызы қазақ жерін мекендейді дегенмен, олардың қорғалуын бүкіл әлем бақылап отыр. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде киіктердің Орал популяциясы бойынша оның  санының өсуіне және жайы­лымдар мен суаттарға байланысты үй жануарларымен бәсекелесуге байланысты мәселелер көтерілуде. Киіктің қазіргі заманғы жайылым аймағы еліміздегі он әкімшілік облыстың аумағын қамтып, тіпті Өзбекстан мен Ресей Феде­рациясының көршілес облыстарына да таралады. Бұл жағдайға ҚР БҒМ ҒК «Зоология инсти­туты» РМК мамандары алаң­даулы. Зоология институты киіктер мен үй жануарларының саны ең көп болған жылдарына зерттеулер жүргіз­ген. Нәтижесінде Қазақстанда үй жануарларының саны  90-жылдары  күрт төмендегенін  аңғарған.  Сондықтан Зоолог­ия инс­титуты, ең алдымен, қандай да бір шешім  қабылдамас  бұрын,  мәселені   егжей-тегжейлі  зерделеу  қажет  деп  есептейді.

– Киік – Қазақстанның визит карточкасы. Ғалымдар сол себептен оның санын басқару мәселесінде ешқандай жағдайда асығыс шешім қабылдауға болмайтынын айтуда. Институттың көпжылдық зерттеулері көрсеткендей, киіктер мен үй жануарлары арасында ешқандай бәсекелестік болған жоқ. Ақбөкендер мал жемейтін көптеген өсімдіктерді жейді. Киіктер көшпелі өмір салтын ұстанады. Сондықтан жайылымдарға жүктеме деңгейі жоғары емес. Үнемі қозғала отырып, олар шөптің аз ғана бөлігін жейді, бұл басқа да жануарлардың жайылымдарды қайта пайдалануына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл мәселеге байыпты қарау керек. Жыл сайын киіктердің санын, олардың орналасуын есепке алу жүргізіледі, бірақ оларды зерделеу бойынша арнайы бағдарлама жоқ, – дейді ҚР БҒМ Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачев.

МАМЫР  АЙЫ  КИІКТЕРГЕ  НЕ  ҮШІН  ҚАУІПТІ?

Мамандардың айтуынша, ХХ ғасыр­дың 60-жылдары киіктердің саны 600-800 мыңға, 90-жылдары миллионға жуық дараққа жеткен. Зоология институ­тының зертхана меңгерушісі мамыр айы ақбөкендер үшін қауіпті кезең деп санайды. Өйткені осы аралық олардың төлдеу кезеңіне сай келеді, сондықтан аналықтары төлдеуге байланысты да әлсірейді. Оған қоса браконьерлер көбейеді. Сондықтан, Алексей Грачевтің айтуынша, қазір киіктерді жоғары деңгейде зерттеу мәселесін Экология министр­лігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен күш-жігері арқылы  ғана  шешу  қажет.

Айтқанындай, мамыр айының орта шенінде Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Тау ауылында 370-тен астам киіктің өлі денесі табылған. Басым бөлігі – аналық тушалар. Оқиға орнына тиісті сала мамандары мен басшылары барған. Киіктердің жаппай қырылу фактісі бойынша уәкілетті мемлекеттік орган­дардың жедел штабы құрылған.

– Болжам бойынша киіктердің қырылуы сол мекендегі қолайсыз ауа райына (нөсерлі жауын мен найзағай) байланысты болуы мүмкін. Себебі, ұшаларда найзағай разрядынан зақымдану ізі байқалады. Құзырлы мемлекеттік орган­дардың зерттеу және қорытынды жұмыстары аяқталған соң, нақты нәтижесі қосымша хабарланады, – деп мәлімдеме жасады Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі.

Кейбір бейресми мәліметтерде қырылған  киіктер  браконьерлік істің көрі­нісі  болуы  мүмкін.

 «МҮЙІЗ САУДАСЫ» ҚЫЗЫП ТҰР

Елдің күмәнданатынындай бар, өйткені қазір «қара базардың» көлеңкесінде «мүйіз саудасы» қызып тұр. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, киік мүйізінің бір келісі қара нарықта 2-3 мың АҚШ доллары тұрады. Ал Қытайда 5-7 мың доллар аралығында бағаланады екен. Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мәліметінше, халықаралық сауда қажеттіліктері үшін кейбір елдерде сұраныс жоғары (мысалы, Сингапур), бірақ басқа елдердегі, мысалы, Қытайдағы сұраныс деңгейі туралы ақпарат өте аз.

– Алайда мүйіздердің ірі партияларын шекара асыру бұрынғы соқпағында. Сондай-ақ, халықаралық сауда жөніндегі конвенцияда киік мүйіздерінің сапалы, сапасыз немесе сапасы белгісіз тауар түріне жататындығы туралы да нақты ақпарат жоқ. Қысқасы, киік мүйізінің заңсыз сатылуы бақылауға алынбаса, браконьерлік қылмыстар ақбөкеннің барлық популяцияларына қауіп төндіруі анық мәселе. Өкінішке қарай, бұл мәселелерді бақылау мүмкін емес, бірақ тұтынушы елдер мұны халықаралық ҮЕҰ қолдауымен шешуі керек деп есептейді, – деп жазылған «Saiga news» ақбөкенді сақтау альянсы бюллетенінің 2020-2021 жылдарға арналған шығарылымында.

Сондай-ақ, «Қазақстанның тұрақты даму мақсаттары – 2030 бағдарламасының» 15-мақсатында «Браконьерлік және қорғалатын түрлердің контрабандалық саудасымен күрес бойынша ғаламдық күш жұмылдыруды іске қосу және браконьерлік, заңсыз айналым объектісі болып табылатын, саудаға түсетін жабайы аңдар санын көбейту» көзделген. Яғни, киікті заңсыз ату, аулау да, сирек кездесетін, қорғаудағы жануар­лардың өнімдерін тыйым салынған тәсілмен шетелге асыру да әлемдік деңгейде  зерттеуді, шешуді  қажет  етеді.

ШҮРІППЕ  МЫҚТЫ  БОЛҒАНМЕН, ЗАҢ  СОЛҚЫЛДАҚ  ЕМЕС

Дегенмен, ҚР БҒМ Зоология инс­титуты киік жануары халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне «құрып кету қаупі төнген жабайы флора мен фауна түрлерімен халықаралық сауда жөніндегі Конвенцияның (СИТЕС)» 2-қосымшасына және «жабайы жан­уарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау жөніндегі Конвенцияның» 2-қосымшасына енгізілгенін мәлімдеді.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев киіктерді атқаны үшін жазаны қатаң­дату қажеттігін айтты. Яғни, браконьерлік үшін қылмыстық заңнама күшейтілді. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 339-бабы киікті, оның бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде киік мүйіздерін заңсыз олжалағаны, иемденгені, сақтағаны, өткізгені, әкелгені, әкеткені, жібергені, тасымалдағаны неме­се  жойғаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуді не одан айыруды көздейтін жаңа бөлікпен толықтырылды. Халық­аралық ғалымдар киікті «қазақстандық ғажайып» деп атайды. Өйткені, әлемде мұндай табиғат байлығы жоқтың қасы. Сондықтан табиғат байлығына заңсыз қол сұғушыларға заң да солқылдақтық танытпайды.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: