Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұғалім мәртебесі – мемлекет мерейі

26.06.2020, 8:50 1240

HALYQLINE.KZ Ерте заманнан бастап ұлы мамандық иелеріне құрмет жоғары болған. Алайда тәуелсіздік жылдары мұғалім мәртебесі кенжелеп қалған еді. Себебі біріншіден, еліміз экономикалық даму жағына баса назар аударған болса, екіншіден, педагогтерді кез келген қоғамдық жұмысқа жұмылдырды. Нәтижесінде ата-аналар мен оқушылардың алдында беделінің төмендеуіне, оларды тыңдамауына, тіпті, қоғамдық орындарда ұстаздарды әжуа әзілдерге айналдыруға алып келді. Сондықтан, қазақ қоғамында мұғалім мәртебесі көкейтесті мәселеге айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 30 желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Ол заңда педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды себепсіз тексермеу қарастырылған. Бұдан бөлек педагогтерді қызметіне жатпайтын жұмысқа тарту, шамадан тыс есептілік, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу қамтылған. Сонымен қатар, мұғалімдердің балаларын балабақшаға орналастыруда басымдық беру, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауылда жұмыс істейтін педагогтерге жоғары жалақы төлеу, денсаулықтарын сақтау көзделген.

Көптеген жылдар бойы мұғалімдердің күткен арманы орындалды, мұғалімдердің құқығы артты. Сонымен қатар талаптар мен жауапкершілік те жоғарылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде сапасыз, білімсіз педагогтер бар екенін айтқан болатын. Яғни, мұғалім өзінің арының алдында таза, елінің алдында абыройлы болу үшін мұғалім мәртебесіне сай жауапкершілік пен талаптарын күшейту қажет. Заңнамада қарастырылғандай өзінің жеке дамуы мен оқу әдісін жетілдіруіне мүмкіншіліктер кеңейтілді. «Мектептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», – деп Ахмет Байтұрсынұлы мұғалімдерге үздіксіз білімдерін жетілтіру керек екендін ашып айтқан еді.

Қорыта айтқанда, «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі», – деген Мағжан Жұмабаев. Өйткені, президент те, әкім де, ғарышкер мен ғалым да және басқа да мамандық иелерін тәрбиелеп өсіреді. Сондықтан, бүкіл ұлтты тәрбиелейтін ұстаздарды құрметтеуіміз керек. Яғни, бұл – заңнама халық арасындағы абыройын арттырып, ұстаздардың құқығын қорғайды  деп сенеміз.

Қуандық ҮСЕНБЕКОВ,

№110 мектеп-лицей мұғалімі,

тарих магистрі

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: