Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бірлік пен бақыт арнасы, қазақтың Қызылордасы!

20.10.2022, 12:00 258

Тұран төрінен орын сайлаған Сырдың сәулетті шаһары Қызылорда – қос ғасыр көшінде талай тарихи сәтті басынан өткерген, қалыптасу тарихының әр кезеңі жеке-жеке баяндалып, зерделенетін, сонымен қатар, азат еліміздің думан байрағына, салтанат тұғырына айналған қала.

Иә, «Алаштың Ақмешіті» атанып, қазақ елінің астанасы болған шаһар қазіргі таңда халықтың айнымас бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында экономикасы қарыштап дамыған, әлеуеті артқан қалалардың біріне айналып, бүгінгі заманға сай келбетке ие болуда. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қаланың, яғни тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің қарқынды дамуына шолу жасалатын қала күні барша қызылордалық асыға күтетін мерекелердің біріне айналды.

Биыл қала күнін мерекелеудің мәні ерекше. Түрлі форматтағы акциялар мен қайырымдылық істер, басқосулар бір ай бойы жалғасты. Қала көшелерін дүбірлеткен «Жастар карнавалы», этно-ауыл бағытындағы «Қырық қазан палау» жобасы тұрғындарды ерекше думанға бөледі. Кітап фестивалі, поэзия кеші рухани серпіліс сыйласа, «Жастық шағымның куәсі Қызылорда» ретро әндер фестивалі мерекенің көркін қыздырды. Ал, тұңғыш рет ұлттық спортты ұлықтаған «Бала барысы – 2022» ауқымды  іс-шарасы  көрермен  көңілінен шықты.

Апта соңында қала күніне арналған мереке мезіреті «Бірлік пен бақыт арнасы, қазақтың Қызылордасы!» атты гала-концертпен қорытындыланып, дала еңбеккерлерінің салтанатты кешіне, жан жадыратқан жәрмеңке мен аламан бәйгеге ұласты.

ЕСЕЛІ   ЕҢБЕК  ЕЛЕНГЕН  КҮН

Сыр өңірінің аграрлық саласы ел қазына­сының молаюына өз үлесін қосып, бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешіп отыр. Сонымен қатар, аймағымыздың аграрлық саласында егін шаруашылығының маңызы зор. Биылғы жылы 188,5 мың гектар жерге ауыл шаруа­шылығы дақылдары егіліп, оның ішінде негізгі дақыл күріштің әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алынды.  Сондай-ақ,  өңіріміз – әуелден күріш өсірумен даңқы шыққан мекен. Жалпы, аймағымыздың табиғи климаты және топырақ ерекшелігімен күріш өндірісі игерілгендіктен, «күріштің Отаны» болып  есептеледі. Биылғы жылдың шіліңгір ыстығына, майсыз топырақ желіне және суармалы судың аздығына қарамастан  облыста егілген  дақылдар  қамбамызды толтырды. Облыс диқандарының «былтырғы жылға қарағанда биыл әлдеқайда мол өнім аламыз» деген  үміттері ақталды. Биыл қанжығамыз майланып, қоржынымыз мол астық пен көп мал басына толып, аграрлық салада алға қарай жылжу бар екенін тағы бір дәлелдедік. 

Жылда облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің жылдық қорытындысы есептеліп, өндірілген өнімдердің пайыз­дық мөлшері белгіленіп, нәтижесінде тынбай тер төккен шаруалардың адал еңбегі жоғары бағаланады. Бүгінде егін жинау науқаны аяқталып, облыс әкімінің марапаттауымен «Алтын дән» салтанатты іс-шарасы өткізіліп, дала еңбеккер­лерінің пәрменді істері ақталды. Н.Беке­жанов атындағы драма театрында  жоғары дәрежеде өткізілген мерекелік кешті аймақ  басшысы Н.Нәлібаев ашып, өзінің алғыс-тілегін білдіріп,  сый-құрметін  көрсетті.

–  Біздің облыс еліміздің күрішке деген қажеттілігінің 90 пайызын өтеп келеді. Жыл сайын экспортқа 100 мың тонна көлемінде  күріш  шығарылуда.

Мемлекет басшысының қолдауымен Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттер арасындағы келіссөздер нәтижесінде су көлемі былтырғы деңгейден көбейді. Бұл ретте диқан қауымының ұсыныс-тілектерін ескере келе, Президентіміздің пәрменімен күріш егісі көлемін 78 600 гектар көлемінде қалдырдық.

Даланың дана диқаны Ыбырай Жа­қаев «егініне қарап – қырманы, күтіміне қарап – түсімі» деген. Күрделі жағдайға қарамастан күріштің әр гектарынан 70 центнерден аса өнім алған «Ақтөбе и к», «Жаңажол», «Абзал и К», «Мағжан и К», «Ақжарма и К», «Ақжарма – 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, күріштің әр гектарынан 90-100 центнерден  өнім алған күрішші-звеноводтарымыз­ды  мақтан  тұтамыз.

Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып,  халқымыздың құт-берекесі арта  берсін, – деді  облыс  әкімі.

Салтанатты іс-шарада ауыл шаруа­шылығы саласына елеулі үлес қосқан қос қайраткер Жарылқасын Шәрiпов пен Имамзада Шағыртаев «Қызыл­орда облысының Құрметтi азаматы» атанды. Сондай-ақ, бірқатар сала қыз­меткері облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министр­лігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруа­шылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал, жыл қоры­тындысымен топ жарған озаттар түрлі номинация иеленді. Сонымен бірге, әр шаруашылық басшылары өз қызметіне құнтты кіріскен, шаруашылыққа еңбегін сіңірген қызметкерлерге автокөлік сыйға тартты. Нақтырақ айта кететін болсақ, «Мағжан и К» ЖШС үздік қызметкерлеріне «Lada Vesta» жеңіл автокөлігін сыйға тартса, «Жаңажол», «Ақжарма и К» қожалықтары «Lada Granta» тұлпарын табыстады. Ал, «Таң ЛТД» ЖШС мен «Ақжар» шаруа қожалығының озат жұмысшылары «Chevrolet» автокөлігін мінді.

Аудандар арасында «Ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу саласы» номи­нациясы бойынша Қазалы ауданы марапатталса, «Мал шаруашылығы» саласында Арал ауданы үздік болды. Сондай-ақ, «Егін шаруашылығы» номи­нациясында Шиелі ауданы жеңімпаз атанды, ал «Агроөнеркәсіп кешенін дамыт­уда  ең  жоғарғы көрсеткіштерге қол  жеткізген  үздік  аудан» атағы Сырдария  ауданына  бұйырды.

Құрмет төрінен орын алған еңбек­керлер арасында озат шопан, бақша өсіруші, күріш өсіруші, комбайншы, агроном, бригадир арнайы алғысқа кенеліп,  ізгі  лебіздерін  білдірді.

– Бүгінгі Сыр елінің айтулы мерекесімен құттықтаймын. Өміріміздің барлығы ауыл шаруашылығымен тікелей байланыс­та болды. Қазірде еңбектен алыс емеспіз. Дала еңбегінде бірде болады, бірде болмай қалып жатады, сондай кезде еңбегіңнің еш кеткеніне қынжылып та қаласың, ал кейде өзің ойлағаннан да мол өнім беріп жатса, бір марқайып қуанасың. Бүгін сондай қуанышты күндердің бірі болып отыр. Осыншама еңбегімізді бағалап, құрметті азамат иегері атанып жатқаныма қуаныштымын, алғысым шексіз! Бүгінгі жас диқаншыларға да осындай марапат бұйырып, қоржынымыз астыққа тола берсін, – деді  Жарылқасын  Шәрiпов.

Мерекелік кеш концерттік бағдар­ламаға ұласып, Сыр елінің жарық жұлдыздары дала еңбеккерлерінің құрметіне әуезді ән айтып, күмбірлі күй шертіп, дала еңбегінен мағыналы қойылым қо­йып,  мерекені  думанға  бөледі.

КОНЦЕРТКЕ   КЕЛГЕНДЕРДІҢ  ҚАРАСЫ  КӨП   БОЛДЫ

Орталық стадион. 12 мың адам. Әсіресе, жастардың қарасы көп. Әрине, үлкен кісілер де жоқ емес. Барлығы қала күні аясындағы қорытынды гала-концертті тамашалауға келген. Күн райы да қарасып тұр. Салтанаты мен сәні келіскен мерекелі кеш те көп ұзамай басталды. Желмаяға мінген абыз сахнаны беттеп бара жатты. Театрландырылған көрініс осы жерден бастау алды. Әрі қарай айнала билеген, көтеріңкі көңіл күйде тұрған бишілер қауымы іс-шараның көркін сәт сайын қыздырумен болды. Еңбек озаттары стадионды айналып шеру жасады. Мұның өзі – әртүрлі мамандық иелеріне деген құрмет. Еңбеккерлерге деген халықтың ықыласы ерекше сезімде жал­ғасты. Ән де, би де, көтеріңкі көңіл күй де  осында  болды.

«Бірлік пен бақыт арнасы, қазақтың Қызылордасы» атауында өткен іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, қала тұрғындарын айтулы мерекемен  құттықтады.

– Баршаңызды қыдыр қонып, құт дарыған, ізгілік пен мейірімнің ордасы болған Қызылорда қаласының төл мерекесімен шын  жүректен  құттықтаймын!

Жылнамасында талай тарих қатталып, қос ғасырды өткерген Алаштың алғашқы астанасы Қызылорда – руха­ният алыптарының  ізі қалған, түрлі ізгіліктерді топтастырған қасиетті мекен, шырайлы  шаһар.

«Балалар жылына» тарту ретінде демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 80 ойын алаңы салынуда. Мерейтой  мезіретінде  бір  мезетте  17  ойын  алаңы  пайдалануға  беріледі.

Осы кезге дейін жерлестерімді алаң­датқан қоғамдық көлік проблемасына қатыс­ты  өңірге жаңа 150 автобус алу туралы шешімге келіп, қаражат бөлдік. Соның  нәтижесінде қыркүйек, қазан айла­рында жаңа 21 автобус келсе, Респуб­лика  күнінде қоғамдық көліктер қатарын тағы да 40 автобусқа толықтырамыз, – деді  Н.Нәлібаев.

Шынын айту керек, биыл Қызыл­орда қаласын мерекелеудің мәні ерекше болды. Түрлі форматтағы акциялар мен қайырым­дылық істер, басқосулар бір айы бойы  жалғасын тапты. Қала көше­ле­рін дүбірге бастаған «Жастар карнавалы», этно-ауыл форматындағы «Сырдың қырық қазаны» жобасы тұрғындарды ерекше думанға бөледі. Әсіресе, соңғысы  «Қызылорда – ақмаржанның  отаны» деген сөзді дәлелдей түсіп, ынтымағы мен бірлігі жарасқан өңірдің ырысын арттырды. Одан бөлек, кітап фестивалі, поэзия кеші қызылордалықтарға рухани серпіліс әкелсе, «Жастық шағымның куәсі Қызыл­орда» ретро әндер фестивалі мерекенің  көркін қыздыра түсті. Ал, тұңғыш рет ұлттық спортты ұлықтаған «Бала  барысы – 2022»  ауқымды іс-шарасы  көрер­мен  көңілінен шықты. Әлбетте, «Балалар жылы» деп арнайы ат қойып, айдар таққандықтан, бала барыстарды қолдау­ды сырбойылықтардың бастауы тегіннен-тегін емес. Оның үстіне болашақ «Қазақстан барысын», «Әлем барысын» тәрбиелеуде бұл спорттық іс-шараның маңызы жоғары. Өткенді сынау емес, десе де бұған дейінгі қала күні аясындағы іс-шараларға ел арасында ара-тұра мін тағылатын. «Жалпыға бірдей ұнау мүмкін емес» дегенді осы жолы бір ай бойы үздіксіз жалғасқан іс-шаралар легі жоққа  шығарғандай.

– Құрметті қала тұрғындары және қонақтары! Баршаңызды қала күні мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңыз аман болып, шаңырақтарыңыздан  шаттық  кетпесін!  Қала күнін көтеріңкі көңіл күйде той­лайық! – деді Қызылорда қаласының  әкімі  Асылбек  Шәменов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорданы қазақтың алтын бесігіне теңеп, даму сатысындағы стратегиялық маңызы бар өңір деп атағаны көпшілікке белгілі. Бұған дейін қала­лық мәслихаттың кезекті сессиясында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы­на ерекше еңбегі сіңген азаматтарға «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсынысы мақұлданған болатын. Құрмет­ке бөленгендердің арасында Әмзеев Қадыр Әмзеұлы, Әбдіраймов Сәбит Бекмағанбетұлы, Әбдіхалықова Елена Мәжитқызы, Бақытбекұлы Нұркен, Омаралиев Болат Шама­ұлы, Тәуіпбаев Сұлтанбек Тәуіпбайұлы, Тайлақбаев Бақтияр Байқараұлы, Каркимбаев Абдикапбар, Кайыпов Биғали Әбдікерұлылар  болды.

Осылайша, 12 мыңға жуық көрермен жиылған мерекелік іс-шарада қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары қызыло­рдалықтарға ерекше көңіл күй сыйлады.

ЖАН  ЖАДЫРАТҚАН  ЖӘРМЕҢКЕ

Сыр диқандарының күз келгенде барлық егін-тегінді жинап, жер-жаһанға жария етіп, сабантой жасайтынын барша жұрт жатқа біледі. Астықтың көлемі диқаншылардың дидарына қуаныш сыйла­са, аста-төк жәрмеңке өткізіліп, «Алтын дәннің» мерейін тасытады. Деген­мен, Сырдария суын пайдаланатын шаруалар тек күріш емес, сонымен қоса түрлі бақша дақылдарын егіп, оны сыртқа экспорттайды. Өңірге де сатып, халық арасында астық тапшылығы болмай­тыны рас. Және аймақ халқы да осы жәрмеңке басталар уақытта оның көркін қыздырып, саудасын жүргізеді әрі нарықтағы бағадан арзан өнімді сатып алып, басы бір арнада тоғысады. Міне, өткен аптаның сенбі күні барлық ауданның облыс орталығында «Алтын дән» мерекесі тойланып, жадыратқан жәрмеңкесі өткізілді. Қала орталығына жақын  орналасқан  шағын  ықшам аудандарда жеті ауданның жәрмеңкесі беріліп, барлық қала тұрғындарына күздің лебін, несібе-ырысын ұсынды. Әрі әрбір жәрмеңке өткен жерге сахна құрылып, ән айтылып, күй тартылып, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен шаһар басшысы Асылбек Шаменов барлық ауданның жәрмеңкесін аралап, тұрғындармен кездесіп, арнайы ұйым­дастырылған концерттің көрермені болып  қайтты.

Қамбасы астыққа толған ауылдағы ағайынның  538  жүк  көлігіне  тиелген  2 мың тоннаға жуық өнімі облыс орталығына әкелініп, тұрғындарға ұсынылды. Таң азанымен басталған жәрмеңкеге халық та ұйқысынан ерте тұрып, жиылған. Мұнда әдеттегідей күріш дақылына да сұраныс жоғары болды. Бірақ қауын-қарбыз бен тамаққа қажет­ті картоп, пияз да осал сатылмады. Сұраныстың көп болатынын білгендей, диқандар әрбір әкелген өнімді молынан жеткізді. Сәйкесінше, сатылым да жоғары деңгейде болды.

Қызылорда қаласының жәрмеңкесі «Тағзым алаңында» болып, онда диқандар мен кәсіпкерлер 65  жүк  көлігіне  тиелген 145 тонна өнім әкелді. Оның ішінде 23 тонна картоп, 20 тонна сәбіз, 12 тонна жуа, 8,5 тонна қырыққабат, 5 тонна асхана қызылшасы, 10 тонна қауын-қарбыз, 10 тонна асқабақ, 2 көлік уақ мал (қой-ешкі), 1 көлік шөп,  30 тонна ақ күріш, 5 тонна сиыр еті, 900 келі қой еті, 1,5 тонна жылқы еті, 600 келі шұжық, 500 келі сөк-талқан, 8 тонна балық өнімі қала тұрғындарына базар бағасынан 15-25 пайызға төмен ұсынылған. Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы  бөлімінің  басшысы  Нұрбек  Әзірбек  мәлімдеді.

Ал Қармақшы ауданының жәр­меңкесі «Ақмешіт»  мөлтек ауданындағы Журба көшесінде өтті. Ауданнан 56 жүк көлігіне тиелген 171 тонна ауыл шаруашылығы өнімі әкелінген. Оның 31 тоннасы – күріш, 1,3 тоннасы – ет және балық өнімі. Және 120 тонна бақша  өнімдері әкелінсе, 40 литр сүт, шұбат, 200 келіге жуық кондитерлік өнім жеткізілген.

– Мұнда жәрмеңкеге әкелінген барлық өнім тұрғындарға расымен арзан бағада сатылып жатыр. Біз осыған қуанып, таң азанмен немеремді ертіп, тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдерін алуға келдік. Қармақшылықтардың  егін-тегіні тұрғындардың қуанышын еселеп, біраз уақытқа  арналған  картоп, пиязды арзан­датып  беріп жатыр. Бұл жәрмеңке алдағы  уақытта да жалғасып тұрса, қуа­намыз, – деді  қала тұрғыны, зейнеткер Мәриям  Қалиқызы.

Жалағаштықтардың  жәрмеңкесі  Тит­ов  қыстағындағы Ә.Қашаубаев және Жетікөл көшелерінің қиылысында өтті. Ауданнан 85 жүк көлігіне тиелген 250 тонна ауыл шаруашылығы  өнімі тұрғындарға 10-15 пайыз жеңілдікпен ұсынылған. Тиісінше, бақша өнімдері мен күріш дақылының сатылымы жо­ғары  деңгейде  болған.

Жанқожа  батыр  көшесінде жәрмең­ке өткізген Сырдария ауданының да ауыл шаруашылық өнімдері тұрғындардың қалтасына 10-15 пайыз жеңілдікке түсті.  Мұнда  54  жүк көлігімен келген 170 тоннадан асатын 30 түрлі бақша дақылы  жәрмеңкені  жандандырды.

Десек те, С.Торайғыров  көшесінде  өткен  Арал  ауданының ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкесі ерекше болды. Себе­бі  бұл  жәрмеңкеге  теңіздің  ба­лы­ғы әкелініп,  тұрғындардың  сұранысы толық қанағаттандырылды. Мұнда 15 жүк көлігімен азық-түлік әкелініп, нарық бағасынан төмен бағада сатылған. Оның ішінде 15 тонна балық, 5 тоннадан астам ет (жылқы, сиыр, түйе малының еті), 3 тонна ас тұзы, 60 тонна көкөніс пен бақша өнімдері әкелінсе,  120 бас уақ мал жеткізілген. Жәрмеңкеде астық дақылдарынан бөлек барлық сүт өнімдері де сатылған. Бұл туралы Арал ауданы  әкімінің  орынбасары  Еркін  Әбішев айтып  берді.

Қаладағы «Шұғыла» мөлтек ауда­нын­дағы Ғ.Мұратбаев пен Қ.Ясауи көшесінің қиылысында Қазалы ауданы  диқандарының өнімі тұрғындарға ұсы­нылды. Ондағылар  50  көлікпен 100 тон­наға жуық өнім жеткізіп, бренді саналатын «Қазалы» тәттісін де арзан бағада сөреге қойды. Жалпы,  12 тонна күріш, 34 тоннадан астам көкөніс, картоп және бақша өнімдері, 3 жарым тонна сүт,  10 тонна  ет  пен  балық  өнімі  әкелінген.

Жаңақорғандықтар  жаймасын  Ас­тана даңғылының бойында жайды.  82 жүк көлігімен жеткен 300 тонна ауыл шаруа­шылығы өнімдері таңсәріден саты­лып, қала  тұрғындарына  арзан бағамен ұсыныл­ған  болатын. Ал  шие­лілік  диқандардың ауыл шаруашылық өнімдері  72 жүк көлігімен  жеткізіліп, 260  тонна өнім жәрмеңкенің көркін қыз­дырған. Шиелі ауданының ұйым­дастырған жәрмеңкесі Тасбөгет кентінің орталығында өткізілді. Таңнан түс ауғанша жалғасқан «Алтын дән» мерекелік жәрмеңкесі бұдан кейін де ұйымдастыр­латын болады. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы  Талғат Дүйсебаев  мәлімдеді.

– «Алтын дән» мерекесі аясында биыл диқаншылар су тапшылығы және басқа да қиындықтарға  қарамастан   мол өнімге қол жеткізіп келеді. Қызылорда қаласын­да 8 жерде үлкен жәрмеңке өткізілді. Бұл жәрмеңкеге ауыл шаруашылығының мамандары мол өнім жеткізді. Барлығын қосқанда 2000 тоннаға жуық өнім әкелінді. Барлық өнімнің жалпы құны 500 миллион теңгеден асады. Негізінен ет, балық өнімі нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан сатылды. Жалпы, бұл жәрмеңке енді арнайы кестеге сәйкес апта сайын жыл соңына дейін  өткізіліп  отырады, – деді  ол.

ЖЕЛМЕН   ЖАРЫСҚАН  ЖҮЙРІКТЕР

Республика күніне орай «Алтын дән – 2022» мерекесі аясында Ипподром алаңында аламан бәйге ұйымдастырылды. Ұлттық спортқа жанашыр тұрғындар шабандоздардың шабысын байқап, бәйге алаңына  асыққан  азаматтарға  рух  берді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабар­лауынша, айтулы додада биыл ұлттық ат спортының 4 түрінен 100-ге жуық шабандоз бас қосып, бақтарын сынады. Еліміздің бірнеше аймағынан сәйгүлігін сайлап келген шабандоздар қызылордалықтарға  ерекше  көңіл  күй  сыйлады.

Облыс әкімі зиялы қауыммен бірге аламан  бәйгеге  барып,  жүйріктер  жары­сын  тамашалады.

Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түскен сайыста шын мықты анықталды. Яғни, 5 шақырымды артқа тастаған тай жарыста шиелілік Дамир Әуезхан І орынды иеленсе, 11 шақырымды құрайтын құнан бәйгеде жалағаштық шабандоз Ержан Әлихан бірінші болып келді. Ал, 15 шақырымды оңай еңсерген топ бәйгеде жамбылдық Асылжан Назар мәре  сызығына  ең  алғаш  болып жетіп, 2 миллион теңге иеленді. Аламан бәйге­нің жүлдесі жалағаштық Ержан Әлихан­ға  бұйырды. Шабандозға 4 миллион теңге­нің  сертификаты  табысталды.

Облыс  әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  аламанға ат қосып, бәйгеде бабын байқап, жүйрік атанған нар азаматтарды құттықтады.

Айта кетейік, соңғы жылдары өңірде ұлттық спорт бұқаралық сипат алып келеді. Облыста 16 мыңнан аса спортшы ұлттық спорт түрімен шұғылданады. Олардың әрқайсысы үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, ел абыройын асқақтатып, әлемдік ареналарда көк туды желбіретіп жүр.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ,

Рыскелді  ЖАХМАН,

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: