Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралға су келе ме?

20.10.2022, 11:20 350

Аудандық  «Толқын» газетінің №40 (21.05.2022 ж) санында осы тақырыппен  жарияланған  мақалаға  байланысты азаматтық пікірім мен  ұсынысымды  білдіремін.

Арал аудандық мәдениет үйінде өткен ғылыми-практикалық конференция­да Арал теңізін қалпына келтірудің түрлі тетігі сөз болды. Конференцияда кіші Аралды сақтап қалу өз алдына, тұтас теңізді қалпына келтіру мәселесі қозғалды. Мәселен, эколог жазушы Сайлау­бай Жұбатырұлы САРАТС жобасының екінші кезеңінде «Көкарал» бөгетінің биіктігін 51 метрге жеткізуді ұсынды. Ал ғалым Зауалхан Ермаханов «Арал теңізін қазіргі қалпында сақтау проблемасын шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасап, «Тұщыбас» көлі арқылы бөгет салу, ол жұмысқа Аралды қорғау қорының қаражатын пайдалану жолдарын ұсыныпты. Жастар көшбасшыларының бірі Құрмет Талапқазы күріш егуге мораторий жариялау ұсынысын қайталап, аңқасы кепкен Аралға Ертіс суын тартуға құбыр  алатын  қаржы  жинауға  бастамашы болу  ниетін  жеткізіпті.

Иә, теңіз десе ішкен асын жерге қоятын кешегі аға буынның тол­қынды Аралды аңсауының жөні бар. Кешегі 60-жылдары дүниеге келен біз де ағалардың соңынан ерген соңғы тұяқпыз. Шілденің шіліңгірінде ауыл іргесіне шуылдай соққан толқынның дыбысын, теңіздің әсерімен дірдек қақтырған таңғы салқынды, суға толы «Ақбидайық» көлін ұмытқан жоқпыз. Кеңес үкіметінің нұсқауымен экономикалық мақсатта теңізге жан кіргізіп тұрған қос өзенге бұғау салын­ды. Осындай жолмен теңізге қиянат жасалды. Зардабын қазір көріп жатырмыз. «Ештен кеш жақсы» деп теңізді толтырудың түрлі тетігі жасалды, жасалып та жатыр. Кешегі конференция да – соның бір талпынысы. Қанша қаржы, күш пен уақыт жұмсалды. Сонда да Арал мәселесі  түпкілікті  шешілген  жоқ.

Менің көңіліме жоғарыда айтылған ұсыныстардың ешқайсысы да қонып тұрған жоқ. Күріш егуге мораторий енгізген жағдайда осы егіс түрімен айналысып отырған қаншама шаруашылық, оларда жұмыс істейтін мыңдаған адамды қайда жібереміз? Ертіс өзенінің суын құбыр арқылы дарияға құю да – келешегі жоқ жоба. Ертіс – трансшекаралық өзен, бастауын Қытайдан алып, Ресей мемлекеті арқылы бізге жетеді. Трансшекаралық өзен суын бөліп пайдалану туралы халықаралық конвен­ция бар. Бұл ұйымға Қытай мүше емес. Бұл өз аумағынан өтетін өзен суын қалай және қанша мөлшерде пайдаланамын десе де өз еркінде дегенді білдіреді. Соңғы жылдары Ертіс суы деңгейінің түсуі – соның бір дәлелі. Сібір өзендері Ресей федерациясының меншігінде. Сырдария мен Әму бастауын тәжік және қырғыз мұздықтарынан алып, жолындағы үш мемлекеттің қажетін өтеп, қазақ жеріне судың жарытымсыз бөлігі ғана жетеді. Сонда кіші Аралды қандай сумен толтырмақпыз?

Осы теңіз мәселесіне байланысты менің мынадай ұсынысым бар. Дария­ның Арал ауданымен шектесетін ең жақын тұсынан Арал қаласына, яғни бұрынғы теңіз портына дейін құбыр бойымен су айдалса… Бүгінгі халықтың құтымен ойпатқа қарай төккен тамшы суын құбыр арқылы келетін мол суға неге айналдырмасқа?! Ары қарай Қосаман елді мекенінде жерасты тұщы су қоры бар. Бұл су Арал-Қазалы қалаларын елді мекендерімен қосып таза ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Арал ауда­ны негізінен мал шаруашылығымен ғана айналысады. Егістік жоқтың қасы. Себебі бізде ағын су жоқ. Ендеше, неге қалаға дейін жеткен дарияның суын құбыр бойымен аудан елді мекендеріне жеткізбеске? «Еділдің бойын ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деп, еңіреп өткен Махамбет ақындай тартылған құбырдың бойына жағалай ел отырып, егіншілікпен айналысса, мал бақса деймін. Су бар жерде тіршілік бар. Менің бұл ұсынысты айтуымның себебі бар. Өздеріңіз білесіздер, ауылдық  елді  мекендерде  халық саны аз. Есесіне мал саны он есеге дейін көп. Малға су керек. Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың «ең таза су – аралдықтарда» деп мақтаған суына мал ортақтасып отыр. Егер дарияның суы құбыр арқылы жетсе, ауылдардың экологиялық мәселесіне, яғни жақын өрістердің тозбауына, алыс өрістердің айналымға түсуіне, егін, бақша шаруашылығының дамуына, сөз жоқ, үлкен мүмкіншілік болар еді. Ал балықшы қауым ауын кетпенге, қайығын атқа айырбастап,  мал  бағып, егін  ексе… Тартылған  теңіздің  табанынан  босаған  жерге  сексеуіл  мен  жыңғыл  еге  беру  керек.

Жоғарыда айтқанымдай, тәжік пен қырғыз ағайынға дарияның суы мәселе емес. Егер ортақ өзендердің суын келісіп пайдаланатындай мүмкіндік пен ынта болса, кіші Аралды қазіргі деңгейінде ұстап тұруға болады. Барлығы биліктегілердің келісімі мен шешіміне байланыс­ты.

Қайрат  МЫРЗАТАЙҰЛЫ,

Арал  ауданы,

Қосаман  елді  мекені.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: