Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оқулықтағы олқылықтар қашан оңалады?

01.10.2020, 11:30 866

Қанша жыл өтсе де, оқулық бетіндегі қателермен әлі күнге дейін алысып келеміз­. Кітапты немесе авторын кінәлі санап, жарқ етіп жағымсыз жаңалық шығарамы­з. Рас, кейде ата-аналар оқулықтағы логикалық тапсырмаларға түсінбей, түймедейді түйедей етіп жатады. Дей тұрғанымен, көп қатесі бар, көк қатесі бар оқулықтар да мектепте оқытылып жатыр. Сапалы кітап дайындауға шамамыз жетпейді емес. Мықты мамандар да бар. Осы орайда, ел көкейіндегі сұрақ пен жауапты бірге берсек дейміз. Өйткені, БАҚ – тәрбие құралы. Газет мәселені қалай көтерсе, шешімін де солай жазады. Сол секілді, кейде өзекті сауалды­ ортаға тастап, ойлы оқырманға орын береді. Бұл жолы біз маңызды мәселе­  болғандықтан, қос тараптың  пікірін  жариялап отырмыз. Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекованың пікірі  журналист Жанарбек Әшімжанға берген жауабы­  емес  екенін  де  айта  кетейік.

Оқулықтағы олқылықтар қашан оңалады? Бұл – барша көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың сұрағы. Оқулықтағы олқылықтардан оқушылар опық жейтіні анық. Біз бұл жерде тек ғана орфографиялық қателерді ғана айтып жатқан жоқпыз. Мұнда тұтас ұлттың тарихы, кемелденуі жат­қанын  ұғыну  керек. Өйткені, оқулық  та – идеология  құралы.

«Халық» газеті






Жанарбек ӘШІМЖАН,

«Ана тілі» газетінің бас редакторы:

«Баспалар тек дайындалған өнімді шығарып беруші ғана болу тиіс!»

– Оқулық жазу ісін жекелеген баспалар монополияға айналдырып алғаны ешкімге жасырын емес. Заманында оқулықпен екі баспа – «Мектеп» пен «Білім» ғана айналысатын, бірақ ол кезеңде тапсырыс беруші баспаның өзі ме, министрлік пе, есімде жоқ. Қазіргі күні оқулық жазу ісі толықтай баспалардың құзырына өткен, бар гәп осында… Тапсырыс беруші де – баспаның өзі. Оқулық жазатын мамандарды да жасақтайтын – баспа. Бұл қаншалықты дұрыс? Мұны зерттеген жан бар ма? Сауал көп… Білім министрі осы бағытта терең, өте терең ойлануы керек.

Мамандардың айтуынша, кеңес уақытында оқулық жазуға тапсырысты Білім министрлігі беретін. Сараптау комиссиясы да еліміздегі ең білікті, тәжірибелі мамандардан құрылған. Барлық жауапкершілік бір ғана тарапта. Бізге жеткен ақпарат бойынша министрліктің жанынан құрылған сараптамалық комиссияны мұқият қарау керек. Комиссия мүшелерінің әрқайсысына баспалардың ықпал-әсері дегенді пышақ кесті тию керек! Құрамды әділетті, майлы жілікті ұстап отырған баспа жетегінде жүрмейтін білікті мамандардан құру керек. «Бармақ басты, көз қысты» дегенді дәл осы білім саласынан түбірімен жою қажет. Бұл – біздің ұрпақтың тағдыры! Білімді ұрпақ – мемлекеттің тірегі!

Оқулық жазуға тапсырысты Білім және ғылым министрлігі өзі беруі керек! Еліміздегі оқулық жазатын ең білікті мамандарды өздері жасақтауы қажет. Баспалар тек дайындалған өнімді шығарып беруші ғана болу тиіс! Осы мәселеге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырза жіті назар аударады деп сенемін!






Майра МЕЛДЕБЕКОВА,

Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы:

«Баспалар  оқулықтағы  қателерді  өз қаражатымен  реттейді»

– Соңғы кездері оқулық мәселесіне қатысты әртүрлі пікірлер болуда. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі оқулық даярлау ісінде зиялы қауым өкілдері мен білім саласының білікті мамандары, ата-аналардың талап-ұсыныстарын ескере келе, оқулықтардың сапасы мен мазмұнын арттырудың жаңа жүйесі енгізілуде. Яғни, оқулық шығаруда баспаларға ортақ талап күшейді. Біз қазір қарқынды жұмыс жүргізуді бастад­ық. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзір­леу мен сараптама жүргізу ережелеріне бірқатар өзгерістер енді. Бұдан былай оқулық жазатын автор­лардың міндетті түрде оқулықтарды дайындау бойынша курстан өткен сертификаты болуы тиіс.

Биылғы жылдан бастап  баспалар оқулықтарды әзірлеуде оқулықтарды ауыстыру, кеткен қателер мен полиграфиялық кемшілікке жол берген жағдайда өз қаражаты есебінен кемшілікті реттейді. Мұнан бөлек, сараптаманың құпиялық режимі де сақталады. Оқулық жазу ісінде сарапшылар базасына іріктеу арнайы критерийлерге сай қатаң конкурстық негізде жүзеге асады. Сонымен бірге, қоғамдық-сараптамалық платформалар арқылы ғалымдар мен педагогтер оқулықтардың сапасын талқылай алады.

Әрбір ата-ана, әрбір оқушының оқулықтарға деген қолжетімділігі арта түседі. Себебі оқулықтардың электрондық нұсқалары Министрліктің интернет-ресурсына орналастырылып, кез келген уақытта ашық алуға жағдай жасадық. Бұл өзгерістердің барлығы оқулық шығарумен айналысатын баспалардың жұмысын күшейте отырып, жауапкершілігін арттыруға негіз болмақ. Оқулықтың мазмұны, форматы, шрифті сынды негізгі мәселелер жаңа өзгерістерге сай шығарылатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: