Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүректерге нұр құйған Нұргүл

07.03.2024, 10:00 83

Алтын жүректі ару Нұргүл Сақташқызы айдынды теңіз жағасындағы Арал қаласында  1991 жылы дүниеге келген. Анасынан жастай айырылып, оның асыл бейнесі мәңгілік сағынышына айналған. Ардақты әкесі Сақташ пен қамқоршыл ағасы Сәкен бүлдіршін қызды үлде мен бүлдеге орап өсіріп, өнер мен білімге құштар етті. Әр талабын қолдап отырды. Кейін  анасының  жоқтығын  білдірмей, өз  қолымен  ұзатты.

2007 жылы №83 орта мектептің 9-сыныбын бітірген Нұргүл Арал көпсалалы колледжінің «Электронды есептеу машинасының операторы» мамандығына оқуға түсіп,  2010 жылы диплом алып шыққан. Алайда айналасындағы адамдарға жан шуағын шашуды жаны қалайтын бойжеткен Алматы қаласындағы «Рахат» оқу орталығында оқып, «Кәсіби балалар массажы» мамандығын игерді.

Тәні дертті балалардың тез сауығып, саламатты өмірге тез бейімделуіне орасан көп еңбек етті. Қайсар да талапкер ол массаж жасау деңгейін көтеру мақсатында Астана, Алматы, Орал қалаларында кәсіби дағдыларын жетілдіріп, «Классикалық массаж», «Логопедиялық массаж» бойынша білімін көтеріп, сертификаттар алып, туған жерінде қызмет аясын кеңейтті.

Дертіне дауа іздеп, алдына келген науқастарға қол шипасын берді, сонымен бірге жылы сөзімен жүректеріне нұр құйған Нұргүлдің кәсіби жоғарғы деңгейі оны емделушілердің риясыз алғысына бөледі, түрлі марапатқа қол жеткіздірді. Арал ауданы бойынша «Жыл таңдауы – 2021» қорытындысында ең үздік шығып, «Массаж мастері» атағын иемденген. Ал 2023 жылы Орал қаласында «Super Star» шығармашылық орталығы ұйымдастырған республикалық жыл үздігін таңдау іс-шарасында «Үздік массаж маманы – 2023» атанды. Мамандығы бойынша мәртебесі асқақтаған озат маман «Арал – Ару Ана» қоғамдық бірлестігінің, «Ана үйі» қоғамдық қорының Алғыс хаттарына ие болды, «QAZAQSTAN ARDAGERI» қауымдастығы кеңесінің шешімімен Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалін кеудесіне тақты. Бұл марапатты Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Төреқызы Миразованың қолынан алғаны жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Өзі үшін ең жоғары саналатын бұл марапатты ол әрдайым мақтанышпен айтып отырады.

Табысты ана өз кәсібінің қас шебері ретінде 8 жыл ішінде он мыңдаған сырқат адамның тәні мен ағзасының дертін сылап шығарды, алдына келген 200-ге жуық үгуші болуға талаптыларды баулыды. Әрине, кәсіп иесінің табысты болуы оның жетік біліктілігіне, табанды еңбекқорлығына, ізденісіне, өз ісіне шынайы берілгендігіне байланысты екендігін санасына сіңірген ол алға қойған мақсатына сай үнемі ізденіп, жаңашылдыққа ұмтылып келеді.

Жүзінен мейірім төгілген Нұргүл Сақташқызы туған жердің бір перзенті ретінде аудандағы қайырымдылық іс-шараларына да жиі қатысып отыруды адамгершілік борышым мен парызым деп біледі. Өткен жылы ерекше балаларды, олардың қамкөңіл ата-аналарын қолдау мақсатында «Сен жалғыз емессің» атты іс-шара ұйымдастырып, тілеулестерінің  қолдауымен  мыңға   жуық    баланы қуанышқа  бөледі. «Бар  мейіріміміз – балаларға» атты іс-шараға «Арал аниматорымен» бірлесіп қатысып, жәутеңкөз балдырғандардың шаттығына шаттық қосты. 25 қазан – Халықаралық қарттар күні 25 еңбек ардагеріне дастарқан жайып, сый-құрмет көрсетіп, ақ батасын алды.

Ол алдағы уақытта да халыққа сапалы да шипалы массаж жасай беруді жалғастыра бермек. Массаж кабинетін заманауи талаптарға сәйкес жарақтандырып, қызмет ауқымын ұлғайтуды мұрат етеді. Оның   «Махаббат пен кәсіп – өмір құндылықтарының негізгі бөлшегі. Ал сүйікті жұмыс – махаббаттың ерекше түрі» деген ұстанымы бар. Осы айнымас қағидаты үнемі биіктерге жетелейді. «Әлем бізбен әдемі» атты кәсіп бастағалы жүрген қыз-келіншектерді қолдау мақсатында іс-шара ұйымдастырып, ол өзін тәлімгер ретінде де  танытып  жүр.

Нұргүлдің бойындағы жақсы қасиеттерді әріптестері былайша сипаттайды: «Ол – ерекше еңбекқор және де өзгелерге көмек қолын созудан тартынбайды. Ол – жолы ашық жан, адамдардың бәріне тек қана жақсылық тілейді. Өз білгенін ақыл-пұлсыз үйретеді, дастарқаны үнемі жаюлы, қонақшыл. Ғаріп жандарға садақа беруді ұнатады. Дос-құрбыға, ақшаға адал».

Нұргүл – өз ортасының қадірмені, әріптестерімен, айналасындағылармен жақсы сыйласады. Оның жұмыс кабинетінің ажарын өз еңбегінің жемісі ретінде алған әртүрлі Алғыс хаттары ашып тұр. Ал өзі ең үлкен алатын алғысым – науқастардың шынайы жеткізген ризашылығы деп біледі.

Арал өңіріндегі қоғамдық ортада белсенділігі, өзіндік көзқарасы, жақсы талғамы бар оны ауданда өтетін «Келіні жақсының керегесі алтын», «Бұрымды қыз», тағы басқа мәдени-көпшілік іс-шараларға әділқазылық, төрелік етуге және де демеушілік жасауға жиі шақырады.

Өз кәсібінің қалыптасқан белгілі шебері, тәжірибесі барынша толысқан, білімі мен білігін алдыға оздырған Нұргүл Сақташқызының жас ұрпаққа айтар өсиеті мынау: «Жастар, Сіздер келешектің кемел тұлғасысыздар. Отанды сүю отбасынан басталады. Жанұяларыңдағы бауырларыңды және айналадағы туыс-жақындарыңды жақсы көріңдер! Олардың әрқайсысына арқа сүйер болар тұлғамын деп біліңдер! Қарбаласы көп өмірде жаныңдағыларға, айнала ортаңа ізгілікпен қара, бойыңнан махаббат сезімін әсте өшіріп алма. Ата-анаңның қадіріне жете біл! Балалары жыламайтын, жанұяны сезініп өсетін бүтін отбасы болуды жауапкершілігіңе ал! Ата-ананың көзайымы болатын иманды ұрпақ өсір!».

Айдынды өңір аруы Нұргүл Сақташқызының осынау алдына келген әрбір жанға жанашырлықпен адал қызмет етсем деген асқақ та алғаусыз мақсат-мұраты жүзі сынық, жаны жабырқау жерлестерінің жүректеріне алтын сәуледей боп еніп, жандарын жадырата беретіні анық. Талапкерлігі мен іскерлігі, кәсіби біліктілігі мен ізденімпаздығы, қайырымдылығы мен мейірімділігі ерекшелейтін алтын қолды ару осындай жан!

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: