Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәселенің түпкі мәні неде?

23.10.2020, 9:30 592

HALYQLINE.KZ Жаңақорған ауданы, Аққорған ауылдық округі аумағында 30 гектар қураған егістік алқабы өртенді. Мамандардың сөзінше, егістіктің жерін күздік бидай дайындау мақсатында өрт қойған. Соңын салдарынан, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев хабарлағандай, 263 бас қой өліп, көмілсе, 685-і күйік шалғаны белгілі болды.

Әрине, өрттің себеп-салдарын құзырлы органдар анықтап, жазалы тарапқа тиісті шарасын көрер… Біз мұның түпкі шығу тегін анықтап, шешуге мән бермесек, осыған ұқсас оқиғалар тағы да қайталануы әбден мүмкін ғой!

Зерделеп қарасақ, дәл бұл оқиғаға жергілікті биліктің қатысы жоқ. Жарайды. Бұған еш дауымыз да жоқ. Бұл – айдан анық нәрсе. Негізгі проблема екі тараптың келіспеушілігінен болды дейік…

Бірақ қырдың қойы Сырдағы жайылымдық жерде жүр. Неге? Себебі мал көп. Жыл өткен сайын жайылымдық тарылып келеді. Қызылорда облысының төрт түлігінің үштен екісі Жаңақорған ауданында деген дерек бар. Рас. Қазір жаңақорғандық қалталылардың алдынғысында 50 мыңнан аса уақ мал бар. Оларға өріс тауда да, Сыр да тарлық етеді. Демек жайылымдықтарды кеңейту мәселесі біздің алдымыздан шығады. Мұны ауылдың маңындағы шамалы жермен реттей алмаймыз. Онсызда көп ауыл жекеге өтіп кеткен ауыліргелік жерлерді қалай қайтарып алуды білмей отыр. Енді не істейміз? Бұл – жаңалық емес. Қызылқұмды игеру керек. Бұл жерде тағы бас ауыртып, жаңалық ашу керек емес. Кеңес кезеңінен қалған із бар. Кезінде құдық қазып, қойшылардың қыстауы жасалған-ды. Сол жерлерді қайта жаңғыртып, Сырдың алқабында малын сыйдыра алмай жүргендерді сонда жіберсе. Бармай ма, өз кінәсі өзіне дегендей. Сонда Сырдағы диқан өз ісімен айналысып, қырдағы шопан өз малын бағып жүрер еді…

Ендігі үлкен мәселе – өнім өндіру. Әрі бұған мемлекеттік деңгейде мән беру керек деп есептеймін. Қазір қойдың жүні мен терісінің құны жоқ. Далада өртке ғана жарап тұр. Қандай капитал десеңші! Егер еті өңделіп, терісі иленіп, жүні ширатылып жатса, кәсіпкерлер малды 50 мыңдап ұстап несі бар? Малын шектік деңгейде ұстап, қалғанын өткізіп отырар ма еді?! Сонда жайылым таппай жүрген шопандар азаяр ма?!

Біздікі санадағы сан сұраққа бір жауап іздеу мақсатында ой қозғадық. дұрыс-бұрысын өздеріңіз де жақсы білетін боларсыздар…

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: