Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сақалын сатқан кәріден…»

06.02.2021, 14:00 924

HALYQLINE.KZ  Бір жылы Абайдың үйінде көп кісі түстеніп отырса, Көтбақ қара Қазыбек дейтін бір өсекші, қыдырмашы кісі есіктен кіре сәлем беріп:

– Е, Құдай айдап, бұйырған тағамға кез келе қалғанымды қарашы, – деп қолын еш жумастан табаққа қарай ентелеп келе жатқанда Абай зілді үнмен: Қайда барасың өңмеңдеп, отыр сол жерге, – депті.

Қазыбек не дерін білмей сылқ етіп отыра кетіпті. Абай Қазыбекті қайырып тастаған соң бір сөз айтпастан ары қарай қонақтарымен етін жей беріпті.

Ет артынан шай ішіліпті. Қазыбекті тіпті шайға да шақырмапты. Тамақ ішіп болысымен жұрттың бәрі шығып бара жатқанда Қазыбек те кете бермек болып түрегелгенде, Абай «отыр» деп ишара жасапты. Қазыбек қайыра отырыпты. Сонда Абай: Сен өзің өсек жинайсың, біреудің дауын сатып алып, айтысқа түсесің. Осының бәрі бір Құдайдың бұйрығы ма? – деп сұрапты.

Қазыбек ештеңе деп үндей алмапты.

Ал сен жаңа ғана «Құдай айдап, бұйырған тағамға тап келдім-ау» деп едің. Бұйырды ма сол тағам, жоқ па? – депті. Қазыбек: Бұйырмады, – депті.

Абай: Ол солай. Сен ас үшін арыңды сатып, бұйырмаған астан ішемін дедің. Оны бұйырып тұр дедің. Кәне, бұйырғаны. Онан да «қаңғырып жүріп ас үстіне кез болдым-ау» деп неге айтпадың? Жейтін тамағыңды шыныңды айтып жесең нең кетеді, – деп ұрсыпты.
 Сонда Қазыбек біраз үнсіз отырып: Абай, қазақтың бір ырым салты бар ғой.

Үлкенін сыйлаушы еді, тым болмағанда сақалымды сыйласаң етті, – депті. Сонда Абай: Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық.

Сенің үлкендігің мен сақалыңның қадірлі екендігі рас. Бірақ соның қадірін өзің кетіріп жүрсің ғой. Өзің сыйламаған сақалды жұрт не қылсын? – деп жауап қатқан екен.

«Қазақтың ата заңдары» жинағынан…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: