Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Баға тұрақтылығын сақтау – басты талап»

20.11.2023, 17:55 179

Өткен аптаның жұмасында Қызылорда облысы әкімінің өкімімен құрылған  азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиясы шаһардағы бірнеше ірі сауда орталықтарын аралап, азық-түлік тауары бағаларына монторинг жүргізді. Smoll, Qyzylorda көтермемаркеттер желісіне жүргізілген тексеріс нәтижесінде тауар бағасының шектен тыс көтерілу қағидалары анықталған жоқ.

Жыл басынан бері комиссия құрамының 91 отырысы өткізіліп, құзырлы мемлекеттік органдармен хаттамалық тапсырмаларды орындау барысында күріш, пияз және ас тұзы өнімдері бойынша 11 заңбұзушылық анықталған. Күріш өніміне қатысты 6 кәсіпорынға Қызылорда облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментімен айыппұл салынса, қалған 5 факт бойынша бағалар төмендетіліп, сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментімен негізсіз делдалдар қысқартылған. Бұдан бөлек, бағаның өсуін тежеу, сондай-ақ инфляциялық қысымды төмендету мақсатында облыста 183 сауда нысанымен 10%-дан аспайтын ең төменгі сауда үстемесі туралы екіжақты меморандум жасалған.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерін сақтау бөлігінде Қазақстан Республикасының Сауда қызметін реттеу туралы заңнамасының сақталуына барлығы 160 кәсіпкерлік субъектісі тексеру жұмыстарымен қамтылып, 19 кәсіпкерлік субъектісінен заң бұзушылықтар анықталды.

Нәтижесінде, әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарын сату кезінде, сауда үстемесі мөлшерінің асып кету заңнамалық талаптарының бұзылғандығы расталып, 15 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке (ескерту түрінде) тартылды.  Оның 13-і ЭШФ (электронды шот-фактуралар) арқылы, 2-еуі тұтынушылардан түскен арыздар арқылы анықталды. Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру шаралары тұрақтандыру қорының тауарлық интервенциялары мен айналым схемасы арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру және апта сайын жәрмеңке ұйымдастыру арқылы қабылдануда.

Қаладағы сауда орындарына мониторинг жүргізу кезінде заңбұзушылықтар анықталмады. Дегенмен, кейбір тауарлардың жетіспеушігі сезілетіні айтылып, оны реттеу шаралары қабылданатыны жеткізілді. Мониторингтік комиссия төрағасы болып тағайындалған облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов сала басшыларына тауар бағасын реттеуге байланысты бірнеше тапсырма жүктеп, заңбұзушылықтардың алдын алуды тапсырды.

  • Дүкен сөрелеріндегі тауарларға 15 пайыздан артық қосымша үстеме ақы қойылмауға тиіс. Себебі, халық ақшаны оңай тауып жатқан жоқ. Барлық бизнестің, дүкеннің табысын осы тұрғындар жүргізіп отыр. Ал ол халықтың қалтасына ауыр соқпауы керек. Бағаны бақылау кезінде тауарлардың бағасы 15 пайыздан асса, оларға шара қолданылып, әкімшілік хаттама толтырылады. Егер тағы қайталану дерегі тіркелсе, айыппұл салуға мәжбүр боламыз. Өйткені, баға тұрақтылығын сақтау – басты талап, – деді С.Қожаниязов.

Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 2092,5 тонна өнім мен
291,6 мың дана тауық жұмыртқасы бар. 11 кәсіпкерлік субъектімен 5901,5 тонна ӘМАТ (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік) (сиыр еті, қарақұмық жармасы, қырыққабат, картоп, айран, пияз, макарон, күнбағыс майы, сары май, сүт, сәбіз, ұн, тауық еті, күріш, қант, тұз, сүзбе, нан, жұмыртқа) қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелер белгіленген. Сондай-ақ, биылғы күзгі өнімнен 4952 тонна көкөніске форвардтық келісім жасалып,  бүгінде бұл көлемнен 1032 тоннасы тұрақтандыру қорына жеткізіліп, бастапқы бөлігі төмен бағамен әлеуметтік дүкендер мен сауда үйлеріндегі әлеуметтік бұрыштарға сатылымға шығарыла бастаған.

Сонымен қатар, әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатында  жыл басынан бері  7480 тонна ұн сатып алынып, облыстағы наубайханаларға таратылып келеді. Бүгінгі күні осы көлемнен тұрақтандыру қорында 692,2 тонна ұн бар болса, ал ұн өндіруші кәсіпорындағы ұн көлемі 2063 тоннаны құрайды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыста әлеуметтік нан бағасын 90 теңге көлемінде тұрақты ұстауға мүмкіндік беріп отыр.

Еліміздің солтүстік өңірлерінде қолайсыз ауа райынан қалыптасқан жағдайды ескере отырып, облысқа «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 3631,8 тонна астық бөлініп, бүгінде 1210,6 тоннасы ұн өндіруші кәсіпорынмен алынды. Облыста күріш бағасын тұрақтандыру үшін 380 теңгеден күрішті сатып алу бойынша келісім шарт жасалып, әлеуметтік дүкендер мен сауда үйлеріндегі әлеуметтік бұрыштарда 400 теңгеден өткізілуде. Сондай-ақ, тауық жұмыртқасының бағасын реттеу үшін жыл басында 571 мың дана тауық жұмыртқасы сатып алынып, төмен бағада облыс тұрғындарына ұсынылған болатын.

Қазіргі таңда өңірлік тұрақтандыру қорына тағы да 500 мың дана тауық жұмыртқасын сатып алу бойынша «Байқоңыр» ӘКК» АҚ мен Ақмола облысының құс фабрикасы «Ақкөл құс» ЖШС-нің ресми дистрибьютері ретінде белгіленген «Береке Трейд КЗ» ЖШС арасында келісімшарт жасалып, әлеуметтік дүкендерде 1 данасы 43 теңгеден өткізілуде.

Сонымен бірге, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-мен
4 күріш өңдеуші кәсіпорын арасында («Таң ЛТД» ЖШС, «НК Курылыс Кызылорда» ЖШС, «РЗА» ЖШС, «Акжарма-2» ЖШС) күзгі өнімнен
6 мың тонна өнімге  форвардтық келісімшарттар жасалды.

Облысты 2354,3 тонна қант көлемімен қамтамасыз ету үшін «Мерке» қант зауытына 1 083 млн теңге қарыз беріліп, бүгінде бұл көлемнен 204 тоннасы жеткізілді.

Мониторинг жүргізу барысында тұрғындардан баға тұрақтылдығына байланысты пікірін сұрадық.

  • Негізі қазір еш жерде арзан тауар жоқ. Қымбатшылық дәуірі ғой. Бірақ, кейде сауда үйлерінің бағасы базар бағасынан арзан кездер де болады. Сол үшін осында келеміз. Оның үстіне мұнда тауарларды сақтау, тазарту жұмыстары жақсы жүзеге асырылады. Бұл да саудагерге ұнайтын дүние. Енді бар тілегіміз ұн мен жұмыртқаның бағасы төмен болса деген ой ғой, – деді қала тұрғыны Ғайша Өмірбек.

Бағаға монторинг жүргізу барысында тұрғындар ұнның бағасы тым қымбат екенін жеткізіп, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиетінін айтты. Десе де, өндіріс орнынан келетін бағаға 15 пайыз ғана баға қосылып жатыр. Ал базарда бұл баға басқаша. Сондықтан, тексеріс жүргізгенде тек сауда орындарына ғана емес, базар дүкендеріне де мониторинг жүргізіп, бағаны реттеуге бағытталған шаралардың қадамын жеделдету керектігін түсіндік.

Ердәулет ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: