Бүгін Қызылорда қаласындағы «Ескі базар» деп аталып кеткен базарды аралап шықтым. Негізінен мұнда азық-түлік пен халық тұтынатын товарлар сатылады. Қала халқының дені және Сырдария, Жалағаш аудандарының тұрғындары да азық-түліктерін осы базардан алады. Барлық товарларға баға былтырғы жылмен салыстырғанда анағұрлым өскен. Сатушылармен сөйлесу барысында түсінгенім, күріш, сөктен басқасы шеттен әкелінеді екен. Киім-кешек, күнделікті тұтынатын заттар Қырғызстаннан, Ресейден, Қытайдан, Түркиядан келеді. Қазақстанда тігілген не жасалған заттар жоқ. Жиде мен пісте шемішкенің өзін Сарыағаштан алып келгенін естіп, «Ау, бұл екеуінің отаны Сыр бойы емес пе?» десем, ешкім екпейді де жинамайды дейді. Не айтасың бұған?
Өткен ғасырдың 80-жылдары Вадим деген кәріс досым (марқұм болып кетті) отбасымен 40-50 га жерге шемішке мен сыпырғы егіп, Ақтөбе, Алматы, Қостанай облыстарына сатып, жыл сайын машина ауыстырып мінетін. Жеміс-жидек Түркістаннан, ет, сары май да басқа облыстардан тасымалданады. Суармалы жерде отырып, өзімізде өндіріп сатуға болатын товарларды шеттен әкелу ақылға сыймайды. Есімде, бала кезімде ата-анамыз картоп, сәбіз, жуа, қауынқақ дегендерді кемінде алты айға жететіндей дайындап қоятын. Ауылдағы тұрғындардың көпшілігі солай жасайтын. Қазір ше? Кімді кінәлайсың, жатып алып әкімқарарларды жамандаймыз ба? Қайда қазір Сыр диқандарының ұрпақтары? Масылдық, енжарлық, немқұрайдылық ұрпағымызға тас кенедей жабысып бара жатқандай…
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
сенатор.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!