Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абай Құнанбаев пайдаланған жиһаз Сыр елінде сақтаулы

01.02.2020, 10:10 806

Сырдария аудандық музей қорында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы тұтынған кітап сөресі сақтаулы. Ғасырлық тарихы бар жәдігерді музей қорына 2006 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері Ахметбек Іскендіров табыстапты. Осы кітап сөресі Сыр еліне қалай келді?

Төменгі жағына топсалы екі есік салынған. Шкаф түрінде жасалған бұйымның жоғарғы беті – үш бөлікті ашық кітап сөресі. Биіктігі 125 сантиметр болса, ені – 45 сантиметр, ал жалпақтығы – 50 сантиметр. Алғашқы кезде қызыл-қоңыр бояумен сырланса, кейіннен ақ эмальмен сырланып, шкаф түрін өзгерткен. Жәдігер бас­тап­қы күйінде сақталмаған, оның жоғарғы бөлігі кесілген. Музей қорындағы құнды дүниені жергілікті өлкетанушы Жәнібек Маханбет көп зерттепті.

Заманында Құнанбай қажы қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезовтің атасы Әуезді еліне діни бағытта білім беру үшін шақырғаны тарихтан белгілі. Осы кісімен бірге Сыр елінен діни білімі бар бірнеше жас еріп барыпты. Солардың ішінде бүгінгі Сырдария ауданына қарасты Ақжарма елді мекенінен Дәрібай есімді жігіт болған. Арқаға барғанда сырбойылық діндар жігіт Құнанбай әулетінен Тұрған есімді қызбен тіл табысады. Алайда қыздың әулеті жалғыз­басты кірме жігітке қыздарын бермейтін болады. Сол арада Дәрібаймен мүдделес азаматтар екі жасқа жарамды екі ат тауып беріп, жасырын түрде Сыр еліне аттандырыпты.

Қос ғашық елге аман-есен жетіп, отау құрып, үйлі-жайлы болады. Олардан Құлжан, Тас­жан, Қосжан, Патыма, Зейнеп, Зере, Гүлсім есімді перзент дүниеге келген. Қазақы салт бо­йынша тұрмысқа шыққан қыз балалы-шағалы болып, қолдары өз аузына жеткенде ғана төркіндеп баратын болған. Сол үрдіспен Арқаның қызы еліне баруға қамданады. Әрине, ұзақ жолға барлық ұл-қызын ертіп бара алмайды. Өзімен бірге ұлдарының ішіндегі болымдысы Тасжанды алып кетеді. Өз жұртына төркіндеп барғанда Абайдың дүниеден озған кезі екен.

Тұрған ағайын-туыспен кө­рісіп, ел жағдайына қанық болады. Сол арада төркін жұртына ұлы Тас­жанның алғырлығы ұнаса керек. Сыр еліне қайтар шақта оған арнайы «жиен сыбаға» деп, нағашысы Абайдың кітап сөресін сыйлапты. Абай тұтынған дүние осылайша Сыр бо­йына жетеді. Алайда біршама уақыттан кейін Тасжан өмірден озған екен.

Зере Дәрібайқызы Ақжарма ауылындағы Бабай ишанға тұрмысқа шығады. Сол кезде Тас­жанға нағашыларынан сыйға келген сөрені анасы қыз жасауына қосып жібереді. Осылайша, Абай тұтынған жиһаз Зереге өтеді. Бұлар А.Тоқмағамбетов ауылына қоныс аударады. Бүгінде ол жер «Бабай ишан» деп аталады. Олардан өмірге Иман, Әбдіәли, Қалымбет, Абдулла есімді ұлдар мен Қалжан, Әсия, Балжан, Қадиша, Үмбіш есімді қыздар тарайды.

Молдалар мен байлардың басына қара бұлт үйірілген тұста Бабай ишан әулеті Тәжікстанға көшуге мәжбүр болады. Бұл – 1928-1929 жылдар шамасы. Біз айтып отыр­ған кітап сөресі осы аласапыранда ауыл тұрғыны Тумышқа қалған екен.

Бабай ишан мен Зере Тәжікстанда дүние салған. Ұлдары Иман Ташкент облысына қоныстанса, Қалымбет пен Әбдіәлиді «халық жауы» деп, 1936 жылы НКВД ұстап әкетеді. Содан хабарсыз. Абдулла Тәжікстанның Нөрек ауданынан соғысқа аттанып, қайтып оралмаған. Қыздарының үлкені Қалжан тәжік елінде өмірден өтеді. Балжанның ұрпақтары Шымкентте болса, Хадишаның ұрпақтары – Жетісайда. Үмбіш ұрпақтары ауданға қарасты Шіркейлі ауылында тұрады.

1942 жылы Әсияның ұрпақтары Ахметбек, Мамадияр, Әбдіраман тәжік елінен А.Тоқмағамбетов ауылына қайта оралды. Елге келісімен Әсия әке-шешесінің Тумышқа аманаттап кеткен дүниелері, оның ішінде Семейден келген кітап сөресін қайтарып алады.

Құнды жәдігер бүгінде Сыр­дария аудандық музей қорында сақтаулы тұр.

«Syrboyi.kz» сайтынан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: