– Әбдіраман, құлыным-ау! Қарның ашады ғой, айран ішіп алсаң болмай ма?
– Іштім апа-іштім, – деп ол дорбасындағы асықтарын ала салып ойнап жүрген балаларға жүгіре жөнелді.
Әбдіраман балалармен бірге Қостөбе ауылындағы Текес өзенінің жағасында орналасқан абақтының маңында асық ойнап жүрген болатын. Абақтының теріскей жағындағы темір тормен жабылған терезенің ішінен бір кісі дауыстап, «Әй, балалар, жақынырақ келіп ойнаңдаршы, сендерге қарап отырайын» – деп айғайлады. Балалар терезенің тұсына келіп ойындарын жалғастырды. Әбдіраман көз байланар шақта үйге қайтып бара жатып абақтыдағы кісінің өзіне қарап тұрғанын көзі шалды.
– Апа, біз бүгін балалармен абақтының қасында ойнадық. Қамақтағы кісі бізді «жақынырақ келіп ойнаңдар» деп, үйге кеткенше бізге қараумен болды.
– Е-е, ол бір бейбақ ғой балам, құдай басқа бермесін, – деп Әбдіраманның апасы Биалай бір уыс бидай мен бір үзім нанды орамалға түйіп, «мына тамақты ертең сол кісіге апарып бер, сауабы тиер» – деп үстелдің үстіне қойды.
Әбдіраман ертесі күні апасының берген тамағын қамаудағы кісіге берді. Осы сәтте абақтыдағы адам: «балам, менің атым – Ғабдол. Сенің атың кім? – деді. «Мен Оңалбайұлы Әбдіраманмын» – деп екеуі танысып алды».
«Әбдіраман саған бір өтінішім бар еді осы жерде менің көз алдымда ойнаңдаршы» – деді Ғабдол. Сөйтіп, кей күндері, ойын арасында апасының берген тамағын терезеден Ғабдолға беріп жүрді. Арада санаулы күндер өткен соң Ғабдол Әбдіраманды шақырып алып, үстіндегі киімін шешіп берді.
– Әбдіраман рақмет саған, мына киімді апаңа етек-жеңін қысқартқызып үстіңе кие ғой.
– Жоқ. Ғабдол аға, менің үстімде киімім бар. Өзіңіз не киесіз?
– Бүгін менің – соңғы күнім. Ертең мені атады. Сен ала ғой, – деп терезеден аспанға қарады.
Әбдіраман, әлгі киімді апасына беріп, болған жайды баяндап берді. Әбдіраманның апасы Биалай төрдегі сандықты ашып, тоңқаңдап, ішінен күбірлеп бірдеңе айтып жүр. Үйдегі барлық сырға, сақина, сөлкебайларын жинақтап: «ертең қамаудағы кісіні атуға алып баратын солдатқа осыларды бер. Бейбақты аман алып қалуға тырыс» – дейді.
Таң қызарып атқан уақытта Әбдіраман абақтының жанына келсе Ғабдол жоқ екен. Жан-жағына қараса алыс дөңнің үстінде бір солдат Ғабдолды дамбалшаң қолын байлап айдап әкетіп барады екен. Артынан жүгіре қуып жетті.
– Аға-аға, апам сізге мына бұйымдарды беріп жіберді, міне, алыңыз. Бұл кісіні атпай-ақ қойыңызшы.
– Балақай, мен де адамның қанын мойныма жүктегім келмейді. Менде басқа амал жоқ. Егер мен атпасам, ертең мені атады.
Сонда Ғабдол жан ұшыра сөйлеп: «мені аман жіберсең мен дәл қазір шекара асып, Қытайға қашып кетемін. Адам баласының көзіне көрінбеймін, тірі екенімді ешкім білмейтін болады» – деді.
Сәл ойланған солдат мылтығын аспанға атты да кері қайтты. Ғабдол Әбдіраманға бір қарап, жалаң аяқ жығыла-сүрініп көзді ашып, жұмғанша қырды асып, көрінбей кетті.
Арада бірнеше жылдар өтті. Дүйім жұртқа дүрбелең салған оқиға да ұмытыла бастады. 1930 жылдары қазақ даласында аштық басталды. Ел-жұрт шыдамай Қытайға қарай үдере көшті. Сол көштің ішінде Әбдіраманның отбасы да болды. Ол кезде Қытай жерінде де жағдай тұрақсыз еді. Күндердің-күнінде Қытайда ер-азаматтарды жаппай әскерге алу басталып, қара жұмысқа тартып, соғысқа аттандырып жатты. Ол тізімнің ішінде Әбдіраман да бар болатын. Салы суға кеткен Әбдраман, бұл қиындықтан қалай шығуды білмей екі ойдың жетегінде келетін. Бір кезде жігіттің қасынан жорға атқа мінген, қырым етік киген, ақ сақалды, екі иығына екі кісі мінгендей, тұлғасы таудай, қарны ертоқымнан асқан бір бай өте шығады. Байдың атына қызығып Әбдіраман артына бұрылып қараса бай да артына қарап барады екен. Аттылы адам біраз ұзақтап барып: «Әбдіраман, бұл сен бе?» – деп дауыстап жібереді. Жігіт атты адамға қарап: «иә, мен» – деп таңдана жауап береді. Әлгі бай аттың үстінен домалап түсіп, Әбдіраманның аяғын құшақтап еңкілдеп жылайды. «Мен ғой, мен Қостөбеде абақтыда отырып ойындарыңды көретін ағаң, Ғабдолмын ғой» – деп екеуі күн батқанша әңгімелесті.
Әбдіраман да басына түскен қайғысын айтып, мұңын шақты. Ғабдол Әбдіраманды атына міңгестіріп үйіне жеткізіп салды. Кімнің алдына кім шығып көрді дейсің? Ғабдол сол қашқаннан Қытайға өтіп, бағы жанып байып кеткен екен. Ғабдол мал-мүлкін беріп жүріп, Әбдіраманды әскерден босатып алыпты. Сонымен қатар, өзінің жарты байлығын Әбдіраманға сыйлап, жақсылығының өтеуі көреді.
Аш кезде жеген тамақтың дәмі бір басқа емес пе? Тар қапаста татқан дәмнің барлығы Ғабдолдың санасында сол қалпында сақталған екен.
Жақсылық – кереңнің ести алатын, соқырдың көре алатын дүниесі. Тарыдай жақсылықпен таудай жамандықтың алдын алуға осы оқиға орынды ой салады-ау. Тек әр жақсылықтың артында – Алланың аманатты – алғысы барын ұмытпасақ екен.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,
Әлеуметтік желіден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!