Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудармадағы қазақ тілін қайтсек «қазақыландырамыз»?

29.02.2024, 11:20 215

Дұрыс аударма жасау – үлкен өнер. Тілдің нәзік сырларын білмей аудару мазмұнды жүдетеді, шығарманың екпінін, ішкі тынысын тарылтады.

Бауыржан  Момышұлы

Атқаратын жұмысымның негізгі бөлігі аударма жасаудан тұратын болған соң, нормативті-құқықтық актілерден бастап, қоғамдық-саяси, түрлі әлеуметтік салаға қатысы бар, ақпараттық мәтіндерді, публицистикалық мақалаларды, ресми ісқағаздарын аударуға тура келіп жатады. Сонымен қатар аударылған мәтінді тексеріп, түпнұсқамен салыстыру, редакциялау секілді жұмыстар да қатар жүріп жатады. Әдетте, аудару­ды бастамас бұрын, ең алдымен түпнұсқадағы мәтіннің құрылымына, мазмұнына үңіліп, жазу стилін анықтап алған дұрыс. Жалпы, бізде заң шығару, экономика, компьютерлік технология, ісқағаздары тілдерінің әлі де орыс тілінен аударма нұсқасы қолданылып жүргені жасырын емес. Оның себебі де әріде жатыр. Құжат атаулы 2000 жылдарға дейін тек орыс тілінде жазылып, оның ішінде құқықтық-нормативтік актілер орыс тілінен қазақ тіліне аударылып келді. Бұдан бізде қандай да бір құжатты ә дегеннен қазақ тілінде жазатын қай салада болмасын маман, қазақ тілінде іс жүргізушінің жеткілікті болмағаны немесе тіпті болмағаны, осыдан келіп белгілі бір жүйенің, тәжірибенің қалыптаспағаны көрініп қалады. Осы сарын, осы сүрлеудің сорабымен бүгінгі таңда ісқағаздарын, ресми құжаттарды, тіпті саяси-ақпараттық мәтінді де орыс тілінен сөзбе-сөз аударып, тұрған орнына сол күйінде жайғас­тыру  әлі  де  сақталып  отыр.

Аударма жасау барысында мәтінді сол аударма тілді тұтынушылардың дүниетанымына бейімдеу – аудармашыға қойылатын талап. Ендеше қазақша құрастырылған мәтіннің қазақы дүниетанымға орайластырылуы – аксиома болу керек қой, алайда мәтін құрастырушы бар ойын орыс грамматикасының қалыбына салады да, салдарынан ұлттық сөйлеу нормасына жат, қабылдауға ауыр сөйлемдермен құрастырылған мәтін шығады. Сөзіміздің өн бойында тілге тиек еткелі отырған мысалдар – белгілі бір сөз тіркесінің, сөйлемнің, түрлі фразеологизмнің бір тілден екінші тілге аударылған дәл көшірмесі, басқаша айтқанда түпнұсқа нысанының екінші тілде сөзбе-сөз қайталануын беретін калька әдісімен берілген аудармалар. Нақтылай айт­қанда, қазіргі қазақ мәтіндеріндегі калька әдісімен жасалған аудармалардан байқалатындай, бұл – өңі қазақ, тілі қазақ, бірақ ойлау жүйесі қазақ тілінің қазығына байланбағандардың «өнімі». Өзге тілге еліктеп «сөз арасын былғап» жүргендерден қазақ түсінбейтін қазақша мәтіндер дүниеге  келеді.

«Кіріспе сөзімізден» әрі қарай әңгіме ауанын аударуға келгенде ері ауып кете беретін өзіміздің қаракөз қазақ тілінің шалажансар күйі­не бұрайық. Әңгімені жарнамадағы қазақ­ша мәтіннен бастасақ, ондағы ерке­тотай баланың шалдыр-шатпағы секілді мәтінді, сөз тіркесін оқығанда «бір қайнауы кем болып тұр екен» дейсіз. Дәлеліңіз бар ма дейсіздер ғой, осы өзіміздің халық жиі ба­ратын Каспий банктің жұртшылықты несие алуға шақырған кезекті жарна­малық хабарландыруында «С пла­тежными каникулами» мәтінін ондағы «с» шылауынан ұзамай «Тө­лем каникулымен» және тағы бір нұсқасы «Төлем демалысымен» деп сөзбе-­сөз аударған. Осыны «Төлем – үзіліспен» немесе «Төлемдегі дема­лыс» мағынасының айналасында аударса дұрыс болар еді. Осы сарын­да «бірдеңе  айтқысы  кеп тұрған» келесі бір жарнамаға құлақ түрейік. «Қол бейнесін іздейміз  қолданбаның жарна­масы үшін. Жеңімпазға 150 000 теңге құрайтын келісімшарт». Мәтін – қазақша, құрастырып отыр­ған – қазақ. Не айтқысы келгенін автор ғана түсінбесе, басқамыз үшін ол жарнама –  «Ашылмаған  арал».

Ал енді аударғанда «мың бір атау, жүз бір теңеу» болып түрлене түсетін ас мәзірінің жайы күлдіреді де, қынжылтады да. Тағы да «қолда бар дерек­тер сөйлесін». Қаламыз­дағы бір тамақтану орнының ас мәзірінде үй жағдайында  да  жасай беретін «Селдь под шубой» салатын орыс тілінен «Пальто астындағы майшабақ» деп аударған. Жолыңыз түсіп сол кафеге барғанда қолыңызға ұстатқан ас мәзірінен осы «… майшабақты» оқысаңыз, қазақ тілінің қалай «қазақыланып» жатқанын түсінбей дал боласыз. «Күлдіре отырып күйдіретін» осы тектес мәтіндерді, сөз тіркестерін, атауларды көріп, аудармад­ағы тәжірибенің аздығынан болды-ау  деп  қоңылтақсимыз.

Ал енді қазақша ойлап, қазақша жазатын «кеңсе қызметкерлерінің» «авторлығымен» құрастырылған қызметтік хат, хабарландыру, есеп мәтіндерін, баяндамасын оқығанда «ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» деген сұрақ өздігінен сұранып тұрады. Сөзімізді тұздық­тайық: «Егер осы берілген жауаппен келіспеген жағдайда …», «Бағдарлама департаментпен әзірленген», «Аяқ астынан болған өрттің нәтижесінде екі кішкене баланы күйік шалып, ауруханаға жеткізілді», «… мәдени немесе табиғи мұраның кез келген объектілерінің зақымдануы немесе жоғалуының әлемнің барлық халықтарының игілігінің зиянды тозуын білдіретінін назарға ала отырып,», «құжат тап­сырғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тест тапсыру керексіз». Дұрысы – «… тест тап­сыруыңыз керек». «Ол орыс, француз және ағылшын тілдерін бала жасы­нан бастап толық меңгерді», «Ең алды­мен жерді пайдалану саласында тәртіп орнатып, жерді талан-таражға салу және жерді аздыру фактыларын біржола жою керек». Бұл сөйлемде «жерді» деген сөз үш рет қайталанады, сонан соң жерді аздыру деп емес, тоздыру деп алу керек. Өйткені «адам азады, жер тозады» деп айтылады емес пе? «Диқандар жаңа еңбек рекордын орнатты». Дұрысы – «… рекорд жасады». «Ол домбырада, гитарада ойнайды». Дұрысы – «… , гитара тартады». «Ол ағылшын тілінде еркін сөйлейді». Дұрысы – «… таза сөйлейді». «Бақытты кездейсоқтыққа байланысты ғана…» «Бақытты кездейсоқтығы» қалай? Қазақ мұндай жағдайды «Сабақты ине сәтімен деген­дей» немесе «Істің сәтін сала­йын десе» деп айтады. «Елеулі түрде мүдделік білдіреміз». Дұрысы – «Біз бұған барынша мүдделі болып отырмыз». Бұл сөйлемдердегі көзге ұрып тұрған орашолақтық  айтпаса  да  түсінікті.

Енді бір түсінбейтін, түсінсем де, екіұдай ойға жетелейтін тіркес – дағды болып, тарап, қолданысқа сіңіп кеткен «Тәуелсіздік жылдары», «Тәуелсіз­дік  жылдарында» тіркестері (бұл да орыс тіліндегі «В  годы  Незави­симости» тіркесінен аумай-төкпей аударылған «көшірме»). «Тәуелсіздік жылдары еліміз алыс-жақын шет елдермен экономикалық, дипломатия­лық байланыстар орнатып, өндіріс, өнеркәсіпке үлкен көлемде инвестиция тартты». Осы сөйлемді оқып отырып «Тәуелсіздік жылдары қыруар іс атқарылған болса, қазір қандай кезең, қандай жылдар?» деген сұрақ қылаң береді. Мұндағы мағына: «Еліміз өз алдына дербес мемлекет болған алғашқы жылдары …» екені түсінікті. Алайда, «Соғыс жылдары …», «Ашаршылық жылдары …», «Тың игеру жылдары …»  тіркестерін осы шақпен байланысы жоқ, өткен кезеңде атқарылған іс-әрекетпен, оқиғамен байланыстырып айтатын еді. Қазір де Егемендік жылдары, егемендік дәуір жалғаса береді деген үмітіміз бар. Осы тіркеске бір асықпай зер сала қарау керек  сияқты.

Тағы да тілімізге сіңіп кеткен, бірақ қазақ тілінің табиғатына келмейтін сөз орамдарын саралап кө­рейік. Мысалы, «Мұрнын тық­пайтын жерге тығады». Орыс тіліндегі «Сует нос, куда не надо» тіркесі. Тап  осы  мағынаны  беретін  өзіміздің тілімізде фразеологиялық тіркес бар – «Иығын тықпайтын жері жоқ». Сол секілді қазіргі күні келіншектердің әңгіме арасында «Қамыр қойып кеттім» деп жатқанын естіп қаламыз, ол да орыс тілінде «Поставила тесто» тіркесінің калька аудармасы, дұрысы «Қамыр илеп кеттім» болу керек. Тізе берсек, өз ана тілімізде де бар баламаларын былай ысырып қойып, орыс тілінің «кәлібінен» құйып алып жүрген сөз орамдары, тіркестер ауыз­екі  тілімізде  «өріп  жүр».

Қаладағы жеке кәсіпкерлік нысандарының ары-бері өткендердің назарын аударатын, көзге тартымды, түсінуге төте орыс тіліндегі атау­лар, қысқаша нұсқаулар жазылған тақтайшаларын көріп жүреміз. Сондай көзге таныс, жиі кездесетін, өзіміз жанынан өтіп бара жатып, бір оқып өтетін хабарландыру мәтіндерінің бір тобын да ой талқыға салайық. «Парковка запрещена», «Дом продается», «Мы открылись», «Не курить», «От себя», «Въезд запрещен», «С собой», «Место купания», «Сдается в аренду», т.б. Сонымен қатар, көрсететін қызметін, сататын тауарларын хабарлаған мынадай жарнама  мәтіндері  де  кездеседі.

Центр изучения английского языка.

Ремонт сотовых телефонов.

Комплексный обед / Доставка еды.

Покупка и продажа телефонов.

Самая высокая оценка.

Магазин мужской одежды.

Наши услуги.

Осы тіркестерді қалауын тапса, орысшасын он орап алатындай етіп қазақша жазып қоюға болмас па?

Енді бір көзге дұрыс көрінгенмен, көкейге орнықпай жүрген «К сожалению» тіркесін бірде «Өкінішке орай» деп аударса, енді бірде «Өкінішке қарай» деп аударып жатады, сондағы түпнұсқадан ұзатпай тұрған – «к» шылау сөзі. Аударма мәтіндерінде кездесетін осы тіркесті өзім «өкінішке орайластырмай да, өкінішке қарайластырмай» да «Өкініштісі сол …», «Бір өкініштісі …» деп аударып, осы нұсқамен түпнұсқа мазмұнды сақтау­ға болатынына көзім жетіп келеді.

Сонымен қатар түпнұсқадағы мәтіннің барлығы бірдей мағынасы анық, сауатты жазылған деп айтуға келе бермейтін жағдайлар да кездесіп қалады. Ондайда аудармашы алды­мен мәтіннің қай салаға қатысты құралғанына шолу жасап алғаны жөн.

Осы сияқты кейбір мекеме, ұйым атаулары да ол атаудың орыс тілін­дегі нұсқасынан сөзбе-сөз аударылған, ал ол сөз мекеменің құзыретіне сәйкес келе ме, әлде басқа мағына бере ме, зерделенбеген. Мысалы,

Жер қатынастары басқармасы – Управление земельных отношений.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті – Комитет уголовно-исполнительной  системы.

Бірінші атау, «… земельных отно­шений», сөзбе-сөз аударылған, бұл жерде бұл мекеменің айналысатын саласы – аймағымыздағы жайылымдық жер, тұрғын үйлер салуға бөлінген аумақ, жол салуға бөлінген аумақ, су құбырлары өтетін жер, пайдалы қазба өндіретін жер, электр бағана­лары өтетін аумақ, т.б. бөлінісін реттеу, қадағалау жүргізіп отыратын құзыреттілігін есепке алып, сол мағынаға сәйкес аудару керек еді.

«Дипломатиялық қатынас, туыс­тық қарым-қатынас, халықаралық қатынас», т.б. тіркестерде өз орнында тұрса да, жерді пайдалануға келгенде «қатынас» сөзі мүлдем үйлес­пейді.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті – Комитет уголовно-исполни­тельной системы. Комитет уголовно-исполнительной системы – сот үкімін орындау жүйесі бойынша жұмыс жүргізетін мекеме, қазақша нұс­қасын мағынасы мекеменің құзыреттілігінен хабар беріп тұратындай етіп аударған жөн болар еді. Тілімізде «қылмыстық іс», «қылмыстық жаза», «қылмыстық топ» деген тіркестер бар, бірақ «қылмыстық-және-ат­қару жүйесі» деген тіркес пен атынан ат үркетін комитеттің құзыреті үш қайна­са да сорпасы қосылмай тұр, түйін – «…уголовно-исполнительной …» тіркесі сөзбе-сөз аударылған.

Облыстық Ана мен бала орталығы, дұрысы: Ана мен баланың облы­стық  орталығы.

Қолымыз қалай көргенімізді солай жазуға дағдыланып кеткен енді бір сөз – орыс тіліндегі вы жіктеу есімдігінің қазақша сіз деп те, сендер, сіздер деп те аударылатыны белгілі. Орыс тілінде сыпайы мағынада сіз дегенді білдіретін вы тұлғасы бас әріппен таңбаланады да, сендер дегенді білдіретін вы тұлғасы кіші әріппен жазылады. Ал қазақ тілінде сыпайы қатынасты білдіретін, дербес сіз есімдігі бар, олай болса қазақ тілінде бұл есімдікті, әсіресе ресми хат мәтіндерінде бас әріппен таңбалаудың қажеті жоқ. Алайда, қазақша мәтіндерде сыпайы қатынасты білдіретін сіз, сізге, сізді, сіздің есімдіктерін бас әріппен жазу орыс тіліне қайырылып қарай бергеннен сақталып отыр, осыны тоқтату керек.

Жазба тілдегі атқа жайдақ мінген аудармаларды шамамыз келгенше екпінін басуға, жан-жағына қаратуға тырыстық. Енді өз айналамыз­да, күнде дерлік естіп, құлағымызға сіңіп кеткен қандай фразаларды, қандай сөздерді үлкеніміз де, кішіміз де тілімізден тастамай жүрміз, оларсыз айтар ойымызды бастамаймыз, экранға назар аударғандай, бағамдап көрейік.

Хорошо что, …

Прикинь, …

Хотя бы, …

Короче, …

Давай, …

Ужас, …

Кстати, …

Срочно …

Молодец!

Значит, …

Конечно.

Как будто …

Вообще-то …

Тем более …

Бұл тізбені жалғастыра беруге болады. Бірақ осы жерден аялдап, біздің тіліміздегі де мәністі, шұрайлы теңеу сөздерді, «айналасы жұп-жұмыр келе­тін» келісті тіркестерді ауызекі тілде­рінде, сөз арасында қолданатын өзге халықтар, өзге ұлттар бар ма екен, деп бір сәт ойлансақ, қысылсақ дейміз. Сөзімізді түйіндесек, халықаралық қатынас пен мәдени, саяси және технологиялық байланыс артқан уақытта аударма жасау да дәуірден қалыспайды. Интернеттің атырабын еркін шарлап, цифрлық технологияның жалына жармасқан, жасанды интеллектіні тізгіндеп алған қазақ тілінің халі аудармаға келгенде «жетім қыздың то­йындай» болмасын десек, аударманың сапалы болуын қадағалап, үздіксіз жүріп жатқан жаһанданудың ықпалымен тілдік қорымызға келіп қосылатын сөздерге, сөз тіркестеріне үлкен талғаммен қарайық, жасығын тастап, асылын  алайық!

Б.Байділдаева,

Қызылорда  облысының  қоғамдық  даму  басқармасы  «Қызылорда  облысының  тілдерді  оқыту  орталығы»  КММ-ның 

ағылшын  тілі  оқытушысы

Коллаж ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: