Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балаңызды бақылап жүрсіз бе?

03.11.2022, 11:20 680

«Ауру – астан» деген бар. Жалғасын тақырыпқа қатысты болмаған соң жазбай отырмыз. Осы сіз балаңыздың не ішіп жүргенінен хабардарсыз ба? Айтқандай, алдыңғы сөйлемді «ішетін нәрсені жеп жатқанынан» деп түзетейік. Түсінікті болуы үшін басынан бастайық. Қоғамдық көліктердің бірінде мынадай жағдайға тап болдым. Артқы орындықта отырған мектеп оқушысы көпшілікке «юпи» атымен танымал ұнтақты жеп отыр екен. Бір уақытта әлгіні арнайы түтікше арқылы тауысуға тырысты. Көз алдыма бейне бір бейнероликтердегі жасөспірімнің есірткіге елігіп отырғанындай әсер қалдырды. Көп ұзамай қала сыртындағы бір мектептің жанынан оқушылардың дүкенге кезек-кезек кіріп, сыртында «энергетический напиток» деген жазуы бар затты алып жатқанына куә болдым. Үлкенін әңгімеге тартып, әлгі заттың бағасын сұрадым.

– Бұл дүкенде 50-70 теңге тұрады. Жаңа қарындасы­ма, ініме  және  өзіме  үшеуін  алдым.

– Зиян ғой, оны білесің бе?

Үндемеді. Сәлден соң:

– Тәтті ғой…

Мына заманда біреудің баласына ақыл айтуға да қорқасың. Бірақ, барынша ұғындырғандай-ақ болдым. Мұны үйде ата-анасы, мектепте мұғалімі, бәрі-бәрі  жан-жақтан  айтуы  тиіс.

– Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасында таралған түрлі химиялық ұнтақтар бар. Ол ұнтақтар, әрине, жеуге арналмаған. Біз оның қалай дайындалғанын, кім өндіргенін және құрамында не нәрсе барын толық білмейміз. Есесіне балаларымызға оны тұтынуға тыйым салмаймыз. Ұнтақ – химиялық зат. Яғни, оның құрамында бояғыштар, дәмдеуіштер бар. Адамның денсаулығына зиян екендігі айтпаса да белгілі. Әңгіме оқушылар арасында кең таралған «юпи» ұнтағы жайлы болып отыр. Бұл затты бір пайдаланып қойса болар еді, бірақ күнделікті және бірнеше мәрте қолдану тәуелділікке әкеліп соғады. Енді өсіп келе жатқан ағзаға бұндай жасанды дүниелерді пайдалану – өте зиян. Ол жас организмді түрлі ауруға әкеп соғуы да ықтимал. Дамуын, өсуін, қалыптасуын баяулатып, адам ағзасындағы фильтрлеуге қатысатын мүшелердің қызметін бұзуы да мүмкін. Сол себепті ата-ана тарапынан да қадағалау және ескертулер көп айтылуы керек. Аталған ұнтақты көп қолдану психикалық ауытқуларға да әкеп соғуы мүмкін, – дейді  Жастар  денсаулық  орталығының  психолог  мама­ны  Еркебұлан  Әбсамат.

Осы орайда біз облыстық білім басқармасы­ның тәрбие және өзін-өзі тану жұмыстары бөлімінің маманынан пікір алдық. Мектеп оқушыларының тамақтану орындарының бірі мектеп асханалары екені рас. Мектеп асхана­ларының апталық ас мәзірі білім бөлімдерімен алдын ала бекітіліп, білім беру ұйымдарына, мектептерге ұсынылады.

Мектеп әкімшілігіне сол ас мәзірінің сақталуын, балаларға зиянды заттардың асханаларда сатыл­мауын бақылауда ұстау бекітілген. Энергетикалық сусындар, құрамына әртүрлі қоспалар қосылған сулар мектептерде сатылмауы қатаң қадағала­нады.  Бұл – өз  кезегінде  өте  құптарлық  іс.

– Кейінгі кезде балалардың энергетикалық сусын­дар, құрамына әртүрлі қоспалар қосылған суларды тұтынуы бізді алаңдатады. Әрине, бала­ларды сапалы біліммен қамту – ол біздің басты міндетіміз, дегенмен, олардың дұрыс тамақтануы, дұрыс  өсіп-жетілуі де – мұғалімдердің, білім беру саласы  мамандарының  басты  назарында.

Сонымен қатар, балалардың дұрыс тамақтануын үйрететін, түсіндіретін тәрбие сағаттары тұрақты түрде өткізіледі. Қажеттілігіне қарай, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері, валеолог мамандардың қатысуымен «Дұрыс тамақтанудың жолдары», «Бала ағзасына зиянды тағамдар» тақырыптарында  ашық  сабақтар  өткізіліп  тұрады.

Байқасаңыздар, балалардың зиянды тағамдар мен энергетикалық сусындарды пайдалануы оқу процесі­нен тыс уақытта, яғни дүкендерде, ойын-­сауық орталықтарында көптеп кездеседі. Сондықтан, балалардың дұрыс тамақтануы мен жүріс-тұрысында ата-аналардың да жауапкершілігі  жоғары  болуы  тиіс.

Балалар – біздің болашағымыз. Әр баланың сапа­лы біліммен қатар, күшті, жігерлі, денсаулығы жақсы болып өскені мұғалім үшін де, ата-ана үшін де  қажет, – дейді облыстық білім басқармасы тәрбие және өзін-өзі тану жұмыстары бөлімінің басшысы  Берік  Пернебайұлы.

Бала денсаулығына алаңдайтын, бала тәрбие­сіне атүсті қарамайтын мамандардың пікірі – осы. Шынын айту керек, химиялық қоспасы көп, боя­ғыштары бар кез келген өнімнің адам ағзасына кері әсері болады. Ал, оны жиі тұтынудың сал­дары мүлде бөлек. Сондықтан, бұл – дабыл қағарлық мәселе. Ел болашағы сауатты һәм дені сау ұрпақ десек, бұған бейжай қарауға әсте болмайды.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: