Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Диірменнің дәні – қапшықтың сәні

28.10.2021, 10:30 269

Сырдарияның суы сарқылып, қуаңшылық қыспаққа алғанына қарамастан биыл аймақ диқандары   500 мың  тоннаға  жуық Сыр салысын қамбаға құйды. Бұл, біріншіден, еңбеккерлердің тынымсыз   жұмыстарының нәтижесі болса, екіншіден, мемлекеттің ауылшаруашылық саласына зор көңіл  бөліп  отырғандығының  айқын көрінісі. Тәуелсіздіктің  алғашқы жылдары 2,3 млн  теңгенің  ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, былтыр 143,6 млрд теңгеге өсті. Ағымдағы жылғы 9 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 118,5 млрд теңгеге жетіп, өсім  2,4 пайызды құрады. Ал тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 41 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда едәуір көбейген. Аймақ басшысы облыс диқандарын жемісті жылдарымен құттықтап, еңбегімен еленгендерді салтанатты түрде марапаттады.

ДИҚАНДАР  ДАРАЛАНҒАН  КҮН

«Алтын  дән  – 2021»  мерекелік  шарасына  ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы, ҚР АШМ Жер ресурс­тарын басқару комитеті төрағасының орын­басары Гүлжахан Бимендина, қала, аудан әкімдері, «Қазақстан Фермерлер Қауымдастығы» қоғамдық ұйымының Қызылорда филиалының төрағасы Өмірхан Пашкенов, сала үздіктері және онлайн форматта 250-ге жуық шаруа­шылық  өкілдері  қатысты.

– Сырдария өзеніне түсетін судың көлемі азаюда. Аймақтағы  топырақтың  қатты  тұздылы­ғын ескере отырып, біз күріштен толықтай бас тарта алмаймыз. Дегенмен, күріштің егіс алқаптарын азайтуға жұмыс жүргізудеміз. Осы жылдың өзінде жалпы күріш егісі көлемі 6 мың гектарға қысқарып отыр. Осындай қиыншылықтарға қарамастан Сыр диқандары биыл әр гектардан орташа есеппен 59,8 центнерден өнім алып отыр. Ел байлығын молайтудағы ерекше табыстарыңызға құтты болсын айта отырып, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке  тілеймін! Халық игілігі үшін жасаған жұмыстарыңыз әрдайым нәтижелі, жемісті болсын! Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың ырыс-құты арта берсін, несібеміз мол болсын! – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр еңбеккерлерін құттықтау сөзінде.

Өңірімізден шығатын ауыл шаруашылығы өнімдері бірнеше мемлекеттердің де сұранысын қамтамасыз етіп, экспорттық әлеует те артып келеді. Биыл облыстан Германия, Нидер­ланды мемлекеттеріне 886 тонна қамыс, Австрия, Литва, Польша, Грузия, Нидерланды, Украина, Германия мемлекеттеріне 1780 тонна балық, Әзірбайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан, Ирак елдеріне 58237  тонна күріш өнімі жөнелтілген.

Егін шаруашылығымен бірге, өңір экономикасының негізгі резервінің бірі -мал шаруа­шылығы да тұрақты дамуда. Мемлекетіміздің осы саланы дамытуға жасаған қолдауының  нәтижесінде төрт түлік малдың басы айтарлықтай өсіп, өнім өндіру ұлғайып келеді. Оның басты себебі – мемлекеттік бағдарламаларға ауыл шаруашылығы құрылым­дарының белсене қатысуы. Аймақта ғылыми негіз­делген жаңа технологиялар мен инно­вациялық жоба­ларды өндіріске енгізу бағы­тында да тиісті шаралар қарқынды жүруде. 2025 жылға дейін құны 51,1 млрд  теңге  құрайтын 42 инвестиция­лық  жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде 20-сы – экспортқа бағытталған жобалар. Биылғы жылы 7 жоба, оның ішінде өсімдік шаруа­шылығы бойынша – 3, мал шаруа­шылығы бойынша – 2, ара шаруашылығы бойын­ша  2  жоба  іске  асырылды.

Салтанатты жиында аймақ басшысы өңір экологиясы үшін басты назарда  тұрған Сырдария суының азаю қаупі мәселесінен де ай­на­лып  өткен  жоқ.

– Шаруалардың көкейлерінде болашақтағы су мәселесі бар екенін жақсы білемін. «Шардара» су қоймасындағы судың аз болуына байланысты,  Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су көлемі төмендеп, ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінен 18 қазанына дейін төменге секунды­на 30 текше метр су жіберіліп келді. Ал, 18 қазаннан бастап төменге жіберілген су көлемі 20 текше метрге артып, қазір секундына 50 текше метр жіберілуде. Біз Үкіметпен тиісті жұмыстар жасаудамыз. Су нысандарының жағдайын жақсарту үшін «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасына үлкен үміт артылуда. Ұлттық  жобаға 122 млрд теңгені құрайтын облыс­тан 237 жоба енгізілуде. Бүгінде «Қызыл­орда», «Әйтек» су тораптарына жөндеу және «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасы аясында 2019 жылдан бері 15 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұ­мыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасына сәйкес Қызыл­орда  облысы бойынша 775 млн текше метр тас­қын су жинайтын «Қараөзек» арнасындағы су қоймасын» салу енгізілген. «Қараөзек» су қойма­сын» салудың негізгі мақсаты – қыс айларында келген артық суды жинақтап, көктем-жаз айларында төмен ағысына жіберу, – деді облыс басшысы  Г.Наушақызы.

Оның айтуынша, «Қараөзек» көлдер жүйесін және мал шаруашылығына малазықтық базасын құру бойынша шабындық-жайылымдық алқаптар суландырылады. Оған қоса Арал, Қаза­лы ауданының көлдер жүйесі, Арал теңізіне және Қазалы ауданының егістік жерлерін сумен  қамтамасыз  етіледі.

Мерекелік шара барысында аянбай еңбек етіп, тер төккен, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан еңбеккерлер марапатталды. Атап айтқанда, Жалағаш ауданы, «Мәде­ниет» ШҚ төрағасы Ахдильда Қыпшақбаев, Қызылорда қаласы, «Қызыл­орда Құрылыс НК» ЖШС егіс бригадирі Айдархан Қойшыбаев,  Арал ауданы, «Алмат» ШҚ төрағасы Жетес Асанбаев, Қазалы ауданы, зейнеткер Берік Бейсембаев, Қармақшы ауданы, «Ертілеу» ШҚ маманы Рустембек Сәрсенбаев, Жалағаш ауданы, «Таң ЛТД» ЖШС дирек­торы Имамзада Шағыртаев, Қармақшы ауданы, «Актөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев, Сырдария ауданы, «Мәді Қажы» ЖШС директоры Сейт­камал Сұлтанов және басқа да сала үздіктері марапатталды.

Ал «Үздік аудан» номинациясымен Қармақшы ауданының әкімі Қайрат Нұртай құрметке бөленді. Егін шаруашылығы бойынша «Озат аудан» номинациясымен Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбеков және мал шаруашылығы бойынша «Озат аудан» номинациясымен Жаңақорған ауданы әкімі Руслан Рүстемов,  өндеу саласы бойынша «Озат аудан» номинациясын Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев  марапат  алды.

БАҚ беттерінде ауылшаруашылық саласындағы жарқ еткен жағымды жаңалықтарды жариялауда көзге түскен «Qazaqstan» РТРК» АҚ «Qyzyzlorda» облыстық телеарнасының тілшісі Елжас Әбділда мен «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ержан Қожас марапат биігінен көрінді.

АЛАМАННАН  ОЗА  ШАПТЫ

Қамба астыққа толып, жұрттың несібесі молайған кезде аймақта ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдас­тыру – жазылмаған заңдылық, қалыптасқан дәстүр. Бұл жолғы тоқшылық тойы қаланың түкпір-түкпірінде облыстың барлық аудан­дары мен қала маңындағы елді мекендердің қатысуымен өтті. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Алтын дән – 2021» іс-шарасы аясында ұлттық ат спорты түрлерінен бәйге жарыс­тарының ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шарада облыстық  мәслихат хатшысы Нау­рызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, қала әкімі Ғанибек Қазантаев және Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Айтбай Көшербай  болды.

Аймақ басшысы қызыл­ордалықтарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы­мен және «Қала күні» мерекесімен құттықтап, ұлттық спортты дамытуды көздейтін мәдени-спорттық шаралардың мәні  зор  екенін  тілге  тиек  етті.

– Кез келген елдің ұлылығын мәдение­ті мен салт-дәстүрі танытса, соның ішінде ұлттық спорт ойындарының орны ерекше. Әсіресе, айбар­ланып атқа қонып, елдің шебін қорғаған қазақ үшін  жылқы  ұлттық сана-сезім, рухани болмыс,  тұрмыс-салт,  әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айрылмас бөлігіне айналып кеткен. Қазақ ұғымында жылқы тектіліктің  бірден-бір нышаны болып саналады.

Қазақ даласының әр түкпірінде тұяғының дүбірі ерек сәйгүліктер көп болған. Әлімсақтағы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыс­тың Бай­шұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Ақтамбердінің Керкиігі, берідегі Исатайдың Ақтабаны мен Амангелдінің Шалқасқасы, Ақан серінің Құлагері – ұлт  тарихымен  біте  қайнасып  кеткен  тұлпарлар, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы кезінде облыс­тық, республикалық бәйгелерге облыстан қатысқан асыл тұқымды «Император», «Қара қыз», «Ызғар», «Гауһартас» секілді тұлпарлар аймақтың атын асқақтатқанын айрықша атап өтті. Ат бәйгесіне 50-ден астам шабандоз қатыс­ты. Көрермендер бәйге аламанына асыққан шабандоздарға рух берді. Аламан көркін қыздыр­ған қатысушылар арасында тай бәйге­ні ақтөбелік Нұрасыл Айтжан иеленсе, құнан бәйгені  алматылық  Арнат  Мұратхан  алды.    15 шақырымды енсерген тоқ бәйгеде жүлделі ІІІ орын қызылордалық Ерасыл Рахатқа бұйыр­са, ІІ орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Ансар Арыстанбек иеленді. Ал, І орынға қызылордалық Мейіржан Досжанов лайықты деп танылды. Жеңімпаздарға сертификаттарды Ұлттық ат спорты федерациясының  президенті  Айтбай  Көшербай  табыстады.

25 шақырымдық аламан бәйгенің ІІІ орны ақтөбелік Дәуір Ильясқа, ІІ орны қызыл­ордалық Сейтжаппар Дидарға, ал І орын алматы­лық Арнат Мұратханға бұйырды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жеңімпазға 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Айта кетейік, бүгінде ұлттық спорт облыс­та бұқаралық сипат алды. Өңірде 16 мыңнан аса спортшы ұлттық спорт түрімен шұғыл­данады. Жыл сайын облыста 8000-нан аса балуанның қатысуымен өтетін «Алтын белбеу» турнирі ең танымал әрі беделді бәсекенің біріне  айналды.

Ұлттық спортты дамыту мақсатында 2018 жылы Қызылорда қаласында «Ұлттық және ат спорты  түрлері бойынша спорт клубы» ашылды. Мұның барлығы өңірде ұлттық спорттың өркендеуіне септігін тигізіп, үлкен мүмкіндік беруде.

ЕСЕСІ  ҚАЙТПАС  ЕҢБЕК  ЖОҚ

Күзгі жиын-терін уақыты аяқталып, ала жаздай бейнеттенген диқандардың еңбегі сараланатын ауқымды шара барысында аймақ басшысы барлық аудандардың қатысуымен ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысып, тұрғындармен тілдесті.

Жәрмеңкеде Сыр диқандары 340 жүк көлігіне тиелген 1000 тоннадан астам өнімдерді тұрғындарға базар бағасынан төмен бағада ұсынды. Атап айтқанда, күріш 220 теңгеден, сиыр еті 1750 теңгеден, бас пияз 80 теңгеден, картоп 170 теңгеден, балық өнімдері 1000 теңгеден саудаланды. Молшылық тойына барлық аудандардан 190 тоннадан астам ақталған күріш, 140 тоннаға жуық картоп, 40 тонна бас пияз, 320 тоннадай көкөніс, 180 тоннадай бақша өнімі, 40 тонна асқабақ, 20 тоннадай ет өнімі, 40 тонна балық өнімі, 7 тоннадан астам сүт өнімі, 40 тоннадан астам мал азығы жеткізілді.

Сонымен қатар Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Қазалы аудандарының өнімдері қойылған жәрмеңкені аралап көріп, ұлттық тағамдарды алуға асыққан халықпен бірге табиғи өнімдер сатып алды. Жәрмеңкеде балық, құрт, ірімшік, күріш, көкөніс пен жеміс-жидектерге  сұраныс  жоғары  болды.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова нәтижелі өнім өндіруде табандылық танытқан шаруа­лардың еңбегін айрықша атап өтті. Жәрмең­кеге Қармақшы ауданының шаруалары 25 тоннадан астам күріш, 25 тоннаға жуық бақша өнімі, 16 тонна картоп, 10 тоннадай ет пен балық өнімі, 1 тоннаға жуық сүт өнімі мен 25 тонна мал азығын жеткізген. Ал, Жалағаш ауда­нының шаруалары 50 тонна күріш, 15 тонна картоп, 10 тонна бас пияз, 6 тоннадай ет пен балық өнімі, 25 тоннаға жуық көкөніс, 30 тонна қауын, қарбыз, 1 тоннадан астам сүт өнімін 60  көлікке тиеп, халыққа ұсынды.

Қалаға іргелес жатқан Сырдария ауданынан жеңілдетілген бағамен 66 көлікке тиелген азық-түлік тауарлары келді. Мұнда тұрғындар қарбыз-қауын, жеміс-жидек, күріш, сүт өнімдері мен балық өнімдерін алып, сауданы қыздырды. Арал ауданының жәрмеңкесі де халық­қа ерекше көңіл күй сыйлады. Әсіресе, халық Аралдың балығы үшін кезек тосты. Теңізді өлке­нің шаруалары 40 тоннадай көкөніс өнімі, 17 тонна балық өнімі, 5 тонна ет, 1 тоннаға жуық сүт өнімі, 3 тонна ас тұзы және 60 бас қой мен  тоқты  жеткізді.

Молшылық мерекесіне Қазалы ауданының шаруалары да үлес қосты. Жәрмеңкеге 12 тонна күріш, 60 тоннадан астам көкөніс, 3 тонна сүт өнімі, 10 тонна ет пен балық өнімі әкелінді. Сонымен қатар, 30 бас қой мен 30 бас тоқты сатылды.

Астана даңғылының бойында халыққа жәрмеңке жасаған Жаңақорған ауданының шаруа­лары халыққа өз өнімдерін әкелді. 52 көлікке тиелген азық-түліктің ішінде 40 тоннадан астам күріш, 20 тонна картоп, 120 тоннадан астам көкөніс, 16 тонна асқабақ, 1 тоннадан астам сүт өнімдері және 70 бас тоқтыны саудаға шығарды.

Тасбөгет кентінің Орталық алаңында шие­лілік шаруалар табиғи таза өнімдерін ұсынып, жәрмеңке көркін қыздырды. Мұнда тұрғындар үшін Шиелі ауданынан 40 тоннадан астам күріш, 75 тонна бақша өнімі, 60 тонна картоп, 65 тоннадан астам көкөніс өнімі, 1 тоннадай балық пен ет өнімі, 1 тоннаға жуық сүт өнімі мен 15 бас тоқты жеткізілді. Айта кетейік, жәрмеңке 4  желтоқсанға  дейін  әр  апта  сайын  өткізіледі.

«Диірменнің сәні – қапшықтың дәні» екенін ұмытпасақ, аймақтағы ауыл шаруашы­лығы саласы ақырындап алға жылжып келеді. Есесі қайтпас еңбек жоқ. «Алтын дән – 2021» салтанатты шарасы осы мәтелдің мағынасын ашқандай. Сыр диқандарының биылғы мау­сымдағы еселі еңбегінің нәтижесі осындай болды. Алда қыруар жұмыс, жүйелі жоспар бар. Мақсат ауқымды, абырой – ортақ. Ауыл шаруашылығы өнімінің өндіріс көлемін арттыруда жоспарланған жұмыстардың арқасында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықты тұрақты жұмыспен қамтитын болады.

Әйгерім БОЗАНОВА,

Нұрбике ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: