Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кедейліктің себебі һәм салдары

17.11.2022, 12:20 242

Әлемде ішерге ас, киерге киім таппай отырған кедей ел көп. Ең кедей елдердің рейтингін Дүниежүзілік банктің материалы негізінде БҰҰ түзіп, 2022 жылдың тізіміне 47 мемлекетті кіргізіпті.

Кедейліктің критерийі күрделі формула арқылы есептеледі. Қарапайым тілде түсіндіргенде, елдің экономикалық осалдық индексі мен нақты өмір сүру сапасы есепке алынады. Сауаттылық деңгейі, қоғамдық денсаулық сақтау саласы, тағамның сапасы мен жалпы тамақтануы және тағы басқасы есепке алынады.

Бір қызығы, 1968 жылдан бері Аз дамыған елдер (LDC) тізіміндегі 47 мемлекеттен 8-і ғана шығыпты. Оның ішінде Вьетнам мен Мальдив Республикасын атауға болады.

Кедей бес мемлекетті сараласақ, олардың Африка  құрлығында орналасқанын көруге  болады. Енді  кедейлікке қалай тап келді десек,  жемқорлық пен әділетсіздік, тұрақсыздық пен соғыстың  зардабы ауыр болатынын мысал етуге болады. Болмаса, кедей елдердің жер асты және үстінде табиғи байлық қоры жоқ емес, бар. Тек қажетіне жарата алмай отыр. Бұған сыртқы күштердің де әсер етіп отыр­ғанын  көруге  болады.

Әлемнің ең кедей елі – Орталық Африка Республик­асы (ЖІӨ $391).

1960 жылы тәуелсіздігін алды. Ресми тілі – француз  және санго тілі. Халқының 50 па­йызы жергілікті наным-сенімді ұстанса, 40 пайызы христиан, 10  пайызы  ислам   дініне  сенеді. 1994 жылы қабылданған конституциясы бо­йынша мемлекет басшысы – Президенті. Ақша бірлігі – Орталықафрикалық  КФА  франкі.

1975 жылдан бері кедей мемлекеттердің қата­рында тұр. Ел экономикасының күрт төмендеуіне түрлі әскери қақтығыстар теріс әсер етті. 1966 жылдан бері бұл аумақта үнемі төңкерістер, тайпалар арасындағы қақтығыс­тар болды. Соның салдарынан елдің әлеуметтік әлеуеті төмендеп, кедейшілікте өмір сүруде.

Ел экономикасы орман және егін шаруа­шылығына негізделген. Бұл ел әлемге гауһар тас пен ағаш экспорттаушы ретінде белгілі. АҚТҚ жұқтыру деңгейі 7 пайыздан асады. Халқының сауаттылық деңгейі 48 пайызды құрайды.

Халықаралық ұйымдардың болжамы бо­йынша  Орталық Африка Республикасы алда­ғы 10 жылда әлемдегі ең кедей елдердің бірі болып  қала  береді.

Екінші орын – Бурунди (ЖІӨ $642).

1971 жылдан бері Бурунди әлемдегі ең кедей  елдің  қатарында  келеді.

Солтүстігінде Руандамен, батысында Конго Демократиялық Республикасымен, шығысында және оңтүстік-шығысында Танзания­мен шектеседі. Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ. Оңтүстік-батысында Танганьика көлімен шектеседі.

Бурунди әскери қақтығыстардан кейін билік бір фракциядан екіншісіне ауысты. Соғыстың салдарынан кедей азаматтар баспанасынан және негізгі табыс көзінен айырылды. Бұл елде АИТВ инфекциясы 7 пайыз деңгейінде.

Негізгі күнкөріс саласы – ауылшаруа­шылығы  саласы.

Шай, кофе, ірі қара малдың терісін экспорттайды.

Үшінші орын – Конго Демократиялық Республи­касы  (ЖІӨ $648).

Саяси дағдарыс, сыбайлас жемқорлық, ұзаққа созылған азаматтық соғыстан Конго да кедей  елдердің  қатарына  қосылды.

Бұл елдің аумағында алтын, гауһар тастар, қалайы сынды бағалы металдар бар. Алайда сырт­қы күштердің ықпалына сенген амбиция­лық топтар арасындағы соғыс елді кедейлік деңгейіне жеткізді. Соғыс кезінде миллионда­ған адам аштықтан, аурудан және медициналық  көмектің  жоқтығынан  қайтыс  болды.

Әлеуметтік инфрақұрылымы нашар дамып, тұрғындар ішерге ас таппай, аштықта өмір сүруде. Бұл елде адамның етін жейтін каннибал  тайпалар  бар.

Экономика өндірілген шикізаттың (алмас, тантал, кобальт) бағасына тәуелді және нарықтық бағаның өзгеруіне қарай құбылып отырады.

Төртінші  орын – Либерия (ЖІӨ $703).

1990 жылдан бері Батыс Африкадағы мемлекет ең кедейлер тізімінде тұр. Бұл елде де экономикалық құлдырау мен кедейліктің бас­ты себебі – азаматтық  қақтығыстар.

1980 жылғы 12 сәуірдегі төңкерісті, 1980-1989 жылдардағы Сэмюэль Доудың әскери диктатурасын және одан кейін 1989-1996 және 1999-2003  жылғы екі азаматтық соғысты бастан  өткізді.

Жұмыссыздық деңгейі халықтың 85 пайы­зын құрайды. Бұл жұмыссыздық деңгейі – әлемдегі  ең  жоғары  көрсеткіштің  бірі.

Негізі Либерияны еркіндік алған американдық қара нәсілділер құрды. Оның атауы «Еркін­дік елі» деп аударылады, бірақ халық тәуелсіздік  үшін  әлі  күресуде.

Негізгі кіріс көзі – елдің мемлекеттік туын шетел  кемелері  пайдаланғаны  үшін  алынатын  алым.

Бесінші орын – Эритрея (ЖІӨ $707).

Шығыс Африкадағы осы кедей мемлекеттің экономикалық мәселелерінің негізінде сая­си  мәселелер  жатыр:

– тұрақты әскери қақтығыстар;

– авторитарлық режим;

– бірпартиялық жүйе.

Үкімет өмірдің барлық саласын, соның ішінде  дінді, БАҚ-ты  бақылайды.

2000 жылы Эфиопиямен соғыс аяқталғанына  қарамастан, ара-тұра ірілі-ұсақты қақты­ғыс­тар  болып тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі (80 пайызы) ауыл шаруашылығы сала­сында еңбек етеді. Оның жалпы экономикадағы үлесі 15 пайызға жетпейді. Себебі, қала тұрғындарының үлесі небәрі 20 пайызды құрайды.

1993 жылдан бері Президент ретінде Исайас Афеверки мемлекетті басқарып келеді. Оның тұсында Эритрея қару саудасындағы ең ірі делдалға айналды деп есептеледі. Тауардың басым бөлігі сырттан әкелінеді. Бұл елде қаруды тауар ретінде айырбастауға болады.

P.S. Америкадағы ең кедей ел – Гаити, Азиядағы ең кедей ел – Ауғанстан. Жалпы, Аз дамыған елдердің саяси-әлеуметтік жағдайын бағалайтын болсақ, кедейлікке төңкеріс пен соғыстардың салдарынан душар болып отырғанын көруге болады.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: