Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адам атаққа құмар болса…

09.03.2023, 12:00 281

Дін – өте нәзік тақырып. Бірақ түсінген, сезінген адамға тұнып тұрған энциклопедия. Жалпы, дін адамның қандай болуы керектігі жайында айтылады. Иә, бұл – белгілі бір шектеу. Дегенмен, оны қадағаласа, адам өмірде өз орнын тауып қана қоймай, көпке идеал бола алады. Мәселен, Ислам дінінде мұсылманның көркем мінезін бұзған 3 нәрсе деп айтады. Атап айтсақ, біріншісі – атақ­құмарлық яки билік. Екіншісі, елік­теушілік. Көбіне адамзат онда тұрған не бар деп әдепсіз істерге барады. Соңғысы, дүниеге деген қызығушылық немесе құмарлық. Міне, осы үш қасиет адамды бұзады. Әсіресе, қазақ арасында атаққұмарлар көбейді. Жылтырақты жыртығына жамататыңдар жетерлік. Жастар да бұдан кенде емес. Мұның соңы қазақ­ты неге жеткізетініне сәл ой  өрбітейік.

Журналист Нұрлат Байгенже «алғыс хатқа» талас­қан жерлестерін көріп, былай депті. «Құлдық психологияның бір көрінісі – атаққұмарлық пен сыйлық­құмарлық». Рас, қазақты әлі де құлдық сана билеп келеді. Оның ішінде жастарды елітіп әкетуде. Өйткені жастар білімі мен білігі жетіспесе де, түрлі статусты сатып алуға көшті. Солай қазақты атаққұмарлыққа тәрбиелеп отырған кәсіпкерлердің кәсібі дөңгеледі. Себебі сұраныс бар. Неге бұлай айтып отырмыз? Мысалы, бүгінгі жастардың бәрі ғалым, бәрі философ, бәрі бірнәрсенің үздігі, бәрі 100 жаңа есімнің иегері. Кәсіпкерлердің атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық, қазақты құртып жатқаны­нан хабары жоқтар һәм арызқойлар арызын арқалап жүгіріп шығар. Соларға қомақты қаржы берсеңіз, атыңыз кітапта ғана қалмай, үздік студент, үздік ұстаз, үздік ғалым, ол аз болса, ТМД-ның үздік студенті сынды медальдарын аласыз. Соны алып арамызда үздіктер артты. Сатып алынған атаққа еш қымсынбайтындарына риза боласың ғой. Негізі, Абай Құнанбайұлы айтқандай, есектің артын жусаң да мал тап. Кәсіпкерлерді бұған  кінәлау  да  қиын.

Бұл бер жағы. Респуб­ликаны қойып, халықара­лық деңгейге шықтық. Қоғамдық қорлар көмегі­мен халықаралық ғылыми-жобалардың жеңімпазы бола бастадық. Әлемжеліде Еуропа мен Азия елдерін атын тізіп, сол елдің ғылыми-жоба жеңімпаздары көбейді. Қазақта ішін тілсе бір әріп жоқ дейтіні бар ғой. Ағылшынша еркін сөйлей алмай, шетелдік  байқаулар­дан орын алуды тек біз ғана білеміз. Дүниежүзілік ғылыми жобадан жеңді деген атақ керек болса, 16 мың теңгелік көптеген қоғамдық қорға жүгінсеңіз бола­ды. Бір жағынан күлкілі, бір жағынан өте өкінішті. Ата-анасы да «үздігінің» марапатына ұланғайыр той жасап, елден алғыс жинайды. Ойпырм-ай, қазақтан ұят та кетіпті. Осындайда тарихтағы дүр тұлғалар есіне түседі. Өзі мықты ақын бола тұра, лақап атпен шығарғандар бар. Десе де, ол заманда да «батырлар» аз емес. Атақ үшін  бір-бірін сатты, өлтірді.

Хош. Ақшасы болса, алсын дейік. Бірақ атаққұмарлықтан менмендікке, менмендіктен есерсоқтыққа апарады екен. Себебі жинап-терген атағын «түгел айтпадың» деп өкпелеп, журналистің қабілетіне сын айтатындар бар. Кейде әттең-ай, әттең-ай деп қаласың. Егер адамда көркем мінез болса, мейлі терін төгіп немесе  жеңіл  жолмен алсын атағын құран оқытқан кезде өлгендердің атын тізбектегендей айт деп бұйырмас еді. Құранда ешкімді қалдырмай айту – заңдылық. Ал, атағының біреуі қалып қойса, не болады екен? Міне, арамызда мұндай адамдар көп. Тіпті, жастар да бар. Осы жастарды атаққұмарлыққа үйреткен «ғасыр», «алаш», «ұлт» ұстазы атағының иегерлері. Ұстаз да атаққа құмар болса, шәкірт те оңбасы анық. Бұл дерт асқынып, күшейді. Жалтырақ-жыл­тыраққа еліктеп жүріп, бір күні өзге елге жалпақтап қал­майық. Қысқасы, жақсылық жаса да теңізге таста, балық білмесе де, Хақ білер дегенді естен шығармаған жөн.

ҚҰЙЫН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: