Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен «қазақтар жалқау» деген сөзге сенбеймін

08.08.2020, 17:00 698

HALYQLINE.KZ Баяғыда, кішкентай кезімде каникулда ауылға барамын. Бала болсақ та, сондағы ауылдың күйбең тірлігін көз көрді ғой. Көкем – механизатор, үсті-басы май-май боп «К-700» деген тракторының астынан шықпайтын.

Советтің бір жүріп, жүз сынатын техникасын өзі жөндеп жүретін. Сонымен жер жыртады, тіркемесін сүйретіп жүгері, бидай тасиды, қысқасы совхоздың шаруасын істейтін. Үйге кешке бір-ақ келеді.
Басқа ағайындар мал соңында, ана сақман дегеннің уақытында ауылда еркек кіндік жоқ болады. Мал төлдегенде бүкіл ауыл тік тұрады. Малмен қорада түнейді.

Жазда шөп шабу мен оны тасу, көмір, огород, қи ою… Осы қазақтілді фейсбукте қи оймаған қазақ жоқ шығар.

Жұрт малдың соңында күн ұзаққа сабылады. Шопандарға 120 рубльін беріп қой бақтырып жүз саулықтан 120 қозы тудыратын. Олардың ми далада қалай қияли боп кетпейтініне таңғалатынмын.

Одан ауылда «қой кезек» дейді. Тағы «қой қырқу» дегені бар, «қой тоғыту» дейді…

Әйелдер таң қылаң бере сиыр сауады, сүт тартады. Мен таңертең сеператордың қасында қаймақ күтіп отыратынмын. Әйелдер таң атқаннан кеш батқанға шейін жыбыр-жыбыр, тыпыр-тыпыр. Қазіргі әйелдер оның жартысын да істемейді.

Үй шаруасында күнделікті малдың астын тазалап боқ шығару, шөп салу, оны суға айдап апару ол өз алдына… Бос жүрген ауыл жастарын ауыл деректірі міндетті түрде бір бейнетке тығады, ырбаңдатпайды.
Одан ауыл жұртының совхоздағы өз жұмыстары бар, келетін қонағы бар, ол кезде үй іші қонақтан босамайды. Бала туу мен оны тәрбиелеу дегені бар.

Және ол кезде баланы он-оннан туады. Оның бір-екеуі сапасыз медицинаның салдарынан міндетті түрде шетінейді. Ұзын сөздің қысқасы, совет заманындағы қазақтың өмірі тұнып тұрған бейнет екен. Совет өкіметі қазақты малдың соңына салыпты. Меніңше бұндай бейнетті сол кезде басқа халық көрмеді. Анау кәдімгі тозақ қой, тозақ деймін…

Ол кезде өкімет, жастар мектеп бітірген соң атестаттарын тартып алып міндетті түрде қой бақтырып мал бағуға үгіттейтін.
Сонда Алматыда 10-15 пайыз қазақ тұрыпты. Басқа қалаларда да сондай жағдай. Яғни, қазақтар түгел ауылда.

Бірақ «жалқау халық» деген жаманат әлі күнге шейін бізде.
Ол атты бізге таңып жүрген таңертең жұмысқа басы ауырып қиралаңдап келіп, басшысының көзін ала беріп ақаңды сылқ еткізіп, кешкі сағат алтыны күтер-күтпес уақытта зып беретін сол кездегі өндірістің құлағын ұстаған халықтар. Ол жерге қазекең жолай алмайды, ол байғұсты «бар ауылыңа кет» деп ондағылар бері ытқытады.

Ал ауылда жағдай анадай; қазаққа егінін ек десе егіп береді, малын бақ десе бағып береді, баласын ту десе туып береді, шөбін шап, қиын ой, десе оны да істейді….

Қазіргі ауылдағылар да әлі күнге шейін солай бейнетте, жыбыр-жыбыр, тыпыр-тыпыр…

Мен «қазақтар жалқау халық» деген сөзге сенбеймін.

Олжас Әбілдің фейсбук парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: