Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ПЕДОФИЛДІК: Заңның пәрмені, препараттың дәрмені қандай?

13.08.2020, 11:15 1169

Амангелді  Қиястың  коллажы

Педофилге қандай жаза қажет? Оларға өлім жазасы керек пе, әлде, жасаған қылмысына қарай бас бостандығын шектеп, химиялық кастрация қолдану арқылы жазалаған дұрыс па? Қазіргі қолданыстағы заңнама қоғамды қанағаттандыра алып отыр ма? Иә, бұл тұрғыдан келгенде  пікір – пішен,  мысал – мың. Әлі күнге осы бір күрмеулі мәселенің түйіні тарқатылмай келеді.  Эмоцияға беріліп «азғындарды атып тастайық» дейтіндер де, бұған қарама-қарсы уәж айтушылар да баршылық.

Ресми орган ұсынған статистика да көңіл көншітпей отыр. Бүгінгі күні Қазақстан түрмелерінде кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипатта (зорлау, шабуыл) әрекет жасаған 1868 адам жазасын өтеп жатыр. 2020 жылдың алғашқы 6 айында жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен 16 адам істі болған. Олардың 1-еуі 5 жылдан  10 жылға дейін, 12-сі  10 жылдан 15 жылға дейін,  3-еуі 15 жылдан 20 жылға дейін сотталған. Ал енді оларды өлім жазасына кесу керек пе?

СОТ   ЖҮЙЕСІ   «СОЛҚЫЛДАҚ»

Ең алдымен ҚР Конституциясының 1-бабына сүйенейік. Онда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Сонымен қатар мемлекет басшысының 2003 жылғы 17 желтоқсандағы №1251 Жарлығымен елімізде өлім жазасына мораторий енгізілді. «Жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шығып», мораторийді алып тастаған жағдайда «біздегі құқық қорғау, сот жүйесі әділетті ме?» деген сауал төбе көрсететіні рас. Бұған қатысты белгілі адвокат Мейірбек  Даубалаев:

– Бұл мәселенің екі жағы бар. Біріншіден, біздің елдегі құқық қорғау саласы 100 пайыз әділетті деп айта алмаймыз. Мұндай қылмыс туралы ақпарат шықса, ел «педофилді ату жазасына кесу керек» деп эмоцияға беріле­тіні бар. Бірақ ең алдымен күдік­тінің кінәсі дәлелденбейінше, олай үкім шығаруға болмайды. Педофилдік тек ғана зорлау емес, оған жыныстық азғын­дық та жатады. Екіншіден, мұндай қылмыстың қасақана ұйым­дастырылуы да мүмкін.

 Менің адвокаттық тәжірибемде болған бір істі айта кетейін. Облысқа қарасты аудандардың бірінде жанжал болды. Күдікті досының үйінде арақ-шарап ішіп, сыртқа дәрет сындыруға шығады. Сол маңайда 5-6 жастағы бала ойнап жүрген көрінеді. Кейін сол баланың анасы полицияға «балама жыныс­тық азғындық жасады» деп арыз жазған. Ал баласына «көке маған «әпшуін» көрсетті» деп әбден үйретіп қойған. Психологиясы әлі қалыптас­паған бала тергеу кезінде анасы үйреткен сөзді айна-қатесіз қайталады. Ескер­те кететін жайт, мұндай істе баладан бір-ақ рет жауап алынады. Ал күдікті «Досымның баласы – менің балам­. Мен оған қалай азғындық жасаймы­н?» деп жыларман күйде. Ақыры қорғауымдағы азамат сот­талып кетті. Менің тәжірибемде мұндай проблемалар жиі кездеседі.

Өлім жазасын енгізу үшін жоғарыда айтқанымдай, құқық қорғау, сот саласындағы әділдік керек. Ақтау үкімі көбеюі тиіс. Мәселен, бүгінгі күні сотқа түскен істің 10-ынан 1-еуіне ғана ақтау үкімі шығады. Өлім жазасын қолдану үшін кем дегенде сотқа түскен 2 істің 1-еуі ақтау үкімі болуы керек. ҚР Жоғарғы сотына Жақып Асанов келгелі ақтау үкімі көбейді. Бірақ әлі де тым аз.

Қазіргі күні үстіңізден арыз жазылып, тергеуші сол істі «делоға» қалай тігеді, прокуратура қалай бекітеді, сот солай шешім шығарады. Соттың нендей шешім шығаратынын білетін тергеушілер, әрине, ойына келгенін істейді. Үстіне бензин құйып, Ақорданың алдына халық неге барады? Соттан әділдік таппағасын, амалсыз осындай шешім қабылдайды.

Меніңше, ең алдымен, құқық қорғау саласы  және  сот  жүйесі  өзгерген соң, заңды  қатайтуға  болады, – дейді.

«ПІШТІРУ»   МӘСЕЛЕНІ   ШЕШПЕЙДІ

Елде «Химиялық кастрациялауды қолдану қағидаларын бекіту туралы» заң 2017 жылы қабылданып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Бүгінгі күні нақты қанша педофилдің «піштірілгенін» дөп басып айту қиын. Ал химиялық кастрацияға қолданылған препарат қылмыскердің еркектік қабілетінен қаншалықты айыра алады? «Урология және андрология» орталығының директоры, уролог-андролог Олжас Сапарбекұлы:

– Педофилдік – өзінен бірнеше жас кіші адамға жыныстық қызығушылық. Кейбір науқастар өзінің психикалық ауытқуын біліп, емханаларда ем алады,­ енді біріне мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылады. Бұл тұрғыда пікір әртүрлі. Бірі мұны емдеуге болады десе, енді бірі бұл мүмкін емес дейді. Өздеріңізге белгілі, заңға сәйкес кінәсі дәлелденген педофилдерге химиялық кастрация жасалады. Химиялық кастрация – медициналық ұйым сот шешімінің негізі­нде жүзеге асыратын, жыныстық құштарлықты азайтатын антиандрогендік препараттарды қабылдау. Деген­мен, «піштіру» арқылы бұл мәселе­ түбегейлі шешілді деп айту қиын. Өйткені, қолданылатын препараттардың дені (адамның организміне қарай) 2 немесе 3 айдан кейін әсерін жоғалтады. Содан соң адамның жыныс­тық қабілеті қайта қалпына келеді. Меніңше, балаға жыныстық зорлық көрсетіп, одан ләззат алатын адам химиялық кастрациядан кейін өзгереді деп ойламаймын. Алдымен адамның санасы өзгеруі тиіс. Мәжбүрлі түрде ем қабылдаған адам, ләззат алу үшін тек ғана жыныс мүшесімен емес, басқа да әрекеттерге баруы ықтимал. Жалпы алғанда, әлем елдерінде химиялық кастрацияға көзқарас біркелкі емес. Кейбір ел мұны адамды қорлау және құқығын шектеу деп есептейді.

Айта кететін жайт, химиялық кастр­ацияның  әсерін  жоюға қабілет­ті  препараттар  да бар.

Ал мен осы елдің жай ғана азаматы­ және салық төлеушісі ретінде пікірім, балаға жыныстық зорлық көрсетіп, кінәсі дәлелденген адамға өлім жазасын кесу керек. Педофилдің түрмедегі ас-ауқатын мемлекет неге өтеуі тиіс? – дейді.

Бұл мәселе тым терең тақырып. Бір күнде не бір жылда шешіп тастау мүмкін емес. Тіпті, сот жүйесі, құқық қорғау мен медицина саласы дамыған мемлекеттердің өзі педофилияның «емін» таба алмай отыр. Ашық мәлі­меттерге сүйенсек, Қытайда педофилдің балаға азғындық жасағаны дәлелденсе, бірден өлім жазасына кеседі­. Ал Иранда дарға асу немесе ату жазасы жұрт алдында орындалады. Кей деректерде Солтүстік Кореяда педофилді өз құрбаны өлтіреді. Кінәліге ату жазасы белгіленеді, ал зорланған бала сол ату командасының құрамында болады. Педофилдерге өлім жазасы Мысырда, Үндіс­танда, Сауд Арабияда, Латын Америкасында, Оңтүстік Корея, Ирак пен Африка елдерінде қарастырылған.

ҰЛТТЫҚ   БОЛМЫСҚА    

ЖАСАЛҒАН   ҚАСТАНДЫҚ  

БОЛУЫ   МҮМКІН

Зорлық-зомбылыққа ұшыраған не бүлдіршінің бөгде кісінің жетегінде кетпеуі үшін ата-ана не істеуі қажет? Психолог Сымбат Әбдірахманованың айтуынша, егер бала белгілі бір психикалық зиян келтірген травматикалық жағдайды бастан кешірсе және бұл тақырып төңірегінде отбасында үнемі айтылса, онда ол жарақаттың психикалық салдары қалады.

– Сондықтан отбасы бұл жағдайды қалай болғанда да мүмкіндігінше тез ұмытып, оны қызықты сәттермен ауыстырған дұрыс. Бастысы, барлық болған жағдай баланың есінен мүм­кіндігінше тез жоқ болып кетуін қамтамасыз ету керек. Тағы бір қауіп – ол жәбірленушінің өзінде педофилизм факторының қалыптасуы. Статистика бойынша педофил қатарындағы адамдардың жас кезінде дәл сондай жыныстық қудалауға тап болғандығы анықталды. Сондықтан олар педофилизмнің қалыптасу қатері бар тобына енгізіледі. Бұл АҚШ мәліметтерінен алынған. Оларда педофилдердің өздері бала кезінде үлкендер тарапынан жыныс­тық қудалаудың зардабын шеккені туралы мәліметтер жеткілікті.

Осы ретте ата-аналар балаларды таныс емес кісілермен сөйлеспеуге үйрету  қажет.

Меніңше, бала тәттінің артынан ойсыз бара беруі ол отбасындағы тәр­биенің қателігі деп білемін. Өйт­кені өсіп келе жатқан жастардың ойын­да материалдық  құндылықтан  басқ­а ешқандай  қажеттілік  жоқ.

Көп ата-аналар  балаларын  жал­ғыз жібере береді. Бала біршама уақытқа ата-анасының көз алдынан жоқ болып кеткенде бір сұрақ туындайды – бұл сәтте ата-аналары қайда болды, көршімен сөйлесіп тұрды ма, әлде дүкенге кетті ме немесе басқа бір дүниеме­н  айналысып кетті ме? Мұндай ата-аналар баланың жасын, сонымен  қатар ол баланың қауіп-қатер  туындап  тұрғанын  сезбейтінін ескермейді. Бұндай жағдайда шын өмірде қателік жасамау – ата-аналардың міндеті, – дейді Сымбат Әбдірахманова.

Күн тәртібіндегі күрмеулі мәселені жан-жақты қарағанды жөн көрдік. Ұлттық таным, ұлттық салт-дәс­түр тұрғысында келсек, мұндай азғын­дық ел тарихында болмаған. Журналист Сәкен Алдашбаев педофилдіктің соңғы жылдары белең алуын­ былайша түсіндіреді.

– Педофилге қандай үкім кесу қажет? Бұл сұрақ әлі басы ашық күйін­де тұр.

Ұлттық болмысымызда мұндай дерт бұрын-соңды болмаған. Салт-дәстүріміздегі айыптауларда қылмыс жасаған адамды зынданға отырғызу, есекке теріс мінгізіп, елден аластату, теріс бата беру, т.б. жазалау шарала­ры қолданылған. Айыптаудың 10 шақты түрі болса, соның бірде-біреуінде азғын­дыққа қатысты жазалау жоқ. Өйткені ұлт тарихында мұндай кездескен емес. Бізге педофилдік қайдан келді? Меніңше, кеңес үкіметі тұсында адамдарға аурудың алдын алады деп түрлі екпелер салдырды. Осы вакцина біздің генді, руханиятты, тектілікті құртатын  екпе болуы мүмкін. Өйт­кені, содан кейін ғана біздің елде педофилдер бой көрсете бастады. Мұндай маз­мұн­дағы пікірді, айтыптауларды белді ғалымдар да айтып жүр. Бұл ұлттық болмысқа жасалған қастандықтың  бірі  болуы  ықтимал.

Сондай-ақ, бұған қоғамның жа­лаңаш­тануы да әсер етеді. Мәселен, әйел адамдардың тым жалаңаштана киінуі ер адамның құмарлығын азайтады. Яғни, әйел адамға құлшынысы азая­ды. Айталық, жабық тұрған көлік пен ашық тұрған көліктің қайсысына қызығасың. Әрине, жабық тұрғанына. Сондықтан әйел, қыз-келіншектеріміз жабық киініп жүрсе, ер адамның құмарлығы балаға не өз жыныстасына ауыспайды. Бұл Лұт, Нұх қауымдарында болған. Сондықтан осы қауымдарға Алла тағала үлкен нәубет жіберген. Нұхтың қауымына белгісіз ауру келіп қырылса, Лұттың қауымы отты тастың астында қалды. Сол секілді мысалдарды да мұны зерттеуші ғалымдар на­зарға алғаны дұрыс, – дейді журналист.

Қаршадай қызға қыр көрсету, әрине, адами қасиеттің шекарасына сыймайды. Жаза басып, түрмеге қамалғандар түзеліп шыға ма? Түйінді мәселенің төркіні осында ма деп ойлаймы­з…

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ


Жеңіс  ӘБИБУЛЛАҰЛЫ,

облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің 

наиб  имамы, «Кеңес  беру» орталығының  меңгерушісі:

– Соңғы  кезде  жас балаларды зорлау фактілерінің жиілеп кетуі қоғамда үлкен алаңдаушылық тудыруда. Осыған орай, 2015 жылы Алма­тыда өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің  ІX отырысында қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі педофи­лдікке қатысты пәтуа шығарылған болатын. «Педофилия» деген сөз балаларға  болатын  жыныстық­ құштарлықты білдіреді. Біреулер оны туабітті ауру, психикалық бұзылу, көптеген жыныстық ауытқулардың бірі деп есептесе, басым­ көпшілік оны азғындық деп біледі. Бұл ауруға  шал­дыққан адамды педофил (сәбиқұмар) деп атайды. Ол үйленген де, жал­ғызбасты да болуы мүмкін. ҚМДБ-ның пәтуасында: «Ислам діні адамдарды мейірімділікке, рақымдылыққа бұйырады. Мейірбандылық қазақ халқының мәдениет­і мен салт-дәстүрінде ерекше орын алып, ажырамас бөлігіне  айнал­ған. Ал, қоғамның тыныштығын  бұзатын  қылмыс пен арсыздыққа Алла тағала қатаң түрде тыйым салады. Алла тағала Құранда: «Жер бетінде тыныш­тық  орнағаннан кейін бұзақылы­қ жасамаңдар» («Ағраф» сүресі, 56-аят), «Алла бұзақылық етушілерді сүймейді» («Мәида» сүресі, 64-аят), – деген. Қазіргі қоғамда кездесіп жатқан балиғат жасына жетпеген сәби балаларымызды торуылдап, қолға түсіріп, артынша жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлеу, яғни педофилдік осы аяттар ұғымындағы бұзақылық, арсыздық ұғымына­  кіреді. Құран Кәрім аяттарына түсініктеме берумен таныл­ған әйгілі табиғин Мужаһид­ «жер бетінде бұзақылық жасаушы­ларға» деген сөзге «Бұзақылық: ол зина жасау, ұрлық жасау,­ адамдарды өлтіру, ұрпақ пен егістік жерлерді ойран ету, құрту»  деп  түсініктеме береді. Бұл сорақы қылмыстың мынадай зардаптары  бар:

1. Бұл әрекет баланың еркінен тыс, әрі қорқынышты іс бол­ғандықтан баланың дұрыс жетілуіне үлкен кедергі тудырады. Бәлки өмір бойы құтыла алмайтын жыныстық ауруларға душар болуы  мүмкін.

2. Баланың психикасына әсер етеді. Бала айықпас психология­лық дертке шалдығуы мүмкін.

3. Отбасының беделіне, абыройына үлкен нұқсан келтіреді.

4. Келер ұрпақтың болашағына балта шабады.

Ал егер мұндай сорақылыққа барған қылмыскер құрбандығын өлтірер болса, жазасы арта түседі. Оның шариғи жазасына тоқтала­тын болсақ, адамзат баласының жаратылысына қайшы, әрі ауыр қылмыс болғандықтан жазасы да өте ауыр. Қорыта келе, мұсылман ғалымдары педофил қылмыскерге қатысты ауыр жаза (өлім, т.б.) үкімдерін шығарған. Алайда Қазақстан Республикасы зайырлы, құқықтық мемлекет болғандықтан, педофилдік қылмысқ­а шариғат үкімдері емес, қылмыстық құқық көдексіндегі  жаза  түрлері  беріледі», – делінген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: