Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бейбіт шеруден бүлікшілерге дейін

10.01.2022, 12:00 266

Халық тығырыққа тірелді. Қымбатшылық қысты, елге тықыр таянды. Отыз жылда көгеріп, көктейміз деген елдің сеніміне селкеу түсті. Билік пен бұқара арасындағы байланыс үзілді. Мемлекет қазынаны қымқыруға, халық қара басын күйттеуге көшті. Саяси жүйе күйреді, ел еңсесін тіктеуге қауқарсыз болып қалды. Қазыналы жерде отырып, қазанында асы болмаған халық ашынды. Елдің жайын ести тұра биліктегілер ысырапшылдығын, бостан-бос, құр қаржы шашу, ұрлау, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жасаудан қолы тиген жоқ, тимей келеді. Шыдамның  шегін ширату ісі Маңғыстау облысынан, нақты айтқанда Жаңаөзеннен басталды. Басы бейбіт түрде  басталған  шерудің соңы  радикалдық лаңға ұласты. Және бұл еліміздің бір емес бірнеше өңірінде  қамтылды.

Маңғыстаулықтардың о бас­тағы талап-тілегі сұйытыл­ған мұнай газының бағасын тө­мендету туралы болған. Кейін  олармен қоса, еліміздің барлық өңірінен бас көтере бастады. Талап-тілек те қоюлана түсті. Енді тек газ, жанар-жағармайдың бағасы ғана емес, бүйір­ден қысқан қымбатшылық, ана мен бала жағдайы және өзге де маңызды мәселелер алдыға шықты. Талайдың талабы саясилана түсті. Қызылордалықтар да бұл дүбірден тыс қалған жоқ. Арал, Қазалы аудандары, одан қалды қала орталығындағы «Арай» сауда үйінің алдына бұқара бір мезетте жиналып, жергілікті әкімдікке мұң-шерін жеткізді. Алдымен қала басшысы Ғ.Қазантаев келіп халықты тыңдаған сыңай танытты. Содан соң облыс әкімі Г.Әбдіқалықова да бой көрсетті. Бұқара арасында басбұзарлық әрекеттер болған жоқ, бәрі бейбіт тұрған еді. Кейбір таратылған ақпараттарда қос қолын айқастырып, көлікке салып алып кетіп жатқандар көрініп қалды. Алайда олар тура­лы ресми мәліметтер болмады. Қош, жергілікті биліктің нендей шешім қабылдайтыны беймәлім болды. Бастысы, ел айтарын айтты. Жергілікті билік те, Үкімет те қой мінезді санайтын қазақтың да бір ашуының бар  екенін  білді.

Үкімет деп қалдық, оның да жайын айтайық. Бас көтергендер Үкіметтің биліктен кетуін сұрады. Олай деуге себеп көп-ақ. Қымбатшылық алқымнан қысып, ел тығырыққа тіреліп, айлығы шайлығынан ауыспай, кедейлік кебін киіп жүргенде Үкімет қажетті шаралар қолданған жоқ. «Соқыр үкіметтің» жұртқа құны бес тиын. Баға тұрақсыздығының өзі – бөлек мәселе. Бұны мемлекет басшы­сының өзі де біліп отыр. Халықтың бас көтеруі соңғы түрткі болды ма, әлде «еститін мемлекет» функциясының да бар екенін билік білдіргісі келді ме, Президент Қ.Тоқаев Үкіметбасын да, оның жасағын да таратып жіберді. ҚР Конституциясының 70-бабына сәйкес Премьер-Министрді босатып, уақытша міндетін атқарушы қызметі  Әлихан Смайыловқа жүктелді. Қасым-Жомарт То­қаев өз  сөзінде инфляцияға жол бермеу атқарушы биліктің бас­ты міндеттерінің бірі екенін, бірақ оның орындалмағанын айтты.

Елдегі екі-үш күннен бергі жағдайдан кейін бұқара да биліктен бір өзгерістің болуын күтетіні анық. Осының ізін ала бере Президент Қ.Тоқаев билік басындағы халықтың шын жанашы­рларының басын қосып, елдің әлеуметтік-эконо­микалық жағдайына байла­нысты  кеңес  өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтік комиссияға, құқық қорғау органдарына және Маңғыстау облысының әкіміне жағдайды тұрақтандыру жұмыстары үшін алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының артуына байланыс­ты халық­тың наразылығын туды­рғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, сондай-ақ «Қазмұнайгаз» бен «Қазақгаз» кәсіпорындары кінәлі екенін айтты. Мемлекет басшысы өзінің былтыр маусым айында, Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысын да сынға алды. Содан соң қазіргі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ең алдымен атқарылатын шаралар туралы  баяндады.

– Біріншіден, мен Маңғыстау бойынша Үкіметтік комиссия­ның ұсынған шаралар кешенін мақұлдаймын. Екіншіден, монополияға қарсы органға Кәсіпкерлік кодекстің 119-бабына сәйкес сұйытылған газдың бағаларын 180 күнге уақытша бағалық реттеуді енгізуді тапсырамын. Облыстарда халық үшін шекті бағалар өткен жылдың соңындағы баға деңгейінен аспауға тиіс. Үшіншіден, Үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға шегеруді тапсырамын. Осы кезең­де нормативтік-құқықтық базаны мұқият әзірлеп, сауда алаңдары  жұмысының  ашық  болуын қамтамасыз ету, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізу қажет. Төртіншіден, Бас прокуратураға бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді тапсырамын. Тергеуді жедел жүргізіңіз. Жиырма күн ішінде есеп  беріңіз, – деді.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-эконо­микалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсыр­ма  берді. Олардың ішінде:

– Мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) баға­сына  мемлекеттік  реттеуді 180   күнге   енгізу;

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу. Шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің  әкімдері  қабылдайды;

–  «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге  кірісу;

– Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру;

– Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру;

– Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру мәселелері  бар.

Халық арасындағы бас көтеру қозғалыстарының арандатушылыққа ұласқаны билік басындағыларға шұғыл шешім қабылдауға итермеледі. Қаңтар айының бесі күні бүлікшілер Қызылорда қаласындағы мемлекеттік органдардың ғимараттарына жаппай шабуыл жасап,  террорлық әрекеттерге барған. Орталық алаңда орналасқан облыстық сот ғимаратының кіреберіс орны мен бір­неше кабинеттер өртке оранған. Сондай-ақ «Nur Otan» партия­сының ғимараты, облыстық жол полициясы, Қызылорда облысы әкімдігінің автотұрағы және мемлекеттік органдардың қызметтік көліктерін өртеген. Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазыловтың айтуынша, бас-аяғы 20 шақты адам өлімі тіркелген. Сонымен бірге, ауыр жарақат алғандардың да  қарасы  көп.

Президент бұның барлығын террористік әрекет және мұндай жойқын күш көрсету үшін сырт­тан үлкен дайындықпен келген деп есептейді. Дереу көрші мемлекеттерден көмек сұрап, барлық мемлекеттік органдар мен әскери нысандардың қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етті. Енді мемлекет басшысы ұйым­дастырушыларды анық­тауды ҚР  Бас  прокуратурасы мен      ҚР ҰҚК-не тапсыр­ды. Сондай ҚР Президенті Қ.То­қаев Үкіметке де бірқатар тапсырмалар  берді.  Оның  ішінде:

– Өңірлердің әкімдеріне қаза болған полиция қызметкерлері мен Қарулы Күштер әскери қыз­метшілерінің отбасыларына лайықты материалдық көмек көрсету;

– Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Ішкі істер министр­лігімен бірлесіп, қыл­мыс­тық топтардың іс-әрекеттері салдарынан зардап шеккендер мен із-түзсіз жоғалып кеткендер туралы ақпаратты халыққа ұсыну үшін 1414 call-орта­лығының  базасында  тікелей  желі  ұйымдастыру;

– Әкімдерге коммуналдық қыз­мет түрлерінің, қоғамдық көлік пен әлеуметтік инфра­құрылым нысандарының жұмысын  тұрақтандыру;

– ҚР Сыртқы істер министр­лігіне шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және басқа да серіктестермен арадағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың қазіргі мәселелері бойынша тұрақты байланысты қамтамасыз ету жөнінде  тапсырмалар   берілді.

Нақты тапсырмалар берумен қатар, ел президенті халық­қа «мемлекеттің басшысы ретінде Конституциялық заңға сәйкес, мынадай қиын-қыстау кезеңде елмен бірге қиындықтарды еңсеремін» деген қамқоршылық сөзін жеткізді. Күні кеше ғана Қазақстан халқына үндеу жариялап, елде заңдылық пен тәртіп орнату мақсатында атқарылып жатқан мәселелерді баяндады.

– Алматы, Ақтөбе қалалары мен Алматы облысындағы жағдай қалпына келтірілді. Енгізілген төтенше жағдай режимі өз нәтижесін берді. Бүкіл еліміз бойынша конституциялық заңдылық орнатылды. Бірақ террористер мемлекеттік және жеке азаматтардың дүние-мүлкіне әлі де залалын келтіріп, азаматтарға қарсы қару қолдануда. Құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім. Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылуда. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін? Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлар­мен және лаңкестермен. Сондықтан оларды жою керек. Бұл жуық арада жүзеге асырылады, – деді  ол.

Бейбіт түрдегі бас көтерудің соңы лаңкестік әрекеттерге ұлас­ты. Қарапайым халық арандатушылардың лаңына ерді. Нәтижесінде қан төгілді, адам өлімі тіркелді. Қазір еліміздің барлық өңірілерінде төтенше жағдай жарияланды, жағдай біршама тұрақталған. Бейбіт елдің ішінде лаң салып, қарапайым халықты арандатқандар жазасыз қалмасы анық. Ендігі жерде халық сабырға, арандату­шылар ақылға келсе болғаны.

Ә.АЛДАБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: