Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келешегіңді ойласаң, анимацияңды түзе!

08.02.2024, 12:00 271

Жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ұлағаты жаһанданған әлемде өзектілігін тіпті арттыра түсті. Қазір бала тәрбиесіне бүйрегін бұратын ата-әже азайды. Ал жұмысбасты ата-анада уақыт тапшы. Қазір жасөспірімдердің таным-түсінігінің қалыптасуында YouTube пен TikTok-тың ықпалы зор, оның ішінде шетел анимациясының шырмауы улы болып тұр. Мұхаңның сөзін бүгінгі заманның тілімен айтқанда, «Ел боламын десең, анимацияңды түзеге» саяды.

ӘЛЕМ  ТӘЖІРИБЕСІ  ҚАНДАЙ?

1832 жылы бельгиялық физик Жозеф Плато мульти­пликация саласына негіз салды. Ол бірнеше сурет жапсырылған дискіні жылдам айналдыру арқылы жүгі­ріп бара жатқан адам бейне­сін жасады. Сол уақыттан бері анимация өнер ретінде қалыптасып, даму жолына түсіп, балалардың өмірді тану құралына айналды. Франция анимациясының зерттеушісі Анн-Мари Гурдонның пікірінше, анимация жеке адамдардың мінез-құлқын өзгертетін күшке ие. Ресей  ғалымы  Ирина Шульга мультфильмдер балаға ғылыми-ағартушылық, рухани-мәдени тұрғыда әсер етіп, жақсы өмір салтын іздеу­де катализатор болатынын дәйектеді. Сондықтан келеше­гін ойлаған кез келген мемле­кет жасөспірімдерін сапалы контентпен қамтамасыз етіп, олардың санасына білім және мәдени құндылықтарды сіңіруге  күш  салады.

Әлемнің озық елдері – АҚШ, Германия, Франция, Англия, Жапония және Қытай анимация саласына стратегия­лық маңыз беріп, миллиондап, тіпті миллиардтап қаржы құяды. Шығыс Азия елдері – Корея, Жапония мен Қытай анимациясы ұлттық сипатта дамыса, Еуропа мен АҚШ-та коммерциялық бағытта бизнестің бір құралына айналды. Яғни әлем елдерінің ұстанымына сай анимация жанры әртүрлі болуымен ерекшеленеді. Мәселен, Ресейде балаларға арналған анимациялы фильмдер мен видеоөнімдерді идеология құралы ретінде пайдалану жақсы үдеріске айналды. Оның айқын мысалы, 2020 жылы Мәскеу билігі мультимедиа саласын субсидиялау­ға 300 миллион рубль бөліп, анимациясының саны мен сапасын арттыруға мән берді. Соның әсерінен болар, Ресей 2010 жылы 25 мың минутқа жететін мультфильм шығарса, 2020 жылы 55 мың минуттан асырды. Ресей жылына 200 сағат  анимациялық өнім ұсынса, Қытай 3 мың сағат эфир дайын­дайды екен. Ресми Пекин анимация саласына ерекше екпін беріп, өздері  өндірген анимациясының уақытын 300 мың минутқа жеткізіп, әлемде  бірінші орынға шықты.

Біздің балалар жат ел идеологиясының құрбанына айналып, өзінің ұлттық болмысына жат, санасына сай келмейтін өнімдерді тұтынуда. Өйткені біздің ел анимация саласында мақтана  алмайды.

АҚШ-та анимация индус­триясы жаһанды жаулаудың құралы, табысты болудың жолы ретінде қарастырылады. Disney студиясының өзі неге тұрады?! Әлем нарығына толық­метражды 200-ден астам өнім шығарған компания кей мемлекеттер тәуекел етпейтін қаржыны шығындайды. Мысалы, «Рапунцель: Запутанная история» толықметражды анимациясына 274 миллион доллар жұмсады. Есесіне Рапун­цельден 591 миллион доллар табыс тапты. Disney-дің тағы бір туындысы – «Моана»-ның бюджеті 175 миллион доллар­ды құрайды. Animation DC Universe анимациялық фильм­дерінің орташа өндіріс бюджеті 3,5 миллион долларға бағаланады. Одан бөлек, АҚШ-та Pixar Illumination, DreamWorks, Blue Sky Studios студиясының анимация нары­ғында  табысы  айтарлықтай.

ШЕТЕЛ  ЭКСПАНСИЯСЫНА  ҚАЛҚАН

Расында, шетелдің рухани-мәдени экспансиясынан қорғап, ұлттық иммунитетті көтерудің жалғыз жолы – ұлттық анимацияны дамыту. Бүгінгі жасөспірімдер мен жастар ертеңгі болмысымыз, келешегіміздің келбеті десек, алдымызда сапалы мультфильмдерді түсіріп, ұсыну міндеті тұрғанын жақсы  түсінеміз.

Мультимедиа тақырыбын қозғағанда, «Balapan» телеарнасынан айналып өте алмайтынымыз шындық. Шығармашылық ұжымның редакторы Әйгерім Балғабаеваның сөзінше, «Balapan» балалардың талап-талғамына сай аниме өнімдерін өндіруге мән береді. 2010 жылдан бері ел көлемінде шыққан отандық мультхикаяның 90 пайызы «Balapan»-ға тиесілі. Арна  ашылғалы 131 жобамен толықса, соның  105-і  соңғы  5  жылдың  үлесіне  тиеді.

Анимацияны 2D векторлы, 3 өлшемді компьютерлік, қозғалыс графикасы, қуыршақ түрінде жасайтын болса, қазір 3D модельдеуге сұраныс жоғары. 3D графиканы игерген инженер, IT маман Бағлан  Төлебай: «Германия, Франция, Англия, Қытай, Жапония, Корея және тағы басқа елдер мультипликацияға ұлттық реңк беріп, оны жаһандануға төтеп берудің жолы ретінде таңдады. Мәселен, жапондықтар жасөспірімдеріне салт-дәстүрі мен мәдениетін мультфильм арқылы үйретсе, АҚШ бұл әдіспен математика, география, физика пәнін оқытуды қолға алып, ағартушылық мін­детті қосты. Біздің ел «алдымен – экономика, сосын – саясат» тұжырымын ұстанып, ұлттық мемлекет ұстынын қолдамады. Соның салдарынан тарихтан тағылым алып, тарихи тұлғаларды мемлекеттік деңгейде насихаттауға мүдделі болмады. Егер шетелдің экспансиясына төтеп беріп, өркениет көшінде ұлт ретінде сақталып қалуды ойласақ, ұлттық анимацияға мемлекет­тік деңгейде мән беру керек» деп мультимедианың маңызын түсіндірді.

Қазір жасөспірімдер шетел анимациясын өзінің төл туындысындай тұтынып, қалың қазақ отыр­ған ауылдағы бесік балаларының тілі не орыс, не ағылшын тілінде шығуда. Бұл – шындық. Өйткені отандық анимацияда тың ой, жаңашыл жаңалық жеткізуі жағы кемшін. Бұрынғы сүрлеумен жүріп, күрделі, философиялы туындылар ұсынады. Балалар  мұндай  туындыға  қызықпайды.

Бұл ойымызды «Сақ» киностудиясының  режис­сері, белгілі аниматор Батырхан Дәуренбеков  қолдап: «Balapan» арнасының мультфильмдері қызық­сыз,  тартымсыз  деген  пікірді естиміз. Оның себебі – телеарналарда  анимацияға  қарайтын  қаржы  көлемі тым аз. Осы  себепті  кәсіби  сценарист пен талан­тты суретшілерді тарта алмайды, сосын сапалы өнім қайдан шығады? Үкімет анимация саласына көңіл бөлмей, Жаңа Қазақ­станды құруы қиын. Өйткені санасы азат, ойы еркін, арманы асқақ, қиялы шексіз жас буынды қалып­тастыруда мультимедианың орны зор, тіпті тәрбие құралы, идеология  қаруы  десе  болады»  деп  жауап  берді.

БАЛАЛАР  НЕНІ  ҚАЛАЙДЫ,  НЕ  КӨРЕДІ?

Қытай анимация қоғамы осы тақырыпта бас қатырып, әлеуметтік сауалнама жүргізеді. Нәтижесінде әзіл-қалжыңы аралас, үнемі қозғалыста бола­тын, динамикалы, бала тілімен сөйлейтін туындыларға сұраныс жоғары екенін анықтады. Қытай билігі көрілімді дүние дайындауда анимация орталық­тарына осындай талапты ескеруді ұсынып, сюжеті мен техникалық сапасын арттыруға мән береді. Міне, біздің аниматорлар да осындай мүддені ескергені  абзал.

Батырхан Дәуренбековтің сөзінше, қазіргі бала­лар тез қозғалатын, 5-6 секундта күлкілі элементі бар, өзінің дүниетанымы мен көзқарасына сай келе­тін дүниеге қызығады. Мәселен, «Қошқар мен теке» мультфильмінде бұзау қасқырды «абап» деп атаса, бұқа «әтәт қыламын» деп бала тілінде сөйлейді. «Қошқар мен текенің» 20 миллион қаралым жинауы – осы  себепті.

Ал IT маман Бағлан Төлебай шетелдік компаниялар мультфильм түсіргенде, режиссер, сценарист, суретші, IT маманнан бөлек, идеологтар мен психологтар, керек болған жағдайда, педагогтарды тартатынын айтты. Міне, Еуропа мен АҚШ-тың анимация өнімдерінің тартымды болуының бір сыры – осы.

Рас, шет елдер анимациясының түрлі түсті боя­уы қанық, кейіпкері шынайы әрі үнемі белсенді қозғалыста болады. Мұның бәрі IT мүмкіндігін мейлінше мол пайдалануынан көрінеді. Бастысы, Батыстың компаниялары анимациялы өнімдеріне музыкамен үндестік іздеп, оған танымдық элемент қосады.

Отандық анимация компаниялары түсірген мультфильмдердің сапасыз болуын «Balapan» теле­арнасының редакторы Әйгерім Балғабаева былай түсіндірді: «Елдегі мультипликатор маманын даяр­лайтын оқу орындары 2D анимациясы бойынша білім береді. Негізі, анимация нарығында 3D формат басымдыққа ие. Біздің мамандар заманауи трендтерді меңгеруде жеке курстарға сүйенеді. Екінші мәселе, сапалы өнім шығаруда отандық студиялардың техникалық базасын жетілдіруге көңіл бөлу керек. Өйткені өнім сапасы техникалық жабдықтың жағдайына тікелей тәуелді. Енді балалар не көреді, нені қалайды деген сұраққа келетін болсақ, алдымен эмоционалды интеллектіге сай келетін өнімдер дайындауға мән беру маңызды. Екіншіден, жас көрермендердің денсаулығы мен психологиясына  зардап  келмеуін  қадағалау  керек».

Біздің үйдің үлкендері «Көліктер», «Шрек», «Кунг-фу панда» және тағы басқасына қызықса, ортаң­ғы қыздарым YouTube-те «Like Nastya Vlog» каналын жүргізетін Настяның көрермені болды. Сөйтсек, Настя 20 миллионға жуық көрермені арқылы тұрақты табыс табады екен. Қазір кенжеміз қырғыз азаматтарының «Чикки, ча-ча, ля-ля, бум-бум» атты ролигінің ағылшын және орыс тіліндегі нұсқасын  көреді. Оған  басқасы  қызық  емес.

Шыны керек, шетел мультфильмдерінің көркемдік, мазмұндық ерекшелігі ұлттық болмыс пен мәдениетке сай келмейді. Мәселен, Ресейдің «Маша мен аю» мультхикаясында дамыл таппайтын немере атасының мазасын алып, жан-жағын жайпап жүргенін көресіз. Бұл жағдай орыс халқы үшін қалыпты жағдай болуы мүмкін. Алайда біздің менталитетке сай келе ме? Осы жағын да ескеруіміз керек.

ДАМЫТУДЫҢ  ЖОЛЫ  ҚАНДАЙ?

Сала мамандарынан сұрасаңыз, Үкімет қолдау көрсетпегендіктен, қазақ мультфильмдерінің саны мен сапасын арттыру мүмкін болмай тұрғанын алға тартады.

АҚШ-тағы студиялар 1 минут құрайтын анимация түсіруге 2-10 мың доллар, тіпті кей жағдайда минутына 100 мың долларға дейін жұмсайды. Қазақстандағы анимация компаниялары мұндай көлемдегі қаржыны шығындауға әлеуеті жетпейді, ал Үкімет болса сапалы контент дайындауға мойын бұрар  емес.

Қазақстан техникалық жағынан Disney, PIXAR және Қытайдың аниме компанияларынан 40-50 жыл артта қалды деген пікір де бар. Ресми Пекин анимация саласын дамытуда мемлекет пен жекеменшік қатынасты тең ұстайды. Ондағы анимация комитеті нарықты бақылап, конкурс өткізіп, тақырыпты белгілейді. Нәтижесінде сұранысқа сай мультфильмді түсіру жолға қойылды. Ресей Қытай тәжірибесін қабылдап, «Смешарики», «Маша мен аю» сияқты сәтті жобаларды жүзеге асырғанын айту­ымыз  керек-ақ.

Парламент  Сенатының  депутаты  Руслан  Рүсте­мов:

– Мәдениет және спорт министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірігіп, отандық анимация­ны дамытуда концепция дайындауы керек. Онсыз сала­ны қарқынды дамыту мүмкін емес. Ол үшін жоғарыда аталған қос министрлік «Кинематография туралы» заңда анимациялық фильм дайындауға қойыл­ған талап­ты қайта қарап, Мәдениет және спорт министр­лігінің басқару иерархиясында «Анимация өнері»  құрылымын  енгізу  аса  маңызды.

Екіншіден, зияткерлік еңбекке құнды мүлік ретінде қарап, олардың өндірген өнімінің нарықта баға­лануын қамтамасыз етіп, Ресейдегі «Союзмультфильм» секілді дербес Ұлттық анимация орталығын ашқан  жөн  деп  ойлаймын.

Үшіншіден, АСИФА-ға (Халықаралық анимация­лық фильмдер қауымдастығы) мүше болып, тұралап қалған анимация өнерін халықаралық ұйым арқылы қаржыландыруды жолға қойып, ұлттық  байқауларды  жүйелеу  керек, – деді.

Қазақстанда өте нәзік әрі күрделі анимацияның тағдырын тендерге байлап, бөлінген қаржыны жұлмалап, сосын туынды шығаруға төрт-бес ай уақыт береді, аяғында сапасыз туынды шығады. Қытайдың тәжірибесіне қарасақ, режиссер Ван Чуань өндіріс құны 13,5 миллион және прокат бюджеті 20 мил­лион доллар болатын «Квибаның жүз мың шұғыл ісі» анимациясын алты жыл дайындаған екен.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S: Қазақстанда 10 жыл  бұрын  анимация жасаумен айналысатын 1-2 студия болса, қазір олардың саны 20-дан асады. Олардың қатарында «Сақ», «Dala Animation», «Rio Production», «Astana film», «Anyz film», «77 ideas», «ASD production», «ALEM Animation», «New Media Studio», «Qazart media», «ARA Studios» және тағы басқа анимация компанияларының тәжірибесі мол. Демек, Үкімет тарапынан сапалы контент жасауға ниет болса, маманданған анимация компаниялары  табылады.

Коллаж ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: