Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кедейлікпен күрес басталды

09.03.2023, 9:40 248

Қазақ халқының басым бөлігінің табысы шайлығынан артылмайтыны  сөзсіз.  Азық-түлік бағасын тұрақтандыру секілді шараларды үкімет өткізіп жатыр. Алайда нәтиже некен-саяқ. Десе де, қазақстандықтардың орташа жалақысы өткен жылдың 4  тоқсанында 338 715 теңге болды. Бұны естіген бұқара билікке сыни көзқараспен қарайды. Қайткенменде, билік өкілдерінің айлығы қарапайым халықтан едәуір көп болғаннан кейін орташа медиандық табысқа әсер етеді. Әйтпесе «кедейлік шегі» атты терминдер елімізге кірмес еді.

Қаңтарда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова кедейлер саны өскенін мәлімдеді. Былтыр елімізде  инфляцияның  деңгейі 20 пайыздан асты. Қымбатшылық халықты қысты. Міне, халықтың қалтасы көтермей, тұрмысына да кері әсерін тигізді. «Өсім бар, кедейлердің  саны  өткен  жылы 4,9 болса, биыл 5,1 процентке дейін өсті» деп ведомство басшысы Тамара Дүйсенова айтты. Оның айтуынша, бүгінде кедейшіліктің шегі, яғни, ең төменгі күнкөріс деңгейі  37 мың теңге болса да, әр өңірде әртүрлі  саналып  тұр. Мысалы, Маңғыстау облысында –  54 мың теңге, Астанада –50 мың, Алматы қаласында –  48 мың теңге. Осының салдарынан «банкроттық» туралы заң қабылданды. 3 наурыздан бастап, берешегі барлардың шешімін үкімет шешпекші. Құжаттарды қабылдау халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізілуде.

Қазіргі таңда, Халыққа қызмет көрсету орталығында өтініш беруге келген тұрғындардың қарасы қалың. Қазақстанда кедейлер көп болғаны ма сонда? 18 секундта темір тұлпарды тізгіндеушілер табылып еді. Ал, банкроттыққа өтініш беруге келген халық сайттың қатуы сынды біршама келеңсіз жағдай туындаған. Дегенмен, бұл мәселе уақыт ұзартпай шешімін тапқан. Сондай-ақ, банкроттыққа өтініш беруге келгендердің біршамасына құжат жарамсыз деп кері қайтарған екен. Редакцияға келген хатта оқырман былай депті.

– Қарапайым халықтың қарызын өтеп, несиелері кешіріледі делінді. Әрине, қуандық. Өткен аптаның 5 күнінен бастап, халыққа қызмет көрсету орталығында адам көп болды. Менде соған бардым. Алайда менің  құжаттарымды  жарамсыз деп қайтарды. Банкроттыққа өтініш беруге 6-12 ай аралығында төлемегендер келуіне болады. Сондай-ақ, әлеуметтік көмек алатындар бірінші кезекте қаралады деген соң бардым. Бірақ менің құжаттарым келмейді деп жауапты мамандар айтты. Өйткені сіздікі 12 ай толмаған деді. Сонда да оларды тыңдамай, egov арқылы өтінішімді қалдырдым. 15 күн ішінде қаралады екен. Егер менікі қабылданбаса, сонда қандай адамдардыкі қабылданады? – деп хат қалдырыпты.

Заң бойынша Банкроттық рәсімнің үш түрі қарастырылып отыр. Олар: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Мәселен, соттан тыс банкроттық екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі бойынша ғана қолданылады. Борышкер «Соттан тыс банкроттыққа» eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Енді басталғаннан кейін олқылық та, сан сауал да көп. Осыған байланысты халыққа қызмет көрсету орталығында орталық мамандары мен мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жоғарыда айтқан рәсімнің үш түрін жауапты мамандардың сөзімен толығырақ айтып өтейік.

Біріншіден, соттан тыс банкроттық рәсімі жеке тұлғалардың екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары бойынша жүргізіледі және ол мемлекеттік кірістер органдарымен қарастырылады. Оның жеке тұлғаларға қолданудың бірден-бір талаптары:

1) 2 деңгейлі банктер, қаржы ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары болуы;

2) қарызының  мөлшері  5 520 000  теңгеден  аспауы;

Анықтама: (2023 жылы  АЕК  3 450  теңге*1 600).

3) борышкер  қарызын  соңғы 12 ай  қатарынан  төлемеген жағдайда  қолданылады.

Сонымен бірге Борышкердің меншік құқығында мүлкі, көлігі, сондай-ақ ортақ сатып алынған  (жұбайының  атындағы)  мүлкі  болмауы  тиіс.

Бұл рәсімнің ерекшелігі:  жеке тұлға соңғы 6 ай бойы Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылса және оның берешек сомасы 5 520 000 теңге көлеміне жетпесе де өтініш беруге мүмкіншілігі бар. Соттан тыс банкроттық рәсімінің тағы да бір ерекшелігі  егер, қарыз 5  жылдан артық уақыт мерзімде өтелмесе жоғарыдағы аталған барлық шарттар ескерілмейді.

Екіншіден, сот банкроттығы рәсімі сот тәртібімен шешіледі. Яки жеке тұлға осы рәсімді қолдану жөнінде сотқа өтініш беру арқылы жүзеге асыра алады. Бұл рәсімнің шарттары жеке тұлғаның барлық банктер, микроқаржы ұйымдары, жеке және заңды тұлғалар алдындағы келісімшарт негізіндегі қарыздары, мемлекет алдындағы салықтар мен міндетті төлемдердер бойынша қарызы ескеріледі. Осы рәсім барысында жеке тұлғаның атында мүліктер анықталған жағдайда, берешектерді өтеу мақсатында мүліктері аукцион арқылы сатуға шығарылады. Егерде жеке тұлғаның жалғыз тұрғын үйі банк кепілінде болса, онда банк аталған мүлікті алып қоюға толық құқылы.

Ал, егер жалғыз тұрғын үйі банк кепілінде болмаса, ол өндірілуге жатпайды. Аталған рәсім барысында мүліктерді анықтау және сату жалпы талдау жұмыстарын  жүргізу  қаржылық басқарушыға  жүктеледі. Сот банкроттық  рәсімінің  мерзімі  6  ай  және  12  айға  ұзарту мүмкіндігі  қарастырылған.

Рәсімді қолдану барысында мынадай шектеулер қойылады:

1. Әрбір жеке тұлғаға аталған рәсімді қолдану барысында өз меншігіндегі мүліктерді иеліктен шығаруға яғни сатып жіберуге немесе сатып алуға құқығы жоқ.

2. Сонымен қатар, шетелге шығуға тыйым салынады.

Үшіншіден, «Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» рәсімінде де жеке тұлғаның қарыз сомасын өтеу сотпен қарастырылады:

– жеке  тұлғаның  қалыптасқан  барлық  қарызы 5 жыл  көлемінде  бөліп  төлеуге мүмкіндік  беріледі.

– өтініш борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа берілуі тиіс.

– жеке  тұлғаның  берешек сомасы  өзінің  меншігіндегі мүліктерінің  құнының мөлшерінен  аспауы  керек.

Міне, осылай Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы жауап берді. Бүгінде бұл кеңестерді тыңдап, бірінші  күннің  өзінде 2,5 мыңнан астам адам өтініш қалдырған. Бұл статистика ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан  Жамаубаевтың мәліметінен  алынды.

Банкрот  деп  танылған қазақстандыққа 5 жыл көлемінде несие берілмейді. Сонымен қатар, алдағы 3 жылда қаржылық жағдайына бақылау жүргізіледі. Бұл аз болса, 7 жыл ішінде қайтадан банкроттыққа өтініші қаралмайды. Жалпы, берешегі барларға маңдайына таңба басылғандай үкіметтің бақылауында болады. Сол себепті екі қолға бір күрек тауып, аз-аздан болса да, үздіксіз алған ақшаны төлеуге әрекет ету керек. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деп бекер айтылмаған. Жалпы, бұл заң кедейшілікпен күрестің тиімді жолы болса, екінші жағынан қазақты масылдыққа тәрбиелеуі мүмкін. Сондықтан, борышкерге бақылау жүргізіп қана қоймай, талап та қойылу керек. Мәселен, АҚШ-та қарыз жартылай кешіріліп, өтініші 8 жылда бір рет қаралады. Ал, Ұлыбританияда мұндай адамдар заң мен қаржы саласында жұмыс істей алмайды. Және мүлік сату агенттігі, жеке кәсіпорын, мемлекеттік қызметте жүруге құқы жоқ. Жапония да дәл осылай құқық пен қаржы саласында берешегі барлардың құқығы шектеледі. Бұған қоса, Аустралияда да заң қатал. Олар банкрот деп танылған тұлғаның жеке мүлкін банкке өткізуге міндеттейді. Елімізде мұндай заң болмаса да, банкроттыққа өтініш бермес бұрын таразыға салып ойланған жөн. Жауапты мамандар да бұған қатты қызуғыдың қажеті жоқ деген тұжырымда. Тек тығырықтан шығудың кілті осы болса ғана қарастыру керек.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: