Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баға бағынбай барады

14.04.2022, 11:20 428

Көптен бері көпшіліктің күнкөрісін қиындатып келе жатқан қымбатшылық бүгінгі күннің ең түйткілді мәселесіне айналып отыр. Баға шарықтап, құнсыздық жайлаған заман болды. Мұның әсері жұртшылыққа оңай тимей, сарыуайымға салды. Себебі, қазір халықтың тұрмысы қиындап барады. Яғни, қымбаттаған заттың шегі жоқ, азық-түлікпен қатар, үй тіршілігіне қолданатын құралдар мен киім-кешектің де құны аспандап тұр. Иә, Қазақстандағы жай халықтың бір айлық табысы күнделікті ішім-жемінен артылмайтыны белгілі. Осылайша, елімізде жалақының әлі төмен екенін, бүгінгі берілетін айлықтың жетіспейтінін аңғаруға болады. Осы тұрғыда құты қашқан бұқара билік басындағылардың қолға алынатын жобалары туралы айтқан сөздеріне құлақ аспай, сенім артудан үмітін үзген. Дегенмен, базарда адам ағылып жатыр. Өйткені, халық базардағы өнімдерді алуға бағынышты. Қымбатшылық белең алған кезеңде тұрғындардың да ойлайтыны  – ас-дәмінің қамы. Бұл жаһанды шарпыған ахуалдың шешілер түрі жоқ. Сондай-ақ, базар бағасына шектеудің қашан қойылатыны белгісіз.

Өңіріміздегі адамдардың көпшілігі азық-түлікті базардан барып алады. Десе де, базар бағасы күннен-күнге өсуде. Әр орындардың сату бағамы әрқалай. Мысал үшін, картоптың келісі  –  200-250,  пияз – 180, тіпті кей жерлерде  –  200,   сәбіз  –  220, қияр мен қызанақтың бағасы 900 теңгеден түспейді. Сонымен қоса, нанның бағасы 90-100 теңгеге дейін көтерілген. Ұн, пісте май, макарон, ет өнімдерінің бағасы бетбақтырмай тұр. Сатушылардың айтуынша, «қымбатшылық – доллардың өсуі мен әр маусым сайын қымбаттайтын жанар-жағармайдың ықпалынан» деп өз кәсібін ойына келген бағамен дөңгелетуде. Әрине, олардың да ойлайтыны – бала-шаға жайы. Алайда «тауарларды жеткізу қызметі мен сатып алу бағасының үстінен кемі 20-30 теңге қосамыз. Кейде өз ақшамызды өндіре алмай, сауда болмай қалатын кездер  де  болады»  дейді  саудагерлер.

Облысымызда бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабылданып келеді. Өнім қорларын қалыптастыруда облыстық бюджеттен соңғы үш жылда 3,4 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1461,8 тонна өнім бар. Оның ішінде 285,8 тонна ұн, 151,3 тонна күріш, 33,7 тонна макарон, 318,1 тонна қарақұмық, 53,2 тонна қант, 81,9 тонна картоп, 39,16 тонна пияз, 144,7 тонна сәбіз, 5,2 тонна қырыққабат, 348,4 тонна күнбағыс майы қамтылған. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қызылорда облысының әкімдігі арасында өнім алуға меморандумға қол қойылды. Бүгінгі күнге 340 тонна ұн жеткізілген. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 3 314,8 тонна қант көлемін жеткізу көзделіп отыр. Сәуір айынан бастап 100 тонна қырыққабат тасымалдауға келісім жасалған. Және 50 тоннадан картоп, сәбіз, пияз сатып алу жоспарлануда.

«Ет дегенде бет бар ма?» дейтін қазаққа ет өнімдерінің қымбаттауы қынжылтатын жағдай. Қаламызда жылқы етінің бір келісі  –  2100, сиыр еті – 1750, қазы 2600 теңгеден сатылуда. Жалпы, ет өнімінің қымбаттауы елімізде жем-шөптің жетіспеушілігінен туындаса керек. Сонымен қатар, ірі қара мал тапшылығы да кездеседі. Бұнымен нарықтағы бағаға тоқтау қойылмаса, ашынған халықтың өңі қуарып, қаусыраған ұлтқа айнала ма деп қорқасың.

Әлеуметтің тұрмыстық жағдайына бірден-бір септігін тигізіп отырған әлеуметтік дүкеннің барына кейде «шүкір» дейміз. Өйткені, базар бағасынан едәуір арзан сатылымда қызмет ететін дүкен үнемі жұртшылықтың сұранысында. Бұл дүкен халықтың қалтасын қақпай, керісінше қаражатын үнемдетеді. Бүгінгі күні Қызылорда қаласында 36 әлеуметтік дүкен жұмыс істеуде. Барлық әлеуметтік дүкендерде нан – 55, қанттың келісі – 263, өсімдік майы – 630, пияз – 65, картоп – 130, сәбіз – 130, қырыққабат – 95, 1 сортты ұн – 135, қарақұмық жармасы – 415, күріш – 175, макарон – 200, сиыр еті – 1650, тауық еті – 785, жұмыртқа – 29, сүт – 280, айран – 225, сүзбе – 1283, сары май – 2504, тұз 40 теңгеден сатылуда. Жалпы, облыста азық-түлік тапшылығы болмағанымен тұрғындар көп шоғырланатын әлеуметтік дүкенге келген тауарлардың тез таусылып қалатыны халықтың ызасын келтіреді. Сонымен қатар, өнімдердің сапасына да көңілдері толмай жатады. Әсіресе, сатылатын көкөністердің тым майда екенін байқаймыз. Тұтынушылардың басым көпшілігі әлеуметтік дүкеннен сауда жасайтын болғандықтан кейбір өнімдер белгілі мөлшерде өлшеп беріледі. Сондықтан, осындай мәселелер қызылордалықтарды әуреге салады.

«Ас – елдің құты» демекші, нарықтағы бағаның шырмауы шешілмейінше қарапайым халықтың ашуы басылмасы анық. Ол үшін, қымбатшылық қыспағынан құтылып, жоспарлы түрде жұмыс атқарылса, бәрі әсте ұмытылуы мүмкін. Жергілікті билік тиісті шара қолдануы керек. Бағаға уақытылы бақылау жасалып, мейлінше жылдам тұрақтанса, көңілдегі күдігіміз сейілер еді. Әйтпесе, азық-түлік бағасының айтылуы бітер емес.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Тақырыпқа  тұздық

ҰН  ТАПШЫЛЫҒЫ  БОЛА  МА?

Бүгінде халықтың алаңдаушылығын туғызып, ойын сарсаңға жіберген «ұн тапшылығы бола ма?» деген сауал барлық қызылордалықты мазалап отыр. Десе де, өңірімізде азық-түлік түйткілі тарқаты­лар емес. Мәселенің жай-жапсарын өңірлік коммуникация­лар қызметін­де аймақтағы азық-түлік қорына байланысты өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат  Дүйсебаев  тарқатып  берді.

– Жыл  басынан  бері 18 өнімнің бағасы жоғарылады. Оның ішінде, ұн – 7,9%, нан – 13%, макарон – 7,8%, пияз – 72%, қырыққабат – 93%, картоп – 23%, қант 35%-ға өсіп тұр. Жалпы, соңғы бір аптадағы есеп бойын­ша бағаның өсуі 1,5%-ды құрап отыр. Қазіргі таңда тұрақтан­дыру қорында өнімнің 30-40 пайызы бар. Сол себепті, астық мәселесіне алаңдау­дың қажеті жоқ. Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабыл­данып, жұмыс атқарылып келеді. Қазір бидай бағасы 140 теңгеден асып тұр. Сондықтан, бізге ұнның келісі 125 теңгеден келеді. Облыста нан бағасын  тұрақтан­дыру мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ,  ҚР  Ауыл шаруашылығы  министрлігі  және Қызылорда облысының әкім­дігі  арасында  арзандатылған  бидай алуға меморандумға қол қойылып, астық сақтау  қойма­ларынан  ұн  өндіруші  кәсіпорнына  ақпан-тамыз  айларына    13,6  тонна  астық  бөлінді.  Бүгінгі күнге алғашқы 340 тонна ұн жеткізіліп, 544 тонна ұн тасы­малдану  үстінде.  Нәтижесінде,  наубайханалар   басынан  әлеуметтік  нанды   80-85 теңгеден босатып, бөлшек саудада 90 теңгеден аспайтын бағада сату жөнінде келісім  жасалды. Бұл аталған  баға  осы жылдың тамыз айына дейін болуы  мүмкін.  Себебі,  бағаның  не  шарықтайтыны, не төмендейтіні бізге де беймәлім, – деді  Талғат  Тұрсынұлы.

Бүгінгі күні азық-түлік бағасының қымбаттауына орай көтерілер мәселе мен айтылатын әңгіме толастар емес. Сондықтан, халықтың мұң-мұқтажына баса мән беріп, шарықтаған  бағаның  тез  арада  құлдилағаны  қос  тарапқа  да  маңызды.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: