Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Цифрлық аутизм» – қолдан жасалған қауіп

28.12.2023, 11:00 804

«Бала жыламаса болды» деп телефонын беріп құтылатындар жетеді бүгінде. Әсіресе, мұны жас отбасылар арасында жиі-жиі байқаймыз. Журналистік қызметіміз болғандықтан, сұрақ та қоямыз. Уәжі бар, «ойыншықпен ойнамайды, тез жалығады» дейді. Жалпы, мамандар телефонға деген тәуелділіктен «емделу» мүмкін екенін, ол үшін арнайы психотерапиялық жұмыстан бөлек, отбасылық көмектің маңызы зор екенін айтады. Бұл не деген сөз? Яғни, ең әуелі отбасында телефонға қатысты режим, нақты талап пен бақылаудың болғаны дұрыс. Ал, балаңызға тек телефон ұсынбай, ойыншықтарын алмастырып беруді әдетке айналдырғанның пайдасы бар. Бұл лайфхак өз жемісін береді. Өйткені, баланың жап-жаңа ойыншықтан да тез жалығатынын жақсы  білеміз.

Қызылорда облыстық Жастар денсаулығы орталығының психолог маманы Еркебұлан Әбсамат «цифрлық аутизм адамды рухани апатқа ұшыратты» деген пікірін айтты. Ол ата-аналардың «балаңды аясаң, аяма!»  деген  қағиданы  ұстанғанын  қалайды.

– Цифрлық аутизм. Бұл тақырып қазіргі кезде өте өзекті болып отыр.  Жалпы, үлкені де, кішісі де ақылын гаджеттерге алмастырды десек қателес­пейміз. Баланың дамуын өте жоғары қарқында тежеп отырған бұл дүние о баста адамның уақытын үнемдеу үшін шығарылған болатын. Ал қазір рухани апатқа ұшыратып отыр. Үлкенін есте сақтау қабілетінен айыра бастаса, кішісінің сөйлеу, ойлау дағдысынан жоюда. «Балаңды аясаң, аяма!» деген нақыл бар. Жылаған баланың қолына гаджет бергеннен, тәрбие берген артығырақ. Жылар, бірақ алдап ойынға аударып жібер­сеңіз, ұмытып кетеді, тек ерінбеу керек.

Ата-ананың бақылауы болмаса, мұнымен күресу кімге болса да қиынға соғады. Себебі, балаға тек ата-ана ғана билігін жүргізеді, – дейді  маман.

Журналист Дастанбек Садық «телефонды аурудың ошағы» деп бағалап отыр. Адамның, әсіресе балалардың санасын улау арқылы мәңгүрттікке  тәрбиелеп  жатқанына ашынады. Ең сорақысы, ата-­аналар сәбиінің телефон ұстап тынышталуын қалыпты құбылысқа балайды.

– Телефон – көзге  көрінбес  сан толқын атауын айтпас  аурудың  ошағы. Бөлінген  улы элементтерді қосыңыз. Таңын қалтафонмен  атырып, түнде  сол  құрылғыны  құшақтап ұйықтайтын кей кісілер мұны ескере ме? Әлде «өмірде зиянды емес зат жоқ» деген құрғақ желеу жетемізді әбден улаған ба? Әлеуметтік желі атаулы қалтафонға деген құлықты одан әрі аша түсті. Жұтылып бара жатқан сананы одан әрі улауға көшті. Көпшіліктің назарына жақсы сурет саламын деп кей желіккен таудан құлауда, үйден құлауда. Арыстанның араны, акуланың аузында кеткенін тағы санаңыз. Мәңгүрттік деген – осы, – деп  ашынады  ол.

Телефонның зияны туралы көп айтылады, жазылады. Тіпті, термин болып енді. «Цифрлық аутизм» – шынында XXI ғасыр пандемиясы. Ең сорақысы, оның қолдан жасалған қауіп екені.

– Осы ғасырдың дерті – цифрлық аутизм. Оған ешкім дау айта алмай­ды. Бұл – мидың бұзылуы, туабітті ауру емес, қолдан жасалған ауру. Қазіргі күні сәбилердің, балалардың ұялы телефонға телміріп қарауы, ойын ойнауы көбейіп кетті. Соның кесірінен телефонды көп қолданатын балаларда адамдармен байланыс жасау жоғалды, сөздік қоры азай­ды, сөйлеу қызметі бұзылды, дамымады, ұйқышылдық, шаршаңқылық, ұмытшақтық пайда болып жатыр. Бұл қатарға оқушылардың сабақ үлгерімі­нің нашарлауын, мінез-құлқының өзгеруін де қосуға болады. Теле­фон зиян­ды сәуле бөліп, адамның жүйке жүйесінің бұзылысына алып келе­ді. Ең бастысы, әр отбасы болашағы үшін, денсаулығы үшін телефон қолдануды шектеген дұрыс, – дейді №3 қалалық емхананың Салауатты өмір салтын  қалыптастыру  кабинетінің  дәрігері  Ағжан  Жандарбекова.

Шыны керек, бала тыныш болсын деп телефонды күнұзаққа беретін­дер бар. Мамандар 2-3 жасқа дейінгі балаларға әрі кетсе 1 сағат ғана телефонмен ойнауға не видео көруге рұқсат екенін айтады. Оның өзінде баланың іс-әрекетіне ата-ананың бақылауы маңызды. Психологтар XXI ғасыр пандемиясының емі оңай екенін айтып отыр. Ол үшін әр адам өзіне, баласына қатаң тәртіп орнатып, бақылау жасауы керек, телефоннан  тыйылуы  тиіс.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: