Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолаушы мұңы һәм жолақы жыры

27.08.2020, 10:25 1274

“Халықтың”  коллажы

2019 жылдың 29 қыркүйегінде электронды билетке көшу туралы Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Қызылорда қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС және «AlemPay» компаниясы арасында төртжақты келісімшартқа қол қойылды. Бұл – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған жұмыс. Соның ішінде қоғамдық көліктерді де сандық технологиялық тұрғыдан дамыту – жоспардың  бір  бөлігі.

ЖАҢА   ЖҮЙЕ,  ЕСКІ   САРЫН

Бұл келісімшарттың тармақ­тарындағы негізгі талаптардың бірі – 5 жыл 3 ай мерзімде орындау. Алғаш­қ­ы 3 ай уақыты құрылғыны әкеліп, орнатуға арналған еді. Алайда… Дәл сол уақыт әлемдік пандемияның баста­лған тұсына сәйкес келді де, кешеуі­лдеп  қалды. Жолақы жүйесі­нің жаңашыл процеске көшетіндігі туралы халықты құлағдар етіп келе жатқанына да жылға жуық уақыт болды.­ Жұмыстың жай-жапсарымен толығырақ танысу үшін сала мама­нымен  жүздестік.

– Жолақыға енгізілетін жаңа өзгерістердің ерекшелігіне келер болсақ, мобильді қосымша арқылы төлем төлеуге, өзіңізге керекті автобус бағыт­тарының қай тұста, қандай жылдамдықпен келе жатқанын, қай аялдамаға қанша уақытта жететінін бақылап отыруға болады. Қала ішіндегі аялдамалардың жанына электронды табло орнатылған. Бұл да осы жүйенің ішіне енетін құрылғы. Ең бастысы, жолаушылардың ағымы анықталады. Мәселен, орта сыйымдылықтағы қоғамдық көлік үлкен сыйымдылықтағы көлікке қарағанда адамды көп тасымалдауы мүмкін. Демек­, сол көлікпен қатынайтын халық­тың саны көп болуына байланысты орнына сыйымдылығы жо­ғары­ маршрут жіберілуі мүмкін. Жолау­шылар үшін ыңғайсыздық тудыр­мас үшін осы мәселелерге баса назар аударғанды жөн көрдік, – дейді «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметов.

ЖОЛАҚЫ   ТӨЛЕУДІҢ   9   ТҮРЛІ   ТӘСІЛІ   БАР

Жолаушылар автобусында орнатылған электронды төлем жүйесіне арналған көліктік картаны қолданудың ережелері халық арасында кеңінен түсіндірілуде. Жалпы, жолақыны 9 түрлі әдіспен төлеуге болады.

1. «AlemPay» көліктік картасы;

2. «SMSBus» мобильді қосым­шасы;

3. 2505 қысқа нөміріне телефондағы бірлік арқылы төлеу. Ол үшін көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін хабарлама арқылы жіберу керек (тегін).

4. Электрондық билет арқылы. Оны жолаушы SMS немесе «SMSBUS Passenger» мобильді қосымшасы арқыл­ы алады. Электрондық чек нөмірі QR код түрінде көрсетіледі. Жолаушы электронды билетті сапардың соңына дейін сақтап, жол жүру төлемін тексеру үшін бақылау қыз­метіне автоматты түрде сканерлеуді ұсынуы  керек.

5. «Homebank» қосымшасы. Электрондық билетті алу үшін «Home­bank» қосымша арқылы жол жүру ақысын төлейтін жолаушылар «Электрондық билет» ашып, «Homebank»-те көрсетілген ұялы телефон нөмірін және банктік картадағы соңғы 4 санын енгізу керек.

6. Альтернативті төлем әдістері. Жолаушылар төлемнің бұл түрін несие­ картамен немесе Kaspi.kz арқыл­ы төлей алады. Ол үшін теле­фонға «Smsbus» мобильді қосым­ша­сын  орнату  керек.

7. Банк картасы Халық банкінің ePay жүйесінде бір рет тіркелуі керек. Тіркелу  үшін «Банк картасын тіркеу» түймесін  басыңыз.

8. QR кодты сканерлеу арқылы төлеу.

9. Қолма-қол төлем жасап, кассалы­қ  түбіртек  алу.

КІМДЕР   ТЕГІН   ЖҮРЕ   АЛАДЫ?

Бүгінде 600 автобусқа терминал орнатылған. Сол құрылғы әр төлем жасаған жолаушы есебін анықтап беред­і. Қолма-қол төлем жасағандар үшін қазір жолаушы билетін қолмен жыртып беріп жүр. Бұдан былай техно­логиялық касса аппараты ор­натылып, сол арқылы түбіртек беріледі. Сол арқылы анықтауға болады.

Тағы бір айта кетерлігі, «Smsbus» мобильді қосымшасы арқылы сіз қызметтердің сапасын, көлік жағ­дайын бағалай аласыз, пікірлер мен шағымдарды сол мезетте жібере аласыз. Барлық рейтингтер мен шолулар талданады және тиісті шаралар қабылданады. Ол тасымалдаушы жүйеде дереу көрсетіледі.

Ал, қоғамдық көлікте жүріп-тұру үшін жолаушылардың белгілі бір санат­қа  жататын  легіне жеңілдік беру –  қалыптасқан  дәстүр.

– Бұған дейін І топ көз мүгедектері ғана жеңілдікпен жүрсе, енді І топ мүгедектігі бар барлық жолаушылар, сондай-ақ, 16 жасқа дейінгі мүмкін­дігі шектеулі балалар, 7 жасқа толмаған балалар тегін жүреді. Жасы 70-тен асқан зейнеткерлер 50 пайыз жеңілдікпен  жүреді, – деді Қ.Рахметов.

Жаңа жүйе қолданысқа толықтай енгізілсе, кондукторлардың жұмыссыз қалатыны айтылып жүр. Соңғы кезде көріп жүргеніміздей, үлкен сыйымдылықтағы автобустарда жүр­гізуші ғана қызмет көрсетіп келеді. Жұмыссыз қалған жұмыскерлердің жағдайы қандай болмақ?

– Біз бұл мәселені де реттеп қой­дық. Жұмыссыз қалған кондукторларды «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы жұмыспен қамту орталығы арқылы түрлі жұмыс­тарға орналастырамыз. Әрине, өз келіс­імдері бойынша. Егер бас тартса,­ ол өзінің құқығы, өзінің еркі.

Соңғы кезде жолаушыларды автобу­с жүргізушісі өзі тасымалдап, жолақыны да өзі алып, табысын өткізіп жүр. Кондуктор мен жүргізуші екеулеп жұмыс істесе де, сол табыс, жүргізуші жалғыз жүрсе де, сол табыс. Егер екеуі жүрсе, онда біз екі есе шығынға ұшыраймыз. Кіріс тұрақты, бірақ шығыс әртүрлі болады. Сол себепті кондукторларды жұмыстан босатуға тура келді, – деді мекеме өкілі.

Айтпақшы, электронды билет термин­алы мен кассалық аппаратты орнатуға қарсылық білдіріп жатқандар да бар көрінеді. Оған ең негізгі себеп­тердің бірі – салық төлеуден жалтару. Шынын айтқанда, табысын жасыру фактісі жиілеген. «Тасымал саласында жүрген жеке кәсіпкерлер­дің 5-10 пайызы ғана салық төлеп отыр. Егер электронды жолақы төлеу жүйесі орнатылмаған немесе істен шыққан болса, жолаушылар тегін жол жүру құқығына ие. Бұл туралы қала әкімінің арнайы қаулысы бар» дегенді алға тартып отыр автобус паркінің  өкілі.

МАРШРУТТЫҢ   ЖҮРУ  СЫЗБАСЫ  ҚАШАН  ЖАҢАРАДЫ?

Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы несие­ге алынған 92 автобус бар, оның алдындағы әкелінген автобустарды қоса алғанда 122 қоғамдық көлік бар. Соның 42-сі жөндеуде тұр, оның 30-ы күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұйыртса, облыс әкімдігінің қол­дауымен 2020 жылдың күзінде жо­ғары сыйымдылықтағы 13 жаңа автобус қатарға қосылады деп күтілуде. Десек те, тасымал саласындағы түйткілді мәселелер толастаған емес. Соның бірі – маршруттың жүру сызбасы­н  жаңарту.

– Қаламыздың шет аймақтарын, жаңадан ашылған мөлтек аудандарды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында қала бойынша қоғамдық көліктердің жүру сызбасын қайта сыздыру үшін бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы Алматы қаласындағы Көлік және коммуникация ғылыми зерттеу институты жеңімпаз болды. Келісімшартқа сәйкес олар осы тамыз айының аяғы мен қыр­күйек айының бастапқы күндерінде жолаушылар ағымын есептеуге келуі тиіс. Тағы бір кедергі болып тұрғаны, пандемия салдарына байланысты оқушылар, студенттер мен ұстаздардың қашықтан оқу үрдісіне көшуіне байланысты жолаушы ағымы аз болғалы тұр, – дейді сала маманы.

САРАЛАНҒАН   ТАРИФ   пен   ҚҰБЫЛҒАН   ҚАУЛЫ

Жаңа технологиялық өзгеріске үдере көшудің салдары халықтың нараз­ылығын туғызды. Өйткені бұдан біршама уақыт бұрын қолма-қол төлем 90 теңге, электронды билетпен 80 теңге деп бірнеше мәрте хабарланды. Түптеп келгенде, қала әкімінің 2020 жылдың 25 маусымдағы №15619 Қаулысына сәйкес жолаушылар мен багажды қалалық (ауылдық) қаты­настарда автомобильмен тұрақты тасыма­лдауға сараланған тариф, жола­қысын ұялы байланыс операторының көрсетілетін қызметтері ар­қылы­ немесе электрондық жол жүру картасы арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 90 (тоқсан) теңге болса, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде 120 (жүз жиырма) теңге болып бекі­тіліп, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енетіндігі ресми түрде жарияланды.

– Халықтың  қарсы  болатынындай жолақыда еш өзгеріс жоқ. Бар бол­ғаны жолаушыларды түгелдей көлік картасын пайдалануы үшін қолма-қол төлем 120 теңге деп бекі­тілді. Арзан бағамен төлеу тиімді емес пе? Бұл – өзгерген емес, сараланған тариф. Ал кәсіпкерлер тарапынан болып­ жатқан қарсылықтарға да еш негіз жоқ. Өйткені жолақыдан түскен пайданың 9,25%-і – «AlemPay» компан­иясына, 90,75%-і кәсіпкердің пайдасына шешіледі, – деді Қ.Рах­метов.

Алайда бұл шешімге халық риза болған жоқ. Өз қарсылықтарын әлеумет­тік желі арқылы білдірген жұрт сараланған жолақы тарифіне наразы­лық білдіріп, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың атына хат жазып, қол жинады. Халықтан биік ешкім жоқ екендігін түсінді ме, әлде 120 теңгенің бұқара қалтасы үшін дәл қазіргі пандемия кезінде қымбат екенін түсінді ме, қаулыға өзгеріс енді. Жаппай қол жинау науқаны басталған 2-3 күннің ішінде Қызылорда қаласының әкімі транспорттық карта арқылы да, қол­ма-қол төлем жүйесіне де 90 теңге төленетіні туралы шешім қабылдады.

– …Бұған дейін хабардар еткені­міздей, аймағымызда 1 қыркүйектен бастап­ қолма-қол  билет  алу  құны  120 теңге болып бекітілді. Бұл сараланған тариф азаматтарды көлік картас­ын пайдалануға ынталандыру мақсатында қойылған болатын. Алайда, сіздердің өтініштеріңізді ескеріп­, ұсыныстарыңызды тыңдай келе электронды немесе қолма-қол төлем жасаушылар үшін де ортақ баға 90 теңге болып сақталып, өзгеріссіз қалдыруға шешім қабылдадық. Әйтсе де, жоғарыда айтып өткенімдей, электрондық төлем жүйесіне өту – заман талабы. Сол себепті жолақысын электронды төлеуге ұсынылған 8 түрлі төлем жасау тетіктері дамытылып, жүйеге ауысу 1 қыркүйектен бастап кезең-кезеңімен жалғаса беретін бола­ды. Сондықтан жолақысын төлеудің­ электрондық жүйесіне ауысуларыңызды сұраймыз! Жол жүру билетіне электронды түрде төлем жасаудың тиімді тұстарына тоқталсақ:

Біріншіден, аймағымыздың бас шаһарындағы  тасымалдаушылардың шынайы табысы айқындалады. Нәтижесінде бюджетке түсетін кіріс­терді арттырып, салық базасын ұлғайтамыз және көлеңкелі қаражат айналымы жойылады. Автобус пар­кінің материалдық-техникалық базасы­  жақсарады.

Екіншіден, қоғамдық көліктегі мәдениеттілікті қалыптастырып, тазалы­қты сақтаймыз. Бұл қызмет көрсету  сапасының  жоғарылауына өз  септігін  тигізеді.

Үшіншіден, электронды түрде жолақы­сын төлеудің үстемдігі болашақта бағдарларды тиімді жоспарлауға  ықпал  жасайды.

Мұның бәрі келешекте Сырдың бас шаһары басқа да ірі қалалармен тең дәрежеде жолаушылар тасымалын сапалы деңгейге жеткізуіне жол ашпақ, – делінген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қала тұрғындарына арнаған  үндеуінде.

БҰҰ аясында есептелетін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамуының негізгі әлемдік рейтингінде Қазақстан 175 елдің ішінде 52-орында тұр. Бағдарламаны және өзге де стратегиялық бағыттарды іске асыру нәтижесінде еліміз рейтингте 2022 жылға қарай – 30, 2025 жылға қарай – 25, 2050 жылға қарай 15-орынға дейін көтеріледі деген болжам бар. Ол үшін әлемдегі мемлекеттердің күн тәртібінде тұрған цифр­ландырудың барлық бағыттары бойынша революциялық, серпілісті іс-шаралардың болуы талап етіледі. Осыған орай «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан­ жұмыстардың бір легі көлік коммуникациясы саласының технологиялық тиімді даму тұрғысына тіреліп тұр. Яғни, көліктік-логистикалық инфрақұрылым желілері жаңартуды талап етіп, электронды қызмет көрсетуге көшуде. Соның бір тармағы – қоғамдық көліктердегі жолақы төлеу қызметін электронды форматқа ауыстыру. Бұл үрдіс бұған дейін еліміздің ірі қалаларында енгізілсе, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Қызылорда қаласындағы барлық қоғамдық  көліктерге орнатылмақ.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: