Азық-түлік бағасына қашан шектеу қойылады? Арзандайды деп күткен бағалар одан әрі қымбаттап бара ма? Қалай? Қыс мезгілінде уақытша қымбаттайтын азық-түліктер қазір мезгілге де қарамайтын болыпты. Иә, өскеннің үстіне өсіп жатыр, бірақ түсу жоқ. Баспасөз беттерінде де, көгілдір экранда да, тіпті жеке парақшасы бар блогерлер де бұл мәселені көтеріп-ақ келеді. Дегенмен, әлі үн жоқ, селк етпейміз. Көпшіліктің күнкөрісін қиындатып келе жатқан қымбатшылық бүгінгі күннің ең түйткілді мәселесіне айналып отыр. Баға шарықтап, құнсыздық жайлаған заман болды. Мұның әсері жұртшылыққа оңай тимей, сарыуайымға салды. Себебі, қазір халықтың күнкөрісі қиындап барады. Яғни, қымбаттаған заттың шегі жоқ, азық-түлікпен қатар, үй тіршілігіне қолданатын құралдар мен киім-кешектің де құны аспандап тұр. Жасыратыны жоқ, халықтың жалақысы, зейнетақысы кішкене көтерілсе, базар бағасы да аспандайды. Бұны қарапайым халықтың өзі жасырмайды. «Жалақымыз көтерілгенге қуанбаймыз, өйткені азық-түлік бағасы бірден шарықтап кетеді» деген жұрттың кейбірі қазір ет жеуді доғарса, енді біреуі жеміс-жидек, көкөністер алмайтынын да айтып жатыр. Қысқасы, бағаны аңдыған халық базарда ағылып жатқанымен, тапқан-таянғанын тамаққа жеткізудің амалын жасауда.
Ал біздің елдің экономикалық ахуалына бұл мәселенің орынсыз екенін аңғарамыз. Себебі еліміз басқа елдерге қарағанда экономикалық өсімі едәуір ілгері болғанымен, кей шетелден төмен екені де анық. Бірақ билік басындағылар бағаны бұғаулау бағытында барынша жұмыс істеп жатқанын жасыра алмаймыз. Бұл мәселеге қатысты көтеріліс, қанды қырғын да болды. Премьер-министр Ә.Смайылов сол кезде де, кеше де уәде берді. Президент оның жұмысын сынға алып, азық-түлік бағасына қатысты барлық облыс әкіміне де ескерту жасады. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруды қалаған мемлекет басшысы мәселе дер кезінде қолға алынбаса, миллиондаған тұрғынға залалы тиетінін де тілге тиек етті. Бұған Ә.Смайылов: «Біздің міндетіміз – 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 9,5%-дан асырмау. Бұған қол жеткізуге болады. Тек бұл үшін барлық өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмыс қажет. Сіздерде қажетті құралдың бәрі бар. Біз өткен жылғы егіннен қажетті қор жинақтап алдық. Сондықтан, белгіленген бағамен көкөніс өнімдерінен тапшылық болмауы тиіс еді. Әкімдерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік. Қаржы да бөлінді. Бірақ, баға бәрібір өсіп жатыр. Жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес», – деп жергілікті әкімдердің жұмысы көрінбей жатқанын айтты. Ал аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев азық-түлік бағаларының шешімін табуына арнайы тапсырмалар да, жоспар да бекітіліп жатқанын, құнтты жұмыс атқарылуда екенін баяндаған болатын. Бірақ Үкімет басындағылар бағаның негізсіз өсуіне және алыпсатарлыққа жол бермеуге және маусымдық ауытқуды деңгейлестіруге бағытталған азық-түлік нарығын реттеу бойынша шаралар қабылдаған. Алайда, нарықтағы бағаны ретке келтіріп, азық-түлік өнімдеріндегі қалған қор көлеміне де жауапты басшылар екені белгілі. Десек те, олардың да жауабы «пәрменді жұмыс атқарылуда» деумен шектеледі.
Біздің тараптан облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшылығына «бағаны тұрақтандыру мақсатында қандай қызмет атқарылуда?» деген сауал қойылды.

– Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабылданып келеді. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорының және «айналым схемасы» бойынша кәсіпкерлерге берілген заем арқылы алынған өнімдер әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда және апта сайын өткізіліп жатқан жәрмеңкелерде нарық бағасынан төмен бағада халыққа ұсынылуда. Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында қарыз алушылардың өнім көлемдерімен бірге 7,1 мың тонна өнім қоры бар. Сонымен қатар, азық-түлік бағасын өсірмеу мақсатында үкіметпен тұрақтандыру қорының жұмысына жаңа тәсілдерді енгізу басталуда. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілерді көктемгі дала жұмыстары кезінде форвардтық қаржыландыру және қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын бөлу тетіктерін қарастыру көзделуде. Жыл басынан облыс тұрғындарын арзан бағада азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның әріптестерімен бірлесіп, апта сайын жәрмеңкелер ұйымдастырылуда, – деді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.
Хош. Дегенмен, бұл тұрақтандыру жұмыстарының нәтижесі байқалмайды. Әлде қолға алынған шара бар болғанымен, атқарылған жұмысты мардымсыз деп қабылдаймыз ба? Азық-түлік бағасына қатысты істеліп жатқан жұмыстардың аз емес екенін білгенімізбен, неге базар бағасы күннен-күнге бой бермей барады? Байқағанымыздай, базар бағасы мен көтерме сауда орындары, супермаркеттердегі азық-түліктердің құны әртүрлі. Қарапайым әлеуметтік нан бағасы 90 теңгеге өскенімен, дүкендер өз білгендерімен бағасын аспандатып қойған. Көтерме сауда дүкендерінде 90 теңгеге алынатын нан құны қала орталықтарында 100-110 теңгеден бағаланып тұр. Ал әлеуметтік дүкендерде 65 теңгеден сатылуда. Бірақ әлеуметтік дүкендерде күнделікті санаулы түрде сатылатын нанның өзі таңертеңімен бітіп қалатынына шағымдануда. Осыған қарағанда, азық-түлік бағаларын қадағалау аймақ бойынша жүргізілмейтін секілді. Сондай-ақ, бұқараға азық-түлік бағасының қымбатшылығы туралы қалай, кімге шағым түсіретіні жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілмейді. Әрине, арнайы жауапты органдардың қағаздары мен байланыс нөмірлері дүкен қабырғаларында ілініп тұрмағаннан кейін оны халық қайдан білсін? Негізінде, бағаны тұрақтандырудың тағы бір жолы осы деп ойлаймын. Бұдан бөлек, халықты ашындырып, бағаның тұрақсыздануына бірден-бір себеп – үй жанындағы дүкендердің тауарларды негізсіз өсіруінде. Осы мәселенің де алды алынбай тұр. Тауарына үстемесін асырып қойған сауда дүкендерінің бұл әрекетіне қарап, құзырлы басқармалар ескерту жұмыстарын істемейтінін аңғартады емес пе? Жеке сауда дүкендеріне «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңы туралы түсіндіріп, 15 пайыздық сауда үстемесін сақтамайтын болса, оған қандай шара қолданылатыны жайлы айтылса, бұл бағаны тұрақтандырудың тағы бір шешімі деп білемін.
Қымбатшылық белең алған кезеңде тұрғындардың да ойлайтыны – ас-дәмінің қамы. Өңіріміздегі адамдардың көпшілігі азық-түлікті базардан барып алады. Десе де, базар бағасы күннен-күнге өсуде. Әр орындардың сату бағамы әрқалай. Мысал үшін, картоптың келісі – 200-230, пияз – 270-280, тіпті кей жерлерде бұдан да қымбат, сәбіз – 200, қияр мен қызанақтың келісі 1400-1500 теңгеден түспейді. Сонымен қоса, нанның бағасы 90-110 теңгеге дейін көтерілген. Ұн, пісте май, макарон, қант, ет өнімдерінің бағасы бетбақтырмай тұр. Бұл – күнделікті халық тұтынатын өнімдер, ал жеміс-жидектер мен пайдалы көкөністердің бағаларына тоқталар болсақ, базарда алманың келісі әртүрлі – 350-500 теңгеге дейін, апельсин – 950, мандарин де түрлеріне қарай 600-1500-ге дейін бағаланған, банан 950-1100 теңгеге көтерілсе, қырыққабат та 200-350 теңгеден сатылуда. Ағзаға витамин болатын тағамдарды халық грамдап өлшеп ғана алуға мәжбүр. Жалақысы жетпей, базар бағаларына жан амалын жасап жүрген көпшілік қазір мейрамханалардан да ас ішуге қауқарсызбыз дейді. Себебі азық-түлік қымбаттығының салдарынан мейрамхана мәзірлерінің де бағалары бағынбай барады. Осы ахуалдың кесірі халықты тығырыққа тіреп, каспий ред, несиеге де тамақтануына әкеліп соқтыруда. Осы тұста, көпшіліктің пікірін тыңдағанды да жөн көрдік.
Ақтолқын Бақытжанқызы, көпбалалы ана:
– Ай сайын қолға тиетін жалақымыздың тең жартысына үйімізге азық-түлік аламыз. Айлық аз, азық-түлік қымбат. Қазір қарапайым халықтың айлығы күнделікті күнкөрісіне жетпейді. Базар арзандау болады деп барғанның өзінде ақшамыздың лезде бітіп қалғанын байқамай қаламыз. Бұл қымбатшылық халықты дағдарысқа ұшыратуда. Өйткені, бұқара өмір сүру үшін азық-түлікті қарызға алып жатыр. Ұннан бастап қантқа дейінгі өнімдер бағасы шарықтап барады. Амалдың жоғынан алуымызға тура келеді.
Нұргүл Әкімова, мұғалім:
– Қазіргі таңда азық-түлік бағасы аспандап тұр. Дүкенге бір барғанның өзінде қалтадағы тиынның бәрін шығарып, 10 мың, тіпті одан көпке сауда жасайсың. Амал жоқ, қымбатшылық пен қалтаның қамын ойлап, аш отырмайтынымыз белгілі. Әйтеуір, шарықтаған баға тоқшылықтан айырып, тәбетімізді бұзбасын дейміз. Нан өнімдерінің бағасы ғана тұрақты. Бірақ, кей дүкенде ойланбастан 20-25 теңге үстемелеп, қосып сататыны бар. Айлықтан-айлыққа зорға жетіп жүрген соң қымбатшылықтың алқымнан алғаны қиын. Содан да жұрт бөліп төлеу арқылы супермаркеттерден қажетті азығын алып, сауда жасайды. Қол жайып, қарыз сұрамағанмен, түбінде бұл да несие секілді мойнына жүк болады. Сондықтан, халыққа қажетті өнімнің бағасы қалтаға қонымды болғаны жөн еді.
О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!