Өткен күнімізге көз тастап, ой елегінен өткізіп қарасақ, арыға бармай-ақ тәуелсіздік алған күннен бері қарай елімізде қаншама игі іс атқарылды. Осындай толымды тірлік Арал ауданынан шалғай, яғни 165 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңақұрылыс елді мекенінде де жүзеге асуда.
Негізгі тақырыпқа көшпей тұрып, өткенді тізбелесек. Әрине, халықтың тілегі бір күнде орындала бермейді. Әрбір іс кезең-кезеңімен атқарылады. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай Жаңақұрылыс елді мекенінде халық игілігі үшін бірталай жұмыс атқарылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде көптеген қиыншылық туындады. (Яғни, балалардың жәрдемақысы, зейнетақы, жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақысы, т.б.). Сол қиыншылықтар кезінде ауыл тұрғындары ауызбірлігінің арқасында еңселерін түсірмей, ата-бабасының туған жерінен көшпей, еңбек ете білді. Егінін егіп, шөбін дайындап, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарта түсті. Халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан салына бастады. Атап айтқанда, екі қабатты жаңа мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, малдәрігерлік пункт, ұялы байланыс мұнарасы, әрбір үйге ауызсу желісі тартылды. Көшелер жарықтандырылып, бірнеше шаруа қожалығы тұрақты жұмыс істеп келеді. Ауыл жастары заман талабына сай, өз қабілеттеріне орай кәсіп түрлерін ашып, еңбек етуде. Тұрғындардың ауызбірлігінің арқасында «Өтеш Ахун» мешіті және жанынан 100 орындық асхана салынып, ел игілігіне берілді. Мұндай халық үшін жасалып жатқан игі істерге елдің бірлігі, ел басқарған басшылардың жүйелі жұмыстары сеп болды.

Әрине, әрбір істің атқарылуы басшыға байланысты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Ауданға екі жылдың көлемінде басшы болып келген Серік Сахитжанұлының бір ғана Жаңақұрылыс елді мекеніне істеген жұмыстарын орайы келгенде айтуды жөн көрдім. Бүгінгі таңда аудан әкімі 3 ай сайын жергілікті халықпен кездесіп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, оның атқарылуы туралы есеп беруі үрдіске айналды. Жыл басындағы аудан әкімімен кездесуде ауыл тұрғындары «Нұралы» және «Ералы» жармаларына тоспа салу жайлы айтқан-ды. Аудан әкімі жоғарғы басшыларға шығып, каналдарға тоспа салудың маңыздылығын жеткізіп, қаражат көздерін қарастырып, қолдан келгенше елдің тілегін орындауға күш-жігерін салатындығын айтты. Сөз кезегі келгенде айтайын, «Нұралы» жармасына тоспа салу халықтың көп жылдан бері айтып келе жатқан жыры еді. Сырдария өзені тасығанда көлдерге су құяды. Мұз қатқан кезде көлдегі су қайтадан дарияға құйып, көл құрғап қалады. Егер де тоспа болса құйған су кейін қайтпайды. «Ақбасты», «Үлкен Қаракөл», «Кіші Қаракөлдегі» су қалпында тұрса, шабындық, мал жайылымдық жерлері кеңейіп, тіпті насос арқылы ауыл тұрғындары мал азығы, жоңышқа, бақшаларын егуге болады. «Ералы» каналының да маңыздылығы осында.
Осы жағдайларды ескерген аудан әкімі Серік Сахитжанұлы тұрғындар талабын орындау үшін бар күш-жігерін салып, «Нұралы» жармасына 166 миллион теңге қаржы көзін тауып, оны «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС тендерден ұтып, 4 ай ішінде аталған каналға үш көзді, екіжақты қақпалы тоспа, жарманың екі қапталына 400-600 метрге дейін биіктігі 1,5 метр бөгет соғып, жол салды. Әрине, жұмыстың сапалы да тиянақты, өз мерзімінде аяқталуын күнделікті бақылап отырды. «Ералы» каналының да 5 шақырымы қазылып, 3 шақырымы ішінара тазаланды. Каналдың бастау алар сағасынан суды реттеп отыратын тоспа салынып, халықтың игілігіне берілді. Бұл атқарылған жұмыстар – келешек халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартатын жемістерінің бірі.
Біздің болашағымыз – жастар. Оларға дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар беру – біздің міндетіміз. Осыған орай ауыл ортасынан жастардың демалатын, жазда ойын-сауық кештерін өткізетін жастар алаңы салынды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген, Ұлы Отан соғысынан оралмаған бабаларымызға арнайы тағзым алаңы ашылып, ескерткіш бой көтерді. Бұл – мемлекетіміздің қамқорлығы, егемендігіміздің арқасы, облыс, аудан басшыларының іскерлігі. Алдағы жылдары да елдің, ауылдың дамитынына сенемін.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!