Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астық зауытының құрылысы басталды

13.11.2025, 17:55 98

Ақмола облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында жаңа кезең басталды. Өңірде еліміз бойынша алғаш рет астықты терең өңдеуге арналған ірі зауыттың құрылысы басталады, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі El.kz интернет порталына сілтеме жасап.

Өңір әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, биылғы жылдың басынан бері облыс экономикасына 660 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 250 миллиард теңгеге көп. Инвестиция көлемінің осылай артуы жаңа кәсіпорындардың іске қосылуына, инновациялық технологиялардың енгізілуіне және 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына жағдай жасап отыр.

Инвесторларды тартудағы басты құралдардың бірі — облыс аумағында құрылған төрт индустриялық аймақ. Соның ішінде республикалық маңызы бар «Ақмола» индустриялық аймағы бүгінде шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналған. Мұнда жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын жобалар шоғырланған.

Өңір басшысы атап өткендей, қазіргі уақытта астықты терең өңдеуге арналған алғашқы зауыттың құрылысы басталды. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда 3 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізу сатысында.

Жобаның жалпы құны — 1,8 миллиард АҚШ доллары. 2025–2028 жылдар аралығында іске асырылатын бұл зауыт жылына 3 миллион тоннаға дейін астық өңдеу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, өңірде құрылыс индустриясы мен агрохимия бағытында қосымша жобалар да қарастырылып отыр. Атап айтқанда, клинкер және кірпіш өндіретін зауыттар, сондай-ақ пестицид пен тыңайтқыш шығаратын жаңа кәсіпорындар салу жоспарда бар.

Мұндай ауқымды бастамалар Ақмола облысының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге де жол ашады.

Фото: АгроИнсайд

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: