Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біліктілікті арттыратын курстардың берері не?

14.03.2024, 12:20 126

Білім саласындағы серпіліс бәсеңсіді ме, халықтың педагогтерге деген ойы өзгерді ме, әйтеуір қоғам арасында оларға деген құрмет түсіп бара жатқандай көрінеді. Біздегі педагогтердің жұмысындағы шикілік оларға назар аударумен, жұмысын бақылап қадағалаумен аяқталып жатыр. Жылдың басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  барлық  мектеп  басшысы  мен  сала мамандарының басын қосып, білім саласындағы мәселелерді реттеуге арналған жиын өткізді. Ол жерде білімдегі былық, аймаңдай ақиқат ашылып, саладағы салғырттықтың себебі талқыланды. Аймақтың бас ұстазы сол жиында мектепке жалған дип­ломмен жұмысқа орналасқан ұстаздар тура­лы да сөз қозғады. Өзі қылмыс жасап мектепке орналасқан педагог балаларды қалай пат­риоттық пен шынайы болуға шақырады? Әйтеуір бет шымшып, ерін тістейтін жағ­дай жиілеген соң, көзге көрінбей жүрген тағы бір мәселенің барын айтқымыз келді.     Ол – біліктілікті арттыру курстарындағы кемшілік. Басы  былықтан  арылмаған салаға  жығылғанға  жұдырық  болу ойымызда жоқ. Әңгіме белгілі бір мектепке тікелей қатыс­ты да емес. Бірақ ұятты тірлік иелерінің әнтек әрекеті ел арасында ашық  талқылануы керек деген оймен оқшау ой білдіруді  жөн са­на­дық.  Әңгіме  мынада  жатыр…

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде мектеп мұғалімдеріне арналған түрлі курс туралы хабарландырулар қаптап кетті. «Біліктілікті арттыру» деген ұранмен іске асатын курстың тиімділігі мен асыра айтылатын пайдасы қандай? Мұғалімдер педагогикалық курстарға қатысып, расында білікті болып жатыр ма? Курстардың көздеген мақсаты не? Осы сауал қазірде көптің ойында жүр. Оған жауап беретіндер болмай тұр. Ата-аналар балаларына сабақ беретін ұстазының білікті, соңғы заманауи қағидаларды игергенін қалайды. Ал олар оны құжат жүзінде «сатып алып» жатқанынан бейхабар. Қағыс естіген жоқсыз, бізде кейбір біліктілікті арттыру деген – құжатты сатып алу дегенмен ғана сипатталатын  жағдайға  жетіп  отыр. Оған  бірнеше  себеп  бар.

Оның алғашқысы – біздегі ғылыми әлеуеттің әлсіздігі. Ол кейбір педагогтің шаруасын шытырлаған ақшамен шешуге әкелді. Айналамызда болып жатқан дүниелерге көз жұма қарауға мәжбүрміз, бірақ тілге тиек етпеу – көре тұра көрмедім дегенмен бірдей. Дәл қазір телефоныңызды алып, интернеттен «Ұстаздарға арналған біліктілікті арттыру курстары» деп іздесеңіз, ақысына курстың куәлігін беретіндер самсап тұр. Педагогтердің ендігі жұмысы соңғы заманауи мүмкіндікті игеру емес, курстың құнын төлеу ғана болып отыр. Сонда қағаз жүзінде біліктілікті арттырған боп саналасыз. Енді қараңыз, мектепке өзі жалған дипломмен жұмысқа орналасып, біліктілігін ақшаға арттыр­ған мұғалім кімге өнеге, кімге үлгі? Мектепті кімдермен байытып жатырмыз? Жалақыны көбейту үшін осы әрекеттерге барып жатқан мұғалімдердің құлқы қашан тояды? Айтпайын  десең…  ащы әңгіме  осындайда  туады  екен  ғой.

Мұғалімдерді біліктілікті арттыру курсынан өтті дейік, онда оларға не айтылады? Қазір мұндай санаттағы кейбір курста қатып қалған бюрократизм мен білімдегі баяғы саясат қолданы­лып келе жатыр. Өзіңіз ойлаңызшы, 2-3 ай біліктілігін арттыруға келген педагог осы уақыт ішінде тек ағылшын тілінен аздаған тапсырмалар орындап, өзі сабақ беретін пәнді еске түсіреді. Ал әдістемелік ерекшеліктерге басымдық беру қайда қалды? Оқушымен жұмыс істеуде оның психологиялық әлеуетін басқара алу деген дағдылар педагогтерге кері әсер етпейді ғой. Біздегі біліктілікті арттыратын кейбір курста бола бермейтін келесі кемшілік осы секілді. Көптеген курста әрбір мұғалімнің және оның сыныбының жеке қажет­тіліктері мен ерекшеліктерін ескер­мейтін стандартты материалдар мен әдістер ұсынылады. Бұл алынған білім мен дағдылардың  практикада қолданыл­мауына әкелуі мүмкін. Бұл да – назар­ға алынуы тиіс  қадам.

Кемшілік қатарындағы тағы бір дүние – тәжірибе мен қолдаудың жеткіліксіздігі. Кейбір курс практикаларды іске асыру және кері байланыс  мүмкіндігінсіз тек теориялық білімді ұсынады. Бұл оқытуды тиімсіз етеді және мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал  етпейді. Айтқымыз келген дүниенің бірі осы еді. Ешкімге пайда бермейтін құр сылдыр  сөздер  мен баяғыдан бері келе жатқан қатып қалған, өзгермейтін контекстер кімнің біліктілігін   арттырады?

Жалпы,  мектеп  мұғалімдерінің әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында еңбекақысын жыл сайын өсіруде. Білім саласының биылғы бюджеті 291 млрд теңгені құрап, екі жылда 67%-ға артқан. Бюджет 2021 жылы – 174 млрд теңге, 2022 жылы – 206 млрд теңге, 2023 жылы 278 млрд теңге немесе облыс бюджетінің 44,8  пайызын  құраған. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы білім саласының күрделі мәселелері талқыланған  жиында  айтты.

– Жыл көлемінде білім саласына бөлінетін қаржы көлемі едәуір ұлғаяды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен «Педа­гог  мәртебесі туралы» арнайы Заң  қабылданды. Соңғы  төрт  жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. 2020 жылы сала қызмет­керлерінің  табысы  орта  есеппен  215 мың теңге, 2024 жылы 430 мың теңге болды. 2023 жылғы қыркүйек айынан балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Бұл – ұстаздарға деген айрықша құрмет, білім саласына жасаған ерекше қамқорлық, – деді  аймақ  басшысы.

Қыруар қаржы қаралып жатыр. Дегенмен, оның оңды жаратылып жатқаны шамалы. Айтпақ­шы, біздің облыста педагог-шеберлердің үлесі тым төмен. Бұл да біліктілікті арт­тыру мәселесінің дұрыс шешілмегенін аңғартса керек. Осыған байланысты Асқарбек Темірбек­ұлы  бүй  дейді.

– Педагог кадрлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігі – білім беру сапасы көрсеткішінің негізі. Алда­ғы уақытта бала тәрбиесімен айналыса­тын педагогтердің сапалық құрамына ерекше назар аударамыз. Облыс бойынша педагог-шеберлердің үлесі өте төмен. Бұл өз кезегінде ұстаздарымыздың белгілі бір деңгей­ге жетіп, соны қанағат тұтып, ары қарай ізденбей, жеткен жетістігіне тоқмейілсіп, одан әрі кәсіби дамуды мақсат етіп қоймауының салдары, – деді облыс­тық білім  басқармасының   басшысы.

Айта берсең, кемшілік көп. Оны сала басшылары да растап отыр. Кейбір педагогтің біліксіздігі біліктілікті арттыру курстарына ғана емес, тәрбиеге, психологиялық, эмоционалдық дағдыларды дұрыс игермеуіне де байланысты.

Ел болу бесікті түзеуден басталады. Ал бесікті түзеу балаға берілетін білімнің түзу, заманға сай, академиялық жоғары дәрежеде болуымен өлшенеді. Ал сол дәрежеге жету үшін мұғалімдер дұрыс курс­тардың дағдыларын игеріп, ақшаға сатып алатын куәлікті емес, санаға тоқып алатын қабілеттерді бірінші орынға қоя білуі тиіс. Сонда бесік түзеледі, жастар білімді болып өседі. Ал жоғарыда айтылған жалған диплом мен жасанды курстардың куәлігін пайдаланатын мұғалімдер педагогикалық ұстанымды бұзып ғана отырған жоқ, елдің ез болатын түлектерін шығаруға  атсалысып  отыр. Бұл – оқшау ой. Келіспесеңіз, өз ойыңыз өзіңізде қалсын. Айна өзіңізді еш өзгеріссіз көрсете алады. Ондағы кескін дұрыс болмаса, айнаға өкпелеудің қажеті жоқ. Алдымен өзіңізді түзеңіз. Біз де қоғамдағы болып жатқан дүниені тура сол қалпымен өзіңізге көрсетуге тырыс­тық. Өзгеру – өз  қолыңызда.

К.ҚҰРМЕТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: