Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралдықтар тазалық сақтауға сергек қарайды

11.10.2021, 9:15 397

HALYQLINE.KZ

Алғашқы жаппай сенбілік МәскеуҚазан теміржолында 1919 жылы 10 мамырда өткені тарихтан мәлім. Азамат соғысы жылдарында және қайтадан қалпына келтіру кезеңінде де жалғасын тапқан сенбіліктер қандай қоғам болмасын маңызын жойған емес.

Бұған күнделікті өмірде өзіміз куә болып та жүрміз.

Арал ауданында қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, тазалық шараларына атсалысу – тұрақты назарда тұрған тақырып. Бұл жолғы сенбілік те өз деңгейінде өткізілді. Әрбір мекеме, ұжым мүшелері өздеріне бекітілген аумақта тазалық жұмысын жүргізіп, туған жерінің көркеюіне өз үлестерін қосты.

Сенбілікке қатысушылар аудан орталығындағы Бекетай би, Ш.Айманов, Абай, Ж.Нұрпейісов, Ә.Жұбаниязов көшесіндегі сорлы аймақтар мен «Барсакелмес» табиғи қорығының, ескі және жаңа аудандық аурухана мен Н.Байымбетов көшесінде орналасқан қорымның арқа беткейін, Сырлыбай батыр көшесінің соңғы жағын, Бегім ана көшесі, қорым айналасы, аудандық өрт сөндіру бөлімшесінің маңын, Ж.Тәжімбетов көшесінің артқы жағын және «Арал-Аэропорт» автокөлік жолының екі жақ белдеуін қоқыстан тазартуға белсене атсалысты.

Арал ауданы әкімі Серік Сермағамбетов қала тазалығын сақтау мақсатында бөлінген секторларды аралап, істелген жұмыстарды көзімен көрді. Аралау барысында аудан әкімінің назарынан кейбір олқылықтар да қалыс қалмады. Мәселен, тазартылған аймақтарға қоқыс тастау әлі де жалғасып келеді. Әкім көше комитеттерімен және учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, рейд шараларын күшейтуді, тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды тастағаны анықталса, тиісті айыппұл салуды тапсырды. Сондай-ақ Арал көпсалалы колледжінің маңындағы Тәжі палуан көшесіне (Суворов) шығатын қосалқы автокөлік жолдарын жабу қажеттігін, осы екі аралықтағы жерлерге қоқыс тастау азаймай тұрғанына қынжылыс білдіріп, кемшілікке жол бермеуді қадап тапсырды.

«Бірге таза Қазақстан акциясы» аясында өткізілген сенбілікке аудан бойынша 785 адам, 18 техника жұмылдырылып, 74 тонна қалдық тиісті орындарға төгілді.

Жыл басынан осы кезге дейін, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына сәйкес рұқсат етілмеген аумақтарға күл-қоқыс тастаған тұрғындарға 152 хаттама толтырылып, 1 221 385 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтар тастауға болмайтындығы туралы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу жалғасын табуда.

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: