Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дұрыс сөйлеп, сауатты жазып жүрміз бе?

16.07.2026, 6:00 19

«Қазақша сөйлеу керек» деп аһ ұрамыз, тілі түзелмегенді сынауға дайын тұрамыз. Жөн, әрине. Қазақ елінде қазақ тілінің әуселесі өзге тілден биік, қолданысы көбірек болуы тиіс. Аса ойлануды талап етпейтін дүние. Дегенімен де, сол «қазақша бес саусағымдай білемін», «қазақ тілінде бұлбұлша сайраймын» я болмаса «жазуым түзу» деп жүргендердің өзі біршама қателікке бой алдырып жатады. Әлеужелідегі кей пікірге көз салып, алдымен өз сөзін түзесе ғой дейсің. Оны қойшы, БАҚ өкілдерінің өзі «калькалатып» жөнсіз, мағынасыз сөздерді жазып жүр. Қымсынбайды. Бұрыннан келе жатқан, қанша адам тоқтатуға қимыл-әрекет жасаса да, өзегін жоймаған тенденция. Әр сөзді орысшадан тікелей аударып, жұлма-жұлмасын шығаруға құмармыз. Осылайша, ана тіліміздің қадірін қашырып, әлеуетін түсіріп жүргенімізде шаруамыз жоқ. Тіпті  бейқамбыз.

Жалпы калька ұғымына тоқтала кетсек, калька дегеніміз – қазақтың тіліне де, діліне де жат өзге тілден кірген керімсек сөз. Тілі бай қазақ сол бір калькаға құмартып алғалы қашан!? Әр сөйлеген сөзі, жазған жазбасы да – тұнған калька. Соның бірен-саранын талдап-таразылаймыз, осы саланы түбегейлі зерттеп-зерделеп жүргендердің көмегіне  жүгінеміз.

Негізі кальканы үзілді-кесілді қатеге санауға болмайды. Осы мәселені талай жылдан бері зерттеп жүрген сөзтүзер аудармашы, филолог Назгүл Қожабек солай дейді. Оның сөзінше, калька – дүниежүзінде бар тәсіл. Дегенмен, біздің елде ол қате аудару тәсіліне айналған.

Қаншама еңбектің түзу аударылып, қаншама мәтіннің жөнді өңделуіне сеп болған Назгүл Қожа­бек кальканың қазақтың өн бойына қатты еніп кеткенін ең алдымен Қазақстанның ұзақ уақыт отар ел болғанымен байланыстырады.

– Ғылыми стильде, ресми стильде жазуды місе тұтып, қазақ тілінің заңдылығы мен реттілігі ескерілмегендіктен, мүлде бөлек бір жасанды құрылым пайда болды. Сөйтіп, шын мәнінде қазақ тіліне  еш  ұқсамайтын, тіпті қарсы келетін тілдік формаларды  қолдан жасап алдық. Бүгінгі ресми тіл – қазақ тілінің өзінен алшақтап кеткен бөлек бір  «мемлекет»  сияқты.

Мұның себебі біреу: біз – отар елміз. Қаласақ та, қаламасақ та, бізде отарланған тіл бар. Оның табы тілдік жүйеде ғана емес, ойлау жүйесінде де жатыр. Баяғы Совет кезінде бақылау күшті болса да, тіл сақталды. Қазақ тілінің табиғи қалпын сол кездегі тіл мамандары қалай сақтай, қорғай алғаны – өз алдына бір феномен. Бірақ ол кездің адам­дары тілдің тазалығын, тұнықтығын сақтап қала алды. Ал 90-жылдардан бері біз сол тұнық тілді қолданудан қалдық. Жартылай орысша, жартылай қазақша – аралас-құралас, бірдеңеге айналдырдық. Қазір  қолданылып  жүрген қазақ тілі – шалағай  дүние, — дейді  ол  берген  сұхбатында.

Енді сіз-біз астарына үңілмей, еш қамсыз қолда­нып жүрген, шын мәнінде тұнған калька саналатын  сөздерге  тоқталсақ,  мысал  келтірсек.

Ең алдымен еске түсетіні – біраз уақыттан бері қате екені айтылып келсе де, тіл маман­дары «қолданыстан алу керек» деп айтса да, жауыр болған, айтылған сөздің де, жазылған мәтіннің де сұрқын қашыратын «болып табылады». Бұл тіркес – қазақ тіліндегі ең жиі кездесетін калька. Орыс тіліндегі «является» сөзінің қазақша баламаланған түрі. Тіпті, ескі Конституциямыздың өзінде аталмыш сөз тіркесі өріп жүрді. Тек жаңа заңнамамызда қателер түзелді делінгенмен, әлі де ізі қалған көрінеді. Ал оның орнын толтыратын қазақ тілінде қаншама сөз тіркесі бар. Мәселен, «саналады», «есептеледі» деп өзгертсек болады. Немесе сөйлемді мұндай тіркессіз-ақ көркем күйін­де қал­дыруға мүмкіндік бар. Мысалға, «Астана Қазақ­станның астанасы болып табылады» деген сөйлемді «Астана – Қазақстанның астанасы» деп еш  пафоссыз,  артық сөзсіз жобаласақ, айып емес.

Бұл қазір қолданылып жүрген калька сөздер­дің айсбергінің басы ғана. Аталмыш сөз тіркесі­нің калька екенін көзі қырағы қауым біледі. Білмейтін  калька  қаншама…

Сонымен қатар, соңғы жылдары қазақ тілінде -лық, -лік, -дық, -тық, -тік жұрнақтарының орынсыз әрі шектен тыс қолданылуы кең етек алды. Мәселе, жұрнақтың өзінде емес, орыс тіліндегі -ный, -ная-ларды механикалық аударудың құралына айналуында. Соның әсерінен «медицинал­ық университет», «жарнамалық агенттік», «қашықтықтан оқыту» секілді қазақ тілінің табиғатына жат, калька қолданыстары белең алды. Абзалы – «медицина университеті», «жарнама  агенттігі»,  «қашықтан оқыту» деу, жазу.

Филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыпов калькаға біржақты теріс құбылыс ретінде қарауға болмайтынын айтады. Ғалымның пікірінше, калька аударма тілдің мүмкіндігін кеңейте алады, алайда оның сәтті шығуы аудармашының шеберлігіне тікелей байланысты. Бұған бүгінде төл тіркеске айналып кеткен «Ештен кеш жақсы», «Асауға тұсау», «Көздің қарашығындай сақтау», «Лай судан балық аулау» секілді қолданыстар дәлел. Ал сәтсіз калькалар тілдің табиғи заңдылығын бұзады. Соның бірі – соңғы жылдары жаппай қолданысқа енген «суретімен бөлісті», «пікірімен бөлісті», «тәжірибесімен бөлісті» тіркестері. Профессордың айтуынша, мұнда көмектес септігі емес, табыс септігі қолданылуы тиіс, яғни дұрыс нұсқасы – «суретін бөлісті», «пікірін бөлісті»,  «тәжірибесін  бөлісті».

ТҮЙІН. Тілдің  дамуын  тек «қазақ тілінде сөйлеуіміз керек» деген ұранмен емес, «қазақша дұрыс сөйлеуіміз керек» деп те дәріптеген дұрыс. Қазақ тілінің қарыштап қарқын алуы – өз қолымызда. Ал ана тіліміз өзге тілден енген кірме сөздерге де, калькаларға да зәру емес.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: