Қазіргі таңда «жетім көрсең, жебей жүр» деген қазақтар бала асырап алу жағынан көңіл қуантып келеді. Жалғыз қалған кішкентай балаға толыққанды отбасында өмір сыйлауға асыққан жандардың көбеюі былтырғы жылға қарағанда едәуір артқан. Дегенмен, бала асырап алу процесінің ұзаққа созылуы, керек емес құжаттардың дайындалуы, медициналық құжаттардың көптігі көңілге кірбің түсіріп ғана қоймай, жетімдердің азаюына да кедергісін келтіреді. Бала асырап алудың жолы қандай? Жалпы, осы турасында көбі «іздену қиын, құжаты шаршатып жібереді» дейді. Бұқараның бұл шағымы рас па? Себебін анықтап көрейік…
БАЛА АСЫРАП АЛУ ОҢАЙ МА?
Қазір бала асырап алу үлкен мәселеге айналуда. Уақытың мен шыдамыңды тауысатын құжатбастылықтың салдарынан сабыры таусылған ата-аналардың бала асырап алуға деген құлқы қашады. Мұндай жағдайлар көп кездеседі. Сондықтан, жетім балалардың бақыты мен ата-аналардың қуанышын құр қағаздың көптігінен құртып алмағанымыз дұрыс. Қазақстандағы бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттігінің мәліметінше, бала асырап алу туралы құжаттар тізімі электрондық үкіметтің egov.kz сайтында орналасқан. Ол жерде нақты құжаттар тізімі көрсетілген. Сондай-ақ, электронды құжат тапсыру кезеңі де жүзеге асып келеді. Қазіргі таңда бала асырап алғысы келетін отбасылар қандай құжаттар тізімін әзірлейді және оларға қойылатын талаптар қандай? Бұл жайлы көптеген бала сүйгісі келетін отбасы хабарсыз немесе дайындалатын құжаттар мен қойылатын талаптардың көптігінен үрейленетіні де рас. Сондай-ақ, соңғы жылдары бала асырап алушылардың талаптарына ата-аналар мектебін аяқтап, арнайы сертификат алу міндеттелді. Бұл да құр уақытты алу үшін жасалғандай. Десек те, бала асырап алушылар қандай құжат әзірлеп, қандай талаптарды орындайтынын түсіндіріп өткеніміз дұрыс.
Бұл тақырыпты қозғамас бұрын Қызылорда қалалық білім бөлімінің жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға хат жолдап, жауап алғанды жөн көрдік. Мәліметтерді алу ұзаққа созылғанымен, әйтеуір керекті ақпаратқа қол жеткіздік. Олардың мәліметінше, Қазақстан Республикасында бала асырап алудың тәртібі, одан туындайтын құқықтар мен міндеттер және бала асырап алудың өзге де мәселелері бойынша «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №518-IV Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 13-тарауы 84-110-баптарына және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №380 қаулысына (бұдан әрі – Қаулы) сәйкес жүзеге асырылады.
Осы Кодекс бойынша:
• асырап алушы ата-ана болуға тілек білдірушілердің жеке куәліктерінің көшірмелері;
• бала асырап алғысы келетіні туралы және тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларына тексеру жүргізу туралы өтініш;
• отбасы жағдайы туралы анықтама (отбасылы адамдарға – неке туралы куәліктің көшірмесі, тұрмыс құрмаған және бойдақтар үшін – некеде тұрмайтыны туралы нотариалды расталған анықтама);
• ерлі-зайыптылардың біреуінің асырап алуға жазбаша келісімі (егер баланы басқа жұбайы асырап алса);
• жиынтық табыс мөлшері туралы анықтама;
• тұрғын үйді сатып алу-сату туралы шарттың немесе жалға алу шартының көшірмесі;
• бала асырап алушылардың денсаулық жағдайы туралы анықтама, оның ішінде психикалық, есірткіге, алкогольге тәуелділіктің жоғы және сотталмағаны туралы анықтама.
Осылайша, қамқоршы органдар 10 күн ішінде тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларға тексеру жүргізіп, 5 күн ішінде нәтижесін хабардар етеді. Құжаттардың толық пакетін жинағаннан кейін бала асырап алу процесі кемінде екі айға созылады. Бұл өтініштер мен құжаттарды қорғаншылық немесе қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын органға немесе Республикалық деректер банкі арқылы тапсырады. Жіберілген құжаттарды арнайы комиссия құрамы тексеріп, олардың жауабын тағы күтеді. Одан қалды 3 айлық ата-аналар мектебін бітіріп, сертификатын алу да уақытты алады. Сонымен қатар, толық медициналық тексерістен өтудің өзі біршама күнді артқа тастайды.
БАЛА АСЫРАП АЛҒАНДАР ДА, ҚАЙТАРЫП БЕРГЕНДЕР ДЕ КӨП
Жалпы, қаламызда 2021 жылы 36 бала, 2022 жылы 32 бала асыра алынса, қазіргі таңда қала бойынша 0-18 жас аралығында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 493 бала бар. Оның ішінде 372 бала отбасында тәрбие алса, 121 бала жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарында тәрбиеленуде. Және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығында әртүрлі диагнозбен 58 мүмкіндігі шектеулі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Бүгінде бала асырап алу қарқыны қаншалықты өссе, қайтарып беру де сейілмей тұр. Осы тұрғыда, өңірімізде бала асырап алған қала тұрғыны Миуа Байназаровамен тілдесіп, пікір алдық. Оның айтуынша, бала асырап алғысы келетін қарапайым жандар құжаттың көптігінің әсері мен уақыттың ұзақтығынан бас тартатыны жалған емес дейді.
– …Себебі, өзім үш ай бойы құжаттың салдарымен жүрсем, үш ай бойы оқу оқыдым, артынша екі айдан кейін баланы қолыма зорға берілді. Сонымен, 8-9 ай дегенде бір баланы әзер алдым. Тексерілмеген жерім, кірмеген есігім қалмады. Кейін ол баланы тәрбиелеп, оқыту да қиынға соқты. Негізінде құжатың қабылданып, баланы саған беруге келісім шыққаннан кейін ол баламен кездесіп, өзіңе, үйіңе үйретуің үшін беру керек, олай болмаса өте қиынға соғады. Маған олай берілген жоқ, қолыма алу үшін ұзақ күттім, – дейді ол.
«Сондай-ақ, бала асырап алу кезінде ата-аналарды оқытатын үш айлық курстан да аса ештеңе үйренбедім, бәрі жас қыздар, әлі бала сүйіп, өмір көрмеген жандар үлкен қадамға барып отырған отбасыларды оқытатынына таңқалдым. Бұл мәселені қайта қарау керек» деп үш айлық мектептің жобасына көңілі толмайтынын жеткізді.
Ал бала асырап алуды шариғат бойынша қарастырсақ, бұл жағдайға имамдар үлкен дайындық пен төзімділік, жауапкершілік аса қажет екенін айтады. Осы турасында «кейін балаға асырап алғаның туралы айтқан дұрыс па? Асырап алынған балаға мирас қалдырыла ма?» деген сауалдарға имам жауап берді.
– Бала асырап алу мәселесіне қатысты Құран Кәрім бізге: «…және асырандыларың бел балаларың бола алмайды. Бұларың ауызша сөздерің ғана. Алла шындықты айтады да ол тура жолды көрсетеді. Оларды әкелерімен шақырыңдар. Сол Алланың қасында турарақ. Егер әкелерін білмесеңдер, сонда олар дінде туыстарың, достарың…», – деп үйретеді. Бала асырап алу – үлкен сауапты амал. Жетім немесе тастанды баланы бауырына салып, өз баласындай бар мейірімі мен қамқорлығына бөлеп, балаға лайықты тәрбие беріп, мейірімін аямай, қамқорлық ету – Алла дінінде мақтаулы іс. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жетім балаға қамқорлық етушінің дәрежесі жайлы: «Мен жетімге қамқоршы болған кісімен жәннатта біргемін» – деп, сұқ саусағы мен орта саусағын көрсеткен екен. Яғни, әке-шеше мейіріміне мұқтаж балаға қамқорлық етудің сыйы – жәннатта пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жанында болу. Бұл – ең үлкен мәртебе. Дегенмен, асыл дінімізде бала асырап алуға байланысты бірқатар шарт барын ескергеніміз дұрыс. Құран Кәрім үкімі бойынша, кісіге асыраған баласына өз тегіне жазып, оған бел баласына ғана тән құқықтар беруге тиым салынады. Асыранды бала асыраушының етжақын әйел туыстарын әпке-қарындас деп олармен махрам ретінде араласуы шариғатқа сай емес. Тегі мен қаны бөтен болған соң мұндай қарым-қатынасқа тиым етіледі. Бұл – асыранды баланы жатсыну емес, тек пен қанды құрмет ету және шариғат талабын орындау. Сондай-ақ, баладан оның ата-тегін жасырып, бала санасына «сен – менің баламсың, сенің руың – мынау» деп, асыраушыны ата-ана деп қабылдатуға қатаң тыйым салынады. Қамқоршы өзі асыраған балаға дүние-мүлкін мирас етіп емес, көзі тірісінде сыйлық ретінде беруіне және өсиет ретінде дүниесінің үштен бірінің ішінен беруге құқылы. Құран Кәрімде: «Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдармен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу етеді. Күдіксіз ол – толық білуші, аса күшті» деп айтылған. Адамның бала сүюі немесе ұрпақсыз өтуі Алла тағаланың қалауы және сынақ деп қабыл алу керек, – деді «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы Нұрдәулет Сұлтан.
БАЛА АСЫРАП АЛУҒА КІМДЕР ҚҰҚЫЛЫ?
Сәбилі болу бұйырмаған отбасылар уақыт өте ес кірген бүлдіршінді асырап алуға ниеттеніп жатады. Ал бала асырап алу үшін өзімен қатар өзгенің өміріне де жауапкершілікпен қарап, кезіккен қиындықтарға шыдамдылық таныту қажет. Алайда, бұл жағдайда көпшілігі жауапсыздық танытып келеді. Сондықтан болар баланың болашағы мен күткен үмітін өшіріп алмау үшін бала асырау жолдарын күрделі етіп қойған. Сонымен төмендегі талапқа сай келсеңіз ғана бала асырап алуға толықтай құқылысыз. Бірінші кезекте тұрақты тұрғылықты жеріңіз бен толық денсаулығыңыз болса және сотталмаған, азаматтығыңыз болса, табыс көзі бар және наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлік есепте тұрмасаңыз. Сондай-ақ, адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халық денсаулығына және имандылыққа, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адам болмасаңыз, сізде бала асырап алуда мәселелер туындамайды.
ТҮЙІН. Адам өмірінің мәні – бала. Ол өзгенің қаны болса да, әрбір бала тәтті, қылықты болады. Баласыз өмірдің қызығы жоқ екенін түсінген жандар қалай да болса, бала асырап алуға тырысып жатады, ал бір баланың амандығына жауап бере алмай жатқандар қаншама?! Сондықтан, жетімсіреп қалған бүлдіршіндердің жүзіне күлкі, бойына қуаныш сыйлау үшін басты нәрсе құжатқа емес, жүректегі сенімділікпен махаббатқа байланысты.
О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Сәлепетсіздер ме? Менің сұрайын дегенім жаңа туған сәбиді асырап алуға болама? Сәби сүю бақытынан айырылған отбасымыз 😭