Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астананың бірыңғай жасыл картасы жасала ма?

13.03.2024, 18:15 114

HALYQLINE.KZ

Алдағы 5 жылда елордадағы көгалдандыру алаңы бір тұрғынға шаққанда 14 шаршы метрден 19 шаршы метрге дейін кеңейтіледі. Қала аумағында сапалы егілген, күтілген және толық сақталатын кем дегенде 500 мың жасыл-желек отырғызылады. Жасыл желектерді цифрлық таңбалаумен және құжаттауды енгізу арқылы Астананың бірыңғай жасыл картасы жасалады. Мұндай жаңалықтарды еліміздегі қалаларды абаттандыру және көгалдандыру мәселелері талқыланған Үкімет отырысында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жария етті. Осы жиында қала басшысы жаңа қоғамдық кеңістіктерді, соның ішінде саябақтар мен гүл бақтарын жаңарту бағытындағы жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндама жасады.

Саябақтар  мен  гүл  бақтары  кеңеяді

Жеңіс Қасымбек елорданы абаттандыру және көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. «Өткен жылы 165 қоғамдық және аулалық кеңістікті абаттандыру жұмыстары аяқталды. Соның ішінде 45 жасыл аймақ, оның ішінде 2 саябақ, 10 гүл бағы және 33 қоғамдық кеңістік құрылды. 1 миллионға жуық жасыл желек отырғызылды» деді әкім.

Ол екі стратегиялық құжаттан құралатын «Елорда аумағын көгалдандыру тұжырымдамасы» әзірленгенін айтты. Екі құжаттың біріншісі – «Қоғамдық кеңістіктерді дамыту және көгалдандыру сызбасы» қоғамдық кеңістіктерді дамытудың және қаланы көгалдандыруды дамытудың тұжырымдамалық аспектілерін жеке-жеке анықтайтын екі томнан тұрады. Екіншісі – «Көгалдандыру жарғысы». Онда салынып жатқан және салынған нысандарды көгалдандыру, егілетін ағаштардың сапасы мен жағдайы, құрылысшылар мен меншік иелеріне арналған абаттандыру ережелері қарастырылған. «Жарғыға сәйкес, тұрғын үй салушылар аулаішілік аумақтар мен көшелерді қызыл сызықтардың периметрі бойынша сапалы абаттандырып, одан әрі мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) немесе пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) теңгерімдеріне өткізе отырып, жасыл-желектерді 3 жыл бойы күтіп ұстауы керек» деп түсіндірді Ж.Қасымбек.

Әкімнің айтуынша, саябақ аймақтарын ұлғайту, оларды жол бойындағы сызықты екпелермен байланыстыра отырып, жасыл желекпен көмкерілген қалаға айналдыру жоспары жасалған. Алдағы 5 жылдың ішінде көгалдандыру алаңы бір тұрғынға шаққанда 14 шаршы метрден 19 шаршы метрге дейін кеңейтіледі. Осылайша жасыл кеңістіктер қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Көшпенділер  ойындары  өтетін  жерлер  абаттанады

Қала басшысы биыл Президент саябағы қайта жаңғыртылатынын атап айтты. «Есіл өзенінің жағалауын абаттандыру (Амман көшесінен Сарайшық көпіріне дейін), Бейбітшілік және келісім саябағын, Мәңгілік Ел даңғылын (Орынбор көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейін) қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. «Мыңжылдық аллеясы» ауданы (Ж.Нәжімеденов, А.Байтұрсынов, К.Әзірбаев көшелерінің және Тәуелсіздік даңғылының шаршысы) бойынша бас жоспардың аясында абаттандырудың бірінші кезеңін бастауды жоспарладық. Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында көктемде Ойындар өтетін орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі» деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, қоғамдық кеңістіктерді, атап айтқанда, «ЭКСПО» аумағындағы саябақта, Қабанбай батыр даңғылында (Сығанақ көшесінен «Қазанат» ипподромына дейін), сондай-ақ Д.Қонаев және Достық көшелерінде жаңа қоғамдық кеңістіктер салуды бастауды жоспарланған.

Суару  жүйесіне  мұқият  қараймыз

Әкім көгалдандыру, жасыл желек отырғызу жұмыстары кезінде суару жүйесін дамытуға ерекше назар аударылатынын жеткізді. «Былтыр біз 7 саябақ пен гүл бақтарда автоматтандырылған суару жүйесін орнаттық. Биыл дәл солай барлық үлкен нысандарда автоматтандырылған суару жүйесін салуды қарастырып жатырмыз. Келешекте көгалдандыру бойынша әрбір жаңа жобаны жүзеге асырған немесе қайта жөндеу жұмыстарын өткізген кезде осы жұмысты жалғастырамыз» деді Ж.Қасымбек. Сондай-ақ, әкім қала аумағында сапалы егілген, күтілген және толық сақталатын кем дегенде 500 мың жасыл желек отырғызылатынын мәлімдеді. Жасыл желектерді цифрлық таңбалаумен және құжаттауды енгізу арқылы Астананың бірыңғай жасыл картасы жасалады. Ол картада әрбір егілген ағаштың белгілі бір уақыттағы күтіп-бапталуын бақылайтын цифрлық төлқұжаты болады.

Егілген  ағашқа  күтім  жасалмайды

Жиында сөз сөйлеген Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Азамат Бейісбеков Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дұрыс жүйеленген құрылысты енгізу және тартымды, жайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру бойынша нұсқаулық болатын «Қалаларды кешенді салу стандарты» әзірленгенін мәлім етті. Ол қалалар аумағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында пайдалану үшін барлық жергілікті атқарушы органға жіберілді. Бұл ретте ауытқуларды болдырмау үшін 2024 жылғы қаңтардан бастап бірыңғай қала құрылысы сараптамасы енгізілді. Ол жоспарлау кезеңінде сәулет-құрылыс нормаларының бұзылуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр Олжас Бектенов абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартумен қатар, туристік саланы дамытуға да ерекше серпін беретінін қадап айтты. Бұл ретте ол азаматтардың әлі де болса тротуарлар мен жарықтың жоқтығын, жасыл желектің аздығын айтып, жиі шағымданатынына тоқталды. «Әкімдіктер тарапынан жүйелі жұмыстың болмауы – абаттандыру мен көгалдандырудың негізгі проблемасы. Ағаштар мен өсімдіктер отырғызылады, бірақ кейін ешқандай күтім жасалмайды. Көпшілік жиналатын қоғамдық орындар мен үй маңындағы аумақтардың ұсқынсыз жағдайы үлкен проблемаға айналған. Саябақтар мен гүл бақтары көбінесе иесіз қалғандай күй кешеді. Оларды жыл сайын жаңартып отыру, көркейту жұмыстары жүргізілмейді. Кейде тіпті саябақтарда нысан салу фактілері де кездеседі» деді Үкімет басшысы.

Үй  орнына  гүл  бағы  салынады

Олжас Бектенов бұқараның осындай күнделікті мәселелерді шешуде үлкен белсенділік танытып отырғанын тілге тиек етті. Мысалы, қоғам белсенділерінің арқасында елордада бірқатар жерде салынуы тиіс нысандардың орнына гүл бақтары мен демалыс орындары пайда болды. Атап айтқанда, Жұмекен Нәжімеденов көшесінің бойындағы 18 қабатты ғимараттың орнына гүл бағын салу туралы шешім қабылданды. Мыңжылдық аллеясы Астанадағы жаңа тартымды орталыққа айналады. «Әкімдік елордада демалуға арналған жайлы аймақтар құру, көгалдандырудың кешенді жүйесін іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет. Бұл қаланың ірі тұрғын аудандарының «жаңа тынысын» ашуға мүмкіндік береді» деді Премьер-Министр.

Шеткі  аймақтар  елеусіз  қалмасын…

Олжас Бектеновтің айтуынша, қала аймақтарын дамыту мен онда құрылыс жүргізу бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуы керек. «Әкімдіктер қала орталығын ғана абаттандырумен шектелмей, шеткі аймақтарды да назардан тыс қалдырмауға тиіс. Кейбір гүл бақтарға немесе қоғамдық орындарға «қамқорлық жасау» үшін бизнес пен ірі кәсіпорындарды тартуға болады. Шағын бизнес те іргелес жатқан аумақты күтіп-ұстауды жақсы дәстүрге айналдыруы керек» деді ол.

Үкімет басшысы өңірлер әкімдеріне тиісті Жол карталарының толық және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. «Қалалардың өмір сүруге қолайлы әрі жайлы болуы маңызды. Әкімдіктер жол карталарымен шектеліп қалмай, туындаған проблемаларды шұғыл шешіп, халықтың пікіріне құлақ асқаны жөн» деді ол. Сонымен қатар Үкімет басшысы қалалардағы жасыл желектің қысқаруына жол бермеу керектігін, бұл ретте отырғызылатын көшеттердің барынша жерсініп кетуін және оларға нақты күтімді қамтамасыз ету қажеттігін талап етті.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ.

Астана  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: