Қызылорда облысында 171 мәдениет, клуб үйі бар. Осы күні соның көпшілігі жарамсыз. Соңғы 10 жылда ауыл-аймақтарға жаңадан 33 клуб салынған. «Мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді» деп салаға жауапты басшылар сендіргенімен, бұл әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Тағы да қосып өтетін жайт, өңірдегі 14 елді мекенде мәдени іс-шаралар өтетін ғимарат та жоқ. Ал, Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылындағы клуб үйі 2013 жылдан бері апатты жағдайда тұр. Жергілікті билікке бұл мәселенің айтылғанына да 10 жылға жуықтап қалды. Алайда басшылар қаржы мәселесін сылтау етіп жаңасын салуға құлықсыз болып отыр.
– Әлі де 58 клубтың 22-сі апаттық жағдайда тұр, 22-сі бейімделген ғимаратта отыр. Және 14-інің мүлдем ғимараты жоқ. Биылғы жылдың өзінде 2 клубтың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр. Және 4 клубымыздың облыс бойынша құрылысын бастау жоспарлануда, – дейді Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында.
Өткен ғасырдың 60-жылдары асар әдісімен салынған ғимарат содан бері күрделі жөндеу де көрген емес. Бүгінде клуб деген аты ғана бар, әйтпесе талаптарға мүлдем сай болмай отыр. Бөренелері шіріп тұр, жаңбыр жауса төбеден су ағады. Қабырғасы сөгіліп, ғимараттың сұрқы қашып, сыртқы бейнесі де адам аярлықтай. Аядай жер әлі күнге дейін кантрамарка пешпен жылытылады. Оның өзі тозған, қырық жамау күйде тұр. Амалдың жоқтығынан ауылдағы өнерге құштар жандар осындағы үйірмелерге қатысуға мәжбүр.
– Бізге бұл клуб би билеуімізге таршылық етеді. 4-5 қыз бола қалсақ, сахнаға сыймаймыз. Бізге үлкен мәдениет үйі, клуб керек. Басқа ауылдардың мәдениет үйлері үлкен, соған қызыға қараймыз, – дейді оқушы Нұрай Құралқызы.
Ауыл тұрғындары жыл сайын әкімдердің есепті кездесуінде тозығы жеткен клубтың мәселесін көтеріп келе жатқандарын айтады. Тіпті, 2014 жылы 150 орындық мәдениет үйінің жоба-сметалық құжаты әзірленіпті. Бірақ, құрылысқа қаржы қаралмаған.
– 2013-2014 жылдары журналистік қызметпен ауылдың бұрынғы әкіміне жолығып, «Майлытоғайға мәдениет үйі қашан салынады?» деп сұрақ қойдым. Сол кезде мәселенің көп ұзамай шешілетіні туралы айтылған-ды. Одан бері 10 жылға жуықтады. «Баяғы жартас – сол жартас» екенін байқаймыз. Әрине, мәселе тек ауыл әкімінде емес екенін бәрі жақсы біледі. Жоғары жақтағылардың құлық танытпай отырғаны жанға батады. 2013 жылы апатты жағдайда деп танылған ғимаратта әлі күнге дейін жұмыс істеу қауіпті ғой, – дейді журналист Жазира Бағлан.
Былтыр 800-ге жуық тұрғыны бар Майлытоғай ауылына жаңа әкім сайланды. Ол өз кезегінде осы мәселе бойынша барынша жұмыс істеп жатқанын айтады. Сайлауалды бағдарламасында да «2021-2024 жылдары аралығында ауылдық клубтың салынуына барлық күш-жігерімді саламын» деген болатын.
– Үшінші мәрте осы клубтың құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге жұмыс істеліп, аудандық экономика бөліміне хат жолданды. Бұл бойынша аудан әкімдігі де және тиісті бөлімдер де хабардар, – дейді ауыл әкімі Жандос Әбенов.
«Майлытоғайға мәдениет үйі қашан салынады?» деген сұраққа нақты жауап жоқ. Ең бастысы, бұл жағдайдан Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбеков хабардар. Апатты жағдайдағы ғимаратта жұмыс істеп отырса да, майлытоғайлықтардың мәдениет саласындағы жетістіктері аз емес. Ауыл тұрғындары және мектеп оқушылары республикалық, облыстық, аудандық байқауларда жоғары жетістіктерге жетіп жүр. «Жаңа ғимаратқа көшсек, жетістік те молая түсер еді» деген арман-тілектері де жоқ емес.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!